Бір айтқанын қайталай берді, сарнады. * Бала молда тотыша тақылдап, «алдым-алдымды» қағып, «қашан бітер екен?» дегеннен басқаны ұмытып кетті. Ж.Айм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТОПҚА САЛДЫ
Елдің талқысына салды; көпшілікке үлгі етті. ~ Жабулы қазан жабуымен қалсын демексің бе?.. — Төбелесті шаршы топқа салуға болмайды. Онда Ханзаданың сезімін жария етіп аламыз. Н.Сер. ~ Әй‚- деді бүлік биі Атбасардың‚ — Ел сені тектіміз деп топқа салды. Сен болсаң‚ текті болмай‚ тентек болдың‚ Тұрады басыңдағы бақ қашанғы… К.Мырз. ~ Падиша той қылыпты қырық күні, Таусылмас қанша берсе мұның пұлы. – Мынаны батыр болсаң жығып ал, – деп, Әпкелді топқа салар Қожамқұлды. "Ер Тарғын".
ТОПЫРАҒЫН БАСТЫРМАДЫ
Дұшпанның аяғын бастырмады. * Бұл — менің емес, көптің тілегі де болар. Маңғыстауды қу дала болса да, қолымыздан келгенше бір жауға топырағын бастырмаймыз. Өйткені бұл — туып-өскен, ата-бабамыз сүйегі жатқан жер. Тек сақ бол, ешқайсысын шашау шығарма. М.Әбдіх.
ТОПСАСЫ БОСАДЫ
Қабағы ашылып, көңілі жібіді. ~ Әлде топсасы босаған көңіл жидіген жүйкенің зырқ-зырқ пергілеген ауыр зеңбірегіне төтеп бере алмай, есеңгіреген шағында ықылас танытқан осынау мейірбан жанарды медеу көрді ме екен? С.См. ~ Қонақтың ең болмаса осы арада топсасы босауға тиіс еді. Қараса, былқ етпеген. Сұп-сұр, безеріп отыр. С.Ел. ~ Жоқ, — деді топсасы босап қалған Күлдәрі әлі де көне қоймай. — Сізбен кездесетінімді білмей, бүгін былай нелеу, ескі костюммен шыға салып едім. М. Мағ.
ТОПЫРАҚ АЙДАДЫ
Ажал айдады. ~ Ол от басымен бір аптаның алдында ғана осы ауылға көшіп келген еді, кеше қайтыс болды деп естідім, топырақ айдап келген екен -ау байқұсты. А. Қас.
ТОПСАСЫ БОСАҢ
Жеңіл мінезді. ~ Кісі киік емес еді, ұнатсын-ұнатпа- сын құрбыларымен қолтықтасып жүре береді. Сондай-ақ жарқын ашық мінезін біреулер басқаға жорып, оны топсасы босаң қыз атандырып өсекке танды. Ө.Кәр.
ТОПЫРАҚ БҰЙЫРДЫ
Марқұмның жерленген жеріне қатысты айтылады. ~ Қайтыс болған адамды қабірге жерлегенде, қабір басына барған адамдар жерлігіне қойылып жатқан сүйектің үстіне бір шым-шымнан топырақ салады. Мұны «көптен топырақ бұйырды» деп айтады. А.Сей. ~ Енді міне бір төмпек жер бетінде, Осы жерде алғашқы тербетілді. Туған жерден топырақ бұйырды да, Назекеңнің жамбасы жерге тиді. С.Назарб. ~ Шердиман Оспанұлы 1952 жылы күзде қызыл үкіметке бағынғанда, әкесінің сүйегін қайтарып алуды бір шарт етіп, батырдың мүрдесін Алтайдың Көктоғайындағы өз мекеніне апарып жерледі. Қан кешіп жүріп, қызғыштай шырылдап қорғаған қара мекенінен топырақ бұйырды. Ж.Шәк.
ТОПСАСЫН БОСАТТЫ
Жүрегін елжіретті, көзіне жас алғызды, көңілін босатты. ~ Дәу апаны кемпірлер алма-кезек құшақтап "Қандай-қандай күн болады, көре алмай кетсек бақыл бол!" десіп, аңырап, әндетіп жұрттың топсасын босатты. С.Елу.
ТОПЫРАҚ ЖАМЫЛДЫ
Қайтыс болды. * Шешесі қандай болса қызы да сондай, «шешесін көріп қызын ал» дейді». Топырақ жамылғанына он жылдан асқан анасы өмірі отбасы туралы сөз қозғап, «бір басыңды екеу қыл» деп айтпапты. Қ.Түм. ~ Неде болса бір жағында болам деп орыстарға арқа сүйеген Сүйінғараның қара жердің қойнына кіріп, топырақ жамылғанына да он шақты жылдың жүзі өтті. О.Көш. ~ Үмітін өзің кескенде, Талайлар топырақ жамылды. Сұлулык, сұмсың, зұлымсың,., Айыбың да емес ол сенің. Ә.Қайр.
ТОПТАН ОЗДЫ
Өз қатарының алды болды. ~ Әдемінің алдынан өте бергенде іркес-тіркес топтан оза шықты, және бір қыр көрсеткісі келді, көрсеткісі келді де, аттың басын қоя берді, қоя берді… Ә.Тар. ~ Сол уақытта сал Сегіз Толғап тұрып былайша Аттарын жайып, шалдырды: – Мен сері едім, сері едім, Сен топтан озған Кер едің… "Мақпал — Сегіз."
