Posted in

ШЫБЫН-ШІРКЕЙ БОП БЕЗДІ

~ Ықсаным бірдеңе- бірдеңе деп ара түскендей күңкілдейді. Ә, қатынжанды жайрағыр! » — деп сабаумен салдым кеп. Ол да шыбын- шіркей боп безді. Содан екеуі менен қорқып екі күнге дейін үйге жолай алмай жүрді ғой. С.Мұр.

Posted in

ШЫБЫН (БИТ) ШАҚҚАН ҚҰРЛЫ КӨРМЕДІ (БОЛМАДЫ)

Елемеді, мән бермеді. * Қазақтың мұң-зарын шыбын шаққан құрлы көрмеген Жин Шурын үкіметі істі сұраусыз қалдырады. Ж.Шәкен * Әншейінде оның үйреншікті ауруын шыбын шаққан құрлы көрмейтін Жайынбай тобығына тобығын соғып сейфке қарай жүгірді. Е.Абдулла * Алдындағы азын-аулақ ұсақ пен жалғыз сиыр маңырап- мөңіреп колхоздың қорасына қарай айдалғанда шыбын шаққан құрлы көрмеген. Т.Сәу. * Кемпірден бұрын денесі күйіп- жанып, ұйықтай алмаған келіншек жаны жай таппай алағызып далаға шығып еді. Шымыр аязды шыбын шаққан құрлы көрмеді. Ү.Жәл. * Түбің түскір осы ұстамды мінезі құртты ғой Ақбергенді! Ұзақты күн ит пен мысықтай ырылдасып жатса, бұған да әйелдің кезекті сандырағы ғой деп сүлесоқтау ғана қолы бір сілтер еді, турасына көшкенде оны бит шаққан құрлы көрмес еді. Қ.Жиенб. * Қозы қарын қарадомалақ сөзінің шыбын шаққан құрлы әсері болмаған соң әркімге бір бағжаңдап қарай бастады. Ж.Шаштай.

Posted in

ШЫБЫН (МАСА) ШАҚҚАНДАЙ (ШАҚҚАН ҚҰРЛЫ) КӨРМЕДІ

~ Оған дейін уыт жайлаған тұстан басталған от бүкіл денесін орап алған еді. Жаңағы піспекті ол шыбын шаққандай да көрмеді. З.Төл. ~ Ыза қысты бойымды. Бұрын ондай қалжыңды шыбын шаққан құрлы көрмей дік-дік басып кете беруші едім. М.Қаб. ~ Келе сала, ал кеп әкемнің арқасына кішкентай жұдырығыммен түйгіштейін. Шыбын шаққан құрлы көрмейді. Ш. Мұр. ~ Таң атқалы айтқан көп сауалының неге ешқайсысына жауап бермейді? Неге мұның сөзін маса шаққандай көрмей бедірейіп тыңдайды. Ә.Кек. ~ — Өте түсінікті,— деді Әшір. Қотыр тілді, қырсықтау жігіт іліп түсті. Прораб оны маса шаққан құрлы көрмеді. М.Қаб.

Posted in

ШЫБЫН ЖАН

Тірлік көзі, өмір д.м. * Қиналдың-ау, шыбын жан, Тоқталсайшы, ыстық қан! Тұлпарға мініп бір шапсам, Болмас еді басқа арман! М.Жұм. * Талай мәрте ішіліп шырын қаным, Тайдай тулап есімде шыңғырғаным. Кереңдердің торына түсіп қалып, Шырылдаған торғайдай шыбын жаным. Р.Ниязб. * Ендеше оны тіршілікке ынтазаретіп қойған не нәсте? Ол не өзі? Шыбын… Оны… Тоқта, ол әлде шыбын жан ба? Шыбын‚ шыбын жан… Апырау, кеше ағасы да сол үшін не шатқалаңнан өтпеді? Б.Алд. * «Ә, солай ма екен? Әр тіршілік иесі үшін ең қымбаттысы – ол шыбын жаны емес пе еді?! Сол шыбын жанды аларда қабағыңды да шытпайтын едің ғой. Қалай екен, қандастарың қанша рет әрекетіңе қарсы тұрғанда тыңдадың ба? К.Сег.

Posted in

ШҮЙ (ШҮЙДЕ) ЖЕЛКЕ

~ Сайқын мен Ақмоланың арасы ит өлген жер. Оны не ғып білмедіңіз, – деді Меруерт. Даусы сыңғырлай әсем шықты. – Оттамай, тыныш отырсаңшы, – деді шүй желке байы шүңірек көзін сүзіп. – Сайқын мен Ақмоланың арасын Сәкеннен ұрғашы артық біле ме? Келіншек төмен қарады. Т.Әл. ~ Жылы сөз шырағым, деп айтар жан жоқ, Жүргенін ескереді жатта қойшы. Анау бай жуан қарын, шүйде желке, Қолында ақ таяғы тұрып ерте: «Атаңа нәлет, ит–ау, тұрсайшы!» деп, Бүйірін ауыртады түрте–түрте. Б.Май.

Posted in

ШҮРЕН АТТАП, ШҰРҚАН САЛДЫ

* Қайың сауу қалың қазақ алғаш мың жеті жүз жиырма үшінші жылы қалмақтар шабуыл жасап, сүрен аттап, шұрқан салып, тұлымдыны тұл, айдарлыны құл етіп, қазақ шығарға өр, кірерге көр таппай, бет-бетіне тентіреп кеткенде болды. Б.Қыдырб.

Posted in

ШҮЙДЕСІ КӨТЕРІЛДІ

* Қайта творчестволық шүйдесі бұрынғыдан көтеріліп, шабыт қанаты қомдалып, толқын атқан жүректен бір кесек туындыны жарыққа шығарамын деп талпынады. А.Жұбанов.

Posted in

ШҮЙІЛЕ АҚТЫ

Тігінен төмен қарай ұшты. * – Ешкішек – Іле өзені бойын мекен еткен торғай аты. Көктем айларында осы торғай әуелеп аспанға шығып алады да, екі қанатын қомдап, жерге қайта шүйіле ағады. Сол кезде ол дыбыс шығарады. Оның дыбысы маңыраған лаққа ұқсайды. Осы дыбысқа орай бұл торғай «ешкішек» атанған. Ешкі сияқты, ешкі секілді, ешкіге ұқсас деген ұғымдарды береді. Түлкішек, ешкішек деген сөздердегі «шек» жалғау сахалар мен қазақтарға ортақ ұғымда болып тұр. Ж.Баб.

Posted in

ШҮЙКЕ БАС

Қыз-келіншек, жас әйелдерге қатысты айтылатын оспақ сөз. * Бір ауық «тезірек құтылсам қайтер еді…» деп ойлар еді. Бірақ қалай құтылар? Бекболат жуырда ала қояр ма?.. Және үйі болса иесіз тұр. Әуелі өзі бір шүйке бас тауып алып, оның қамын содан кейін ойлаған дұрыс қой. Соңғы кезде ақсақалдың ойлап-ойлап, тапқан түйіні осы еді. Ж.Айм. * Бір шүйке бас қолыма келіп қонса, мен де бала-шағалы болып, сіздердің қатарларыңызға жетсем деген армандамын, – деді Сәлім. Ә.Шәр. * . Ел де ұмыта бастағандай. Кәриялар: «Бір шүйке басқа жем бо¬лып кеткені де. Мына Жаманеркектен көш кейін болға¬ны ғой. Ақылды бала ма десек, бұл қай қылғаны?.. Д.Досж.

Posted in

ШҮЙКЕДЕЙ БОП

* Атасы байғұс әлі қайратты. Демін қарашы. Өзінің дәу қара көрігіндей гүс-гүс етеді. Анау пысылдап ұйықтап жатқан енесі. Шүйкедей боп шалының жастығының қасына қисая салыпты. Ә.Кек.