~ Бір самауыр шәйінің шығынын ауырсынды ма, "шал үйде жоқ! " — дегенде таңдайы тақ ете қалды. Қ.Ысқ. ~ Көрсеңіз сөйлессеңіз, қандай кісі екенін бірден түсінесіз. Кірсін бе?- деп таңдайы тақ ете қалды Тәжімұраттың. Х.Ес. ~ Биыл сайлау басталғанда Өңгелбай кедей-жалшы ұйымының мүшесі болып үлгерген. Кедей-жалшының азынан сөз сөйлегенде таңдайы тақ-тақ етеді. Б.Май. ~ Бұл туралы сөйлегенде қолқаңды суырғандай бәрінің таңдайлары тақ-тақ етеді. Қ.Бег. ~ Бала-шаға бір тостаған арпа көжеге ырзалық сыңай танытып, таңдайлары тақ-тұқ етеді. Ү.Жәл.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТАҢДАЙЫНА ТАТЫДЫ
Көңілінен шықты, жақты. ~ Әйтеуір қайдан шықса, сонан шықсын, қара қозының еті таңдайына татыды- ау деймін? Т.Рыс. ~ Биылғы қыс мал баққан шаруаның таңдайына татыпты. З.Шүк. ~ Жолда ептеп дәмін татып көрмек болды, үйге не апара жатқаныңды ең алдымен өзің білуің керек қой! Біреуін аузына тастап еді, таңдайына татыды. М.Қаб. ~ Әйдербек атамның балалары, сырың ашылды. Қарақалпақтан кеусен ішіп күн көріп, таңдайларына татыған екен! З.Шүк. ~ Баяғыда Мерген аюдың қара қуырдағын осы Құрдасына жегізіп болған соң: «Қалай, аю еті таңдайыңа татыды ғой деймін, аштан келгендей соқтың ғой! » деп бәлеге қалғаны бар. К.Сег. Зардабы тиді. ~ Өйткені таңдайымызға татығанын бәріміз де білдік. Ж.Айм. ~ Жүзтайлақ. Сүйгенімнен көргенім мынау ма? (Ашуланып.) Бірақ енді өкінбесін! Таңдайына татырармын. Үйелменімен өртемесем Жүзтайлақ атым құрысын. М.Әу. ~ Сын десе қашайын деп пе едіңіз, мұғалім? Сын дегеннің тандайыңызға татығаны бар ма еді әлде? (Күледі.) Қадам баспай жатып саудаласқан сияқты боп. М.Әу.
ТАҢДАЙЫ ТАҚЫЛДАДЫ
Таң болды. ~ Асқынып кеткен аран сөзге тосқауыл табылмай қалғаны рас, ондай еркіндікті, қала өмірінде кездесе беретін еркіндікті бейбастық деп санаған жұрт таңдайын тақылдатып, бетін шымшып, сан-саққа жүгіртті ғой. Ә.Тар. ~ Осы жастарына дейін тірі немісті көрмеген тау арасындағы аңқау жұрттың аузын аштырып, таңдайын тақылдатқан оқиға осылай оқыстан басталды да, өрттей қаулап, гуілдеп етек алды. О.Бөк. Дамылсыз тақылдап, ұзақ сөйлеп мезі қылды. ~ Мына жақтағы таулар да, өзен- тоғайлар да таңдайы тақылдаған көкек саңқылдаған сарала қаз, тас пен тоғайдағы тамылжытып сайраған неше түрлі торғайлар, су жағасындағы көгалдан шыққан жіңішке дауыспен қақылдаған бақалар! Шәк.~ Емтиханда мақал деген халық жүрегінің шындығы, мақал — шындық сәулесі деп таңдайың тақылдағанда алдыңа жан салмайсың. Ә.Нұрш. ~ Сүкең үйді маңдайға алды. Кеше әр сөзін шегелеп, таңдайы тақылдаған шал бүгін жабырқау. М.Қаб.
ТАҢДАЙЫНА ТИДІ
Көңілінен шықты. ~ Ал, мен ана болғым келеді. Әкесі ұры болғанмен шешесі ұры емес. Сен осы кәсібіңді қойсаңшы, таңдайыңа тиерліктей болды ғой. Қ.Түм.
ТАҢДАЙЫ ТАНДЫР
Аузы әбден құрғап, қатты шөлдеген адам хақында.. ~ Бұрынғы толық қызыл еріндері көгере жарылып — жарылып кетіпті. Таңдайы тандыр. Ернін қанша жаласа да, тамағы құп-құрғақ. С.См.
ТАҢДАЙЫНАН БАЛ ТАМҒАН
Ерекше дарынды, ғажап дауысты әнші туралы. * Облысқа аты мөшһүр еңбекшіл көп қауым мен таңдайынан бал тамған небір ділмар жүйріктері, әнші-артистері, майрампаз-күлдіргіштері бүтін түгел осында жиналған екен. О.Сәрс.
ТАҢДАЙЫ ТАҢДАЙЫНА ЖАБЫСТЫ
Әбден шөліркеді. ~ Лезім аралықта сусыздықтан қаталап, таңдайы таңдайына жабысқан жаскәрі, адам-хайуан атаулы әлді-әлсізіне, арық-семізіне қарамай топ-тобымен, дүйім-дүрмегімен сулы өңірді бетке алып лап қойды. Ғ.Біл.
ТАҢДАЙЫНАН ДӘМІ) КЕТПЕДІ
Әлдебір тамақтың тіл үйірген дәмі есінен кетпеді. * Бүгінде таңертең төсектен тұрғанда таңдайынан дәмі кетпей тамсанып отыратын баяғы балқаймақ ұйқы жоғалған. Ә.Кек. ~ Зорланып жұтынған. Әлгі дәм таңдайынан кетер емес. Өн- бойының бәрін тер жапқан Баян қатты ұйықтап кеткенін сезбей де қалды. Ж,Шағ. ~ — Қазақстанның сапалы астығының дәмі тәжік бауырларыңыздың таңдайынан кетер емес. С.Дос.
ТАҢДАЙ СОРДЫ
Дәмі тіл үйірді, құмартты. * Жаңыл дастарқан жайды, табадан ыстық нан әкелген, иісі танауды қытықтап түшкірте жаздағаны, «тостақтағы сары майға мыжып жесе ғой, таңдайды сорар тансық ас болар еді; көп болды, Жаманеркегің мыжыма жеп мұрты майланған емес». Д.Досж.
ТАҢДАЙЫ ТАҢДАЙЫНА ТИМЕЙ ТАҚЫЛДАДЫ
Мезі қылып, тақылдап, ұзақ сөйледі. ~ Соңымнан ерді. Мен мәзбін. «Атымтаев, жарайсың, әй, молодец, Атымтайчик! Қазір ғой Қасен, Семейхандар: «Әйеш пен таңдайы таңдайына тимей тақылдайтын қара қыз осы шығар»,– деп, клубтан шыққан әр бойжеткенді бір қуып, қараңғыда көлеңке аулап жүрген шытар. М.Қаб.
