Posted in

ТАР КЕУДЕСІНЕ СЫЙМАДЫ (ТОЛДЫ)

Көңілі алабұртып, жүрегі тулады, әлдебір сезім бүкіл бойын билеп алды. ~ Осынау, жиырманың жетеуіне келген жасында, тергеуі бар, түрмесі бар, өмірдің талай құқайын көрген еді. Бірақ, мынадай қиянатты әлі көрмеп еді. Тар кеудесіне сыймай жүрегі аунап түсті. Екі көзі ытырынып ұясынан шыға жаздады. С.Ел. ~ Өлең шумақтары асау өзеннің көк толқынындай бірінен соң бірі туып, бірін бірі баса–көктей, жер кемеріне сыймаған дариядай Жүсіптің де тар кеудесіне сыяр емес. І.Ес. ~ Талай жыл бойы тар кеудеге шүпілдей толған сағыныш селі өзіңді көргесін арнасынан асып, ақылдың әлсіз бөгетін бұзып кетті ғой. С.Дос.

Posted in

ТАҢЫ АТЫП, ТАУЫҒЫ ШАҚЫРДЫ

Күні туды. ~ Сенсіз де таңымыз атып, тауығымыз шақырған. Бізді әдімұлыққа жеткізбей-ақ қой. Қ.Найм. ~ Протокол хатшысы Өтеген мегзеп айтқан күдіктіні… үндеместі… үйдей пәлені… періште пішінді момақан қуларды маңайымнан қусам қайтеді деп тағы толқыды. Соларсыз–ақ таңы атып, тауығы шақырсын! Д.Дос. ~ Екеуміз асарымызды асап, жасарымызды жасадық қой… Енді бұл тірліктің бізсіз де таңы атып, тауығы шақыра жатар. Ә.Асқ.

Posted in

ТАПЫРАҚ ҚАҚТЫ

Бір орында тұра алмай, мазасызданды. * Белдеудегі қос торы ат тыпыршып тұр екен, бұлар аяқты үзеңгіге салғаннан тапырақ қақты. Б.Тоғ.

Posted in

ТАР ҚАПАС

Абақты, түрме, қамау. ~ Ел елдігін қылмай ма, жұрт жұрттығын, Қайран ел қатын болып қалады ма? Құдай-ау, құдіретіңе таң қаламын, Ішінде тар қапастың зарланамын. І.Жанс. ~ Игі істер үшін әзірмін Қиюға қасық қанымды, Бұл ара бірақ тар қапас, Саудагер кілең сабылды! Г.Гейн.

Posted in

ТАП-ТАП БЕРДІ

Тұра ұмтылды, шап берді, екілене тиісті. * Саурық көрсетпегенді көрсетті. Қыс демей, жаз демей оның малын баққаннан басқа біздің жазығымыз болған жоқ. Ол бізді ит жеккенге айдатам деп, тап-тап береді. Ә.Шәр. * — …Өшір үніңді, атаңа нәлет! Өшір! — деп жатты Қиқымбай әйеліне тап-тап беріп. С.Елу.

Posted in

ТАР ҚҰРСАҒЫН КЕҢІТТІ (КЕҢЕЙТТІ), ТАС ЕМШЕГІН ЖІБІТТІ (ИІТТІ)

Перзент көтерді; сәбиін бағып-қақты, әлпештеп өсірді. * Ақбілек жылай берді, жылай берді… Сорлы Ақбілек! Сен жыламай, кім жыласын? Тас емшегін жібіткен, тар құрсағын кеңіткен, аруанадай анаңнан айырылдың! Ж.Айм. ~ Алпыс басты ақ орда жатқа жем бола ма? Жер қайысқан қол келіп, ел саса ма? Тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібіткен аналар аңырап қала ма? Барлығы да келе жатқан кер заманда болуға мүмкін. М.Әу. * — Жалбыр балақ, саба құрсақ жаман қатыннан туғаннан құдай сақтасын. Тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібітіп, қыздан тусақ, несі айып? Ә.Кек. ~ Алланың қылған ісіне, Пенденің бар ма шарасы?! Тар құрсағын кеңейткен, Тас емшегін жібіткен, Ғұмырында көрген сәулесі — Кеткен соң жалғыз баласы! М.Ж.Көп. * Тар құрсағын кеңейткен, тас емшегін жібіткен тұңғышы Зейнепті емес, ұл баласын он бір жастан-ақ діңгек көріп, пана тұтқан ана сөзінің астарына үңілсек, қазақтық уыз қасиетті танимыз. Ж.Аяз. ~ Оның тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін иіткен Әкім ғой. Ж. Айм.

Posted in

ТАР ҚОЛТЫҚ

Ұрымтал тұс. * «Тауда болар тарғыл тас, Тарықса, шығар көзден жас. Тар қолтықтан оқ тисе, Шығады сүйеп қарындас. "Қобыланды б."

Posted in

ТАП-ТҰЙНАҚТАЙ (ЕТТІ, БОЛДЫ)

Әп-әдемі қылып жинастырды. * Лабораторияларды аралап көріп шықты. Бәрі өз орнында, тап-тұйнақтай. Артық тұрған ешбір нәрсе жоқ. К.Қаз. * Қазанның татарымын» — деп құран ақтарып отыратын шоқша сақал, шегір көз еркектің тап-тұйнақтай қора-қопсысының бұлар әбден есін кетіріп қобыратып бітті. І.Кек. * – Осы Асанның үйі қалай тап-тұйнақтай боп кеткен! Бұрын былықтау еді. С.Мұқ. ~ Бүгін де сол дағдымен үйін жинады. Ошақ басын сыпырып, тазалап тап -тұйнақтай етті. С.Ел.

Posted in

ТАР БЕЙІЛ (ПЕЙІЛ)

Іші тар, қызғаншақ, біреуге жақсылығы жоқ адам туралы. * — Құдайдың жері кең еді ғой. Тек тар бейілдан сақ болыңдар, ағайын. Бір Ақирек үшін есенәлі-әйдербектің жігі айрылмасын. Ертеңімізді де ойлайық. З.Шүк. ~ Жадыңа жайсыз орныққан естеліктің ескерткіш қуаты болады. Айтайын дегенім — Қасым дүниеден өткен тұстың және соған дейінгі тіршілік тәртібінің қатыгез, тар пейіл мінезін танытатын жәйіт. Х.Ерғ.