Таң болды. ~ Асқынып кеткен аран сөзге тосқауыл табылмай қалғаны рас, ондай еркіндікті, қала өмірінде кездесе беретін еркіндікті бейбастық деп санаған жұрт таңдайын тақылдатып, бетін шымшып, сан-саққа жүгіртті ғой. Ә.Тар. ~ Осы жастарына дейін тірі немісті көрмеген тау арасындағы аңқау жұрттың аузын аштырып, таңдайын тақылдатқан оқиға осылай оқыстан басталды да, өрттей қаулап, гуілдеп етек алды. О.Бөк. Дамылсыз тақылдап, ұзақ сөйлеп мезі қылды. ~ Мына жақтағы таулар да, өзен- тоғайлар да таңдайы тақылдаған көкек саңқылдаған сарала қаз, тас пен тоғайдағы тамылжытып сайраған неше түрлі торғайлар, су жағасындағы көгалдан шыққан жіңішке дауыспен қақылдаған бақалар! Шәк.~ Емтиханда мақал деген халық жүрегінің шындығы, мақал — шындық сәулесі деп таңдайың тақылдағанда алдыңа жан салмайсың. Ә.Нұрш. ~ Сүкең үйді маңдайға алды. Кеше әр сөзін шегелеп, таңдайы тақылдаған шал бүгін жабырқау. М.Қаб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТАҢДАЙЫНА ТИДІ
Көңілінен шықты. ~ Ал, мен ана болғым келеді. Әкесі ұры болғанмен шешесі ұры емес. Сен осы кәсібіңді қойсаңшы, таңдайыңа тиерліктей болды ғой. Қ.Түм.
ТАҢДАЙЫ ТАНДЫР
Аузы әбден құрғап, қатты шөлдеген адам хақында.. ~ Бұрынғы толық қызыл еріндері көгере жарылып — жарылып кетіпті. Таңдайы тандыр. Ернін қанша жаласа да, тамағы құп-құрғақ. С.См.
ТАҢДАЙЫНАН БАЛ ТАМҒАН
Ерекше дарынды, ғажап дауысты әнші туралы. * Облысқа аты мөшһүр еңбекшіл көп қауым мен таңдайынан бал тамған небір ділмар жүйріктері, әнші-артистері, майрампаз-күлдіргіштері бүтін түгел осында жиналған екен. О.Сәрс.
ТАҢ ҚҰЛАН ИЕКТЕНДІ
Таң қылаңданды, бозарды. ~ Құлан иектеніп таң атты. Қала халқы қалың ұйқыда. Т.Ә. ~ Таң құлан иектенген мезетте жұлдыздар шаңытып, бірін- бірі жеп жоғалып, олар да таусылды. Ендігі үміт көп ұзамай шығар Күн ғана… О.Бөк. ~ Таң жаңа ғана құлан иектеніп келеді. Ә.Әб.
ТАҢДАЙ ҚҰРҒАТТЫ
Шөлдетті. *… Тамсандырып, таңдай құрғатып, талықсытып, тамыр өртеп басталған адами ләззат әрекеттің қалай аяқталуға тиіс екенін білмей қалып, кейін біреулерден ұқса қасірет. Н.Дәут.
ТАНДЫРЫ ТАРТЫЛДЫ
Әбден қаңсып, қуарды,. * Түк көрмеген сорлы басы бір күні осылай тақырға отырып қаламын деп ойлап па? Апшысы қуырылып, тандыры тартылған мына заманда күнкөрістің қамын ойлап, жанталасқаны рас. Қ.Жұм. ~ Биыл жаз ерте шыққан- ды. Мамыр айы туысымен ыстық түсіп, аспаннан бір тамшы жаңбыр жаумай, тіршіліктің тандыры тартылып тұр. Әсіресе, айналасы биік дуалмен қоршалған жамбылдың іші тіпті қапырық, не үп еткен жел соқпайды. Қ.Жұм.
ТАҢ ҚЫЛАҢ БЕРДІ
Бозарып, күн шығып келе жатқан мезгіл. ~ Нар қара сонан тек ертеңіне күндегі дағды бойынша таң қылаң бере ояныпты. Ә.Нұрп. * Осылайша екеуі таң қылаң бергенше отырды. МбТ. * Әлі де бірер минут жылы көрпеге оранып жата тұрғысы бар. Таң қылаң беріпті. А.Үсей. ~ Таң қылаң бере ұйқылы- ояу жатып, даладан Қаранардың азынаған үнін, қораны қирата жаздап, тапыраңдап тұрғанын естіп Боранды Едіге тағы бір бәле басталғанын сезді. Ш.Айт.~ Таң қылаң бере бастады ма, аспандағы бұлт ыдыраңқырады ма, әйтеуір түні бойы қап- қара боп тұрған терезе жақ бозамықтануға айналды. Н.Кел.
ТАНЫМАҒАН ПЕРІШТЕДЕН БОЙ ҮЙРЕНГЕН САЙТАН АРТЫҚ
Белгісіз нәрсе, бейтаныс адамнан сыры белгілі ескі таныс артық. * Ал біздің шала молдамыз жылы-жұмсаққа тұмсығы тиген соң, ық іздейді. «Таннымаған періштеден бой үйренген сайтан артық». Көз үйренген ел оның білімімен санасып жатпайды. Қ.Тол.
ТАҢ САЗ (СЫЗ) БЕРДІ
Айнала сәл бозғылт тартқан кез. ~ Бекең таң саз бергеннен ымырт үйірілгенше осы егіндіктерді аралайды. С.Мұр. ~ Ай батыс аспанға қарай жантайып, сәулесі солғын тартыпты. Шығыстан таң саз беріпті. С.Елу. ~ «Енді қайтпек керек?» Дөңбекшумен жатқанда таң саз беріп, үңгір ішіне ақшарбы сәуле себілген. К.Сег. * Таң сыз бере шаhар шетіне іліккен. Әр жерде топ-топ боп қарауытқан күзет. Т.Сәу.
