Еш дыбыс жоқ, мүлгіген тыныштық. ~ Арада тас керең тыныштық орнады. Бұлардың айтамыз деген бұйымтайы түгелімен сарқылғандай. Ә.Ыб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТАС БАУЫР
Мейрімсіз; ешкімді жақын тартпайтын жат көңіл. ~ О, жасаған, басы жұмыр пендеге пейілі түсіп көрмеген осы мына тас бауыр дүниеден қайта-қайта іздеп тауып ала беретін жер бетіндегі бір ыстық ұясы. Кәрі көңіл маңдайы аумай тауып әкеліп тұр. Ә.Нұрп. ~ Мен кім? Мен бір малай, қойшы. Айғаным кім?.. Ол ма? Ол — Сағындықтың қызы, байдың еркесі. Ол мені неге аяйды? Ол неге әке- шешесі сияқты тас бауыр емес? М.Дәул.
ТАС КӨҢІЛ
Сезімсіз, мейірімсіз қатыгездік. ~ Жазылмайды сол себеп, Жазуымда — басқа жыр. Тас көңілге берер ме, Әсер атқан оғымыз. Шәк. ~ Қайтейін құр бейілді Қаңдырмаған мейірді. Арыстан Қайтсем жібір тас көңіл Үнемі маған зейілді. М.Әу.
ТАС БЕКЕМ
Берік, мызғымас. ~ Аруана бауырын жаздырмайтын тайғақ тағдырының бір тас бекем тұсауы сол. Сол бұғауды үзе алмай, арманға қарай, ағысқа қарсы жүзе алмай, аңсары азапқа айналғалы міне, бүгін алты күн. С.Дос. ~ Адамның алғашындағы тас бекем ойынан тез қайтуы да оңай емес қой, соны түсінген дәрігер Айнаны «уәдеңді бер» деп асықтырмады. К.Әлп.
ТАС ҚАБАҒЫ АШЫЛДЫ
Ашуы қайтты, көңілі көтерілді. * Таймас жақсы хабар әкелгелі бұл ойынан өзі де үміттене бастаған. Сол себепті ол соңғы кезде тас қабағы ашылып, дүниеге сәл күлімсірей қарауды шығарған. І.Есенб. * Ол Байтабын шапқан малды Ағыбай айдап келе жатқанын, Ожар екеуінің көштен бөлініп жақсы хабарды айтқалы бұрын жүріп кеткенін естіп болды да, жадырай түсіп тас қабағын қайта ашып: — Біраз шаруа бітіріп қайтқан екенсің, көп-көп алғыс, — деді, — Ожар осында ма? І.Ес. * Тек жалғыз көзді емес, екі көзді және сонау тас қабақты қоңырқай сұсты түсінде бір жылы шырайдың сазы білінеді. І.Ес.
ТАС БЕКІТТІ (БЕКІНДІ)
Жау алмастай қылып қорғады, мықтап жапты. ~ … сырлы еденді салмағымен сықырлата солқ-солқ басып есікке сенен бұрын жетті де, ішінен тас бекітіп, кілтті қалтасына салып алды. Ә.Нұрп. ~ … Шыңдубәннің бұйрығымен әскер орналастырып тастапты. Шың-Шыша шекарасы тас бекітілген еді. Т.Рыск. ~ Жел мініп Ақ сарайға жетсе, тас бекітілген қырық құрыш- берен есіктің алдында қырық күзетші. Т.Сәук. ~ Мұндай көзсіз дүлейлікті күтпеген жау мықтап абыржыса керек. Тас бекінген окоптың ернеуіне ажалдың тырнағы іліккенін көргенде, бойларын үрей билеп, бей-берекет қаша жөнелген. Т.Сәук.
ТАС ҚАБАҚТАЙ ТҮЙІЛДІ
Қаһарын төккен ашулы қалып. * Бұл кезде биіктен тас қабақтай түйіліп аққан ақ шегір қия бетте сідігін атып, қыржыңдап тұрған ақшуланға тас жағынан келіп сарт етіп түсіп, есін жиғанша екпінімен етекке қарай қағып алып жөнелді. М. Әуез.
ТАС БІТЕУ
Түк естімейтін, сезбейтін адам туралы. ~ Аға-еке-ау, мынауыңыз тас бітеудің өзі екен ғой! – деді бұл жыларман боп. – Түк білмейді. Ең аяғы Менделеев таблицасынан хабары жоқ! Т.Сәу.
ТАС ҚАЙНАТ (ҚАЙНАТҚАН)
Асқан пысық, іске жылдам, ұқыпты д.м. ~ Жазда бұлармен бірге мектеп бітірген бір қыз іңірде сиыр іздеп жоңышқалыққа барған екен, бір топ мас жігіт ұстап алып абыройын төгіпті. Сегіз жігіт екен. Тас қайнат, өжет қыз еді, ештеңеден қаймыққан жоқ. Т.Сәу. ~ Кейін үйлі- баранды болғанда, өткенді ұмытып, Жанмырзаға еріп үйіне барып жүрдім. Сыр білдірмейді, тасқайнат ғой. Қазір де жақсы араласып тұрамыз. О.Бөк. * Обалы не керек, кезінде тас қайнатқан, бұл күнде шау тартып, өзге түгіл, өзінің де тізгінінен айрылып қалған Сәкеңді Елтай іштей әрі мүсіркеп, әрі жек көрген. М.Қаб.
ТАРИХ САХНАСЫ
Белгілі бір тарихи өзгерістер орын алған (өтіп жатқан) жер, кезең. * Қазақ халқы дарындыларға қашан да бай келеді. ХІХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасыр көгінде тарих сахнасына шыққан жазушыларға қараңыз, қандай ірі, қандай сом жаратылысты жандар?! Қ.Ерг.~ Әр халықтың ояну дәуірі тарих сахнасына әр тұста, әр жағдайда келетіні мәлім. Мәселен, Италияның Ояну дәуірі бізден бес жүз жыл бұрын XV ғасырдан басталады. З.Қаб. ~ Осының нәтижесінде бір кезде бетіне жан қаратпайтын көшпенділер бірте- бірте әлсіреп, тарих сахнасынан ығыса бастады. «Дүние- кезек» дейтін бе еді қазақтар? Қ.Жұм. ~ Соғыс кезінде іргетасы шайқалып, 1917- жылғы ақпан төңкерісінен кейін ақыры құлаған патша өкіметі тарих сахнасынан кеткесін қазақ ұлты үшін өз тізгінін өзі ұстайтын әлуетті ел болу үміті оянады. Н.Қуан.
