Қатты шөлдеді. ~ Енді міне, маһшар алдында жатып та аңсағаны — сол Ақшоқы. Ал аңсап жатып, қиялдап жатып Ақшоқыны көрсе- ақ қарадай шөлдеп, таңдайы қаңсып сала береді. Д.Әш.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТАҢДАЙЫНА СУ ТАМЫЗДЫ
Ақырындап су ішкізді. * Күтушісі аласұрған қыздың көрпесін жауып, басын сүйеп, таңдайына су тамызып көрер танды көзімен атырды. С.Смат. * Әлсіреген келіншекті аяп, өздері де қан соқты боп жүдеп келе жатқан жылаулы жұрт Рухияның таңдайына су тамызып, ыстық ішкізіп, бетін бері қаратты. С.Смат.
ТАҢДАЙЫ ҚҰРҒАДЫ
Шөлдеді, сусады. ~ Ертелі- кеш егіс басында жүрген Бекеңнің топырақ тұтқан бет- аузы көн теріше тырысып, жалақ болуға таяды. Таңдайы құрғап, жиі шөлдейді. С. Мұр. ~ Ерні кеберсіп, таңдайы құрғап қалғандай. Алакөлеңке бөлме ішінен дәл жаңағы саба иісін сезгендей болды. Д.Әш. Құмартты, тәнті болды. * Бұл Кертөбелдің аяқ тастасын мақтады, өзі мініп шапқан атышулы салымда күллі Қаратау қазағын таң қалдырып, таңдайын құрғатқанын айтқанда… қопаңдап… дастарқанның үстіне түсіп кете жаздады, тостақтағы түгесілуге айналған сары майды ұмытты. Д.Дос.
ТАҢДАЙЫНА ТАРТТЫ
Аздап қорек қылды, талшық етті. ~ Онда бала-шағасының таңдайына тартар екі-үш сауын сиыр ғана бар. С.Мұқ. ~ Ел іші күйсіз. Бір– екі түйенің ағарғанын таңдайына тартып, аң аулап күнелтіп отырған үйде жасау– жабдық қайдан болсын. Ү.Жәл. ~ От басында жаман тулақ, ескі өре киізден басқа сілкіп салар төсеніш шамалы. Соған қарағанда тапқан табысы тамағынан ауыспайтын болуы керек. Бір үйлі жанның таңдайына тартып отырғаны жаңғыз тайлақты түйенің ағарғаны сияқты. Ү.Жәл.
ТАҢДАЙЫ ТАҚ (ТАҚ-ТАҚ , ТАҚ-ТҰҚ) ЕТТІ
~ Бір самауыр шәйінің шығынын ауырсынды ма, "шал үйде жоқ! " — дегенде таңдайы тақ ете қалды. Қ.Ысқ. ~ Көрсеңіз сөйлессеңіз, қандай кісі екенін бірден түсінесіз. Кірсін бе?- деп таңдайы тақ ете қалды Тәжімұраттың. Х.Ес. ~ Биыл сайлау басталғанда Өңгелбай кедей-жалшы ұйымының мүшесі болып үлгерген. Кедей-жалшының азынан сөз сөйлегенде таңдайы тақ-тақ етеді. Б.Май. ~ Бұл туралы сөйлегенде қолқаңды суырғандай бәрінің таңдайлары тақ-тақ етеді. Қ.Бег. ~ Бала-шаға бір тостаған арпа көжеге ырзалық сыңай танытып, таңдайлары тақ-тұқ етеді. Ү.Жәл.
ТАҢДАЙЫНА ТАТЫДЫ
Көңілінен шықты, жақты. ~ Әйтеуір қайдан шықса, сонан шықсын, қара қозының еті таңдайына татыды- ау деймін? Т.Рыс. ~ Биылғы қыс мал баққан шаруаның таңдайына татыпты. З.Шүк. ~ Жолда ептеп дәмін татып көрмек болды, үйге не апара жатқаныңды ең алдымен өзің білуің керек қой! Біреуін аузына тастап еді, таңдайына татыды. М.Қаб. ~ Әйдербек атамның балалары, сырың ашылды. Қарақалпақтан кеусен ішіп күн көріп, таңдайларына татыған екен! З.Шүк. ~ Баяғыда Мерген аюдың қара қуырдағын осы Құрдасына жегізіп болған соң: «Қалай, аю еті таңдайыңа татыды ғой деймін, аштан келгендей соқтың ғой! » деп бәлеге қалғаны бар. К.Сег. Зардабы тиді. ~ Өйткені таңдайымызға татығанын бәріміз де білдік. Ж.Айм. ~ Жүзтайлақ. Сүйгенімнен көргенім мынау ма? (Ашуланып.) Бірақ енді өкінбесін! Таңдайына татырармын. Үйелменімен өртемесем Жүзтайлақ атым құрысын. М.Әу. ~ Сын десе қашайын деп пе едіңіз, мұғалім? Сын дегеннің тандайыңызға татығаны бар ма еді әлде? (Күледі.) Қадам баспай жатып саудаласқан сияқты боп. М.Әу.
ТАҢДАЙЫ ТАҚЫЛДАДЫ
Таң болды. ~ Асқынып кеткен аран сөзге тосқауыл табылмай қалғаны рас, ондай еркіндікті, қала өмірінде кездесе беретін еркіндікті бейбастық деп санаған жұрт таңдайын тақылдатып, бетін шымшып, сан-саққа жүгіртті ғой. Ә.Тар. ~ Осы жастарына дейін тірі немісті көрмеген тау арасындағы аңқау жұрттың аузын аштырып, таңдайын тақылдатқан оқиға осылай оқыстан басталды да, өрттей қаулап, гуілдеп етек алды. О.Бөк. Дамылсыз тақылдап, ұзақ сөйлеп мезі қылды. ~ Мына жақтағы таулар да, өзен- тоғайлар да таңдайы тақылдаған көкек саңқылдаған сарала қаз, тас пен тоғайдағы тамылжытып сайраған неше түрлі торғайлар, су жағасындағы көгалдан шыққан жіңішке дауыспен қақылдаған бақалар! Шәк.~ Емтиханда мақал деген халық жүрегінің шындығы, мақал — шындық сәулесі деп таңдайың тақылдағанда алдыңа жан салмайсың. Ә.Нұрш. ~ Сүкең үйді маңдайға алды. Кеше әр сөзін шегелеп, таңдайы тақылдаған шал бүгін жабырқау. М.Қаб.
ТАҢДАЙЫНА ТИДІ
Көңілінен шықты. ~ Ал, мен ана болғым келеді. Әкесі ұры болғанмен шешесі ұры емес. Сен осы кәсібіңді қойсаңшы, таңдайыңа тиерліктей болды ғой. Қ.Түм.
ТАҢДАЙЫ ТАНДЫР
Аузы әбден құрғап, қатты шөлдеген адам хақында.. ~ Бұрынғы толық қызыл еріндері көгере жарылып — жарылып кетіпті. Таңдайы тандыр. Ернін қанша жаласа да, тамағы құп-құрғақ. С.См.
ТАҢДАЙЫНАН БАЛ ТАМҒАН
Ерекше дарынды, ғажап дауысты әнші туралы. * Облысқа аты мөшһүр еңбекшіл көп қауым мен таңдайынан бал тамған небір ділмар жүйріктері, әнші-артистері, майрампаз-күлдіргіштері бүтін түгел осында жиналған екен. О.Сәрс.
