Сәнінен айрылды,жүзі солғын тартты. ~ Лашын ем құйқылжыған, дерт күйзелтті, Айрылдым асық жардан күн сәулетті. Семген гүл, өлген бұлбұл қайғысынан Қайырылып қос қанатым, ажар кетті. М.Әу. ~ – И-и-й, күнім — ай, — деді бір кемпір. — Аман болса, әлі-ақ қосылады бастары, балалар кетіп, ауылдан ажар кетті ғой. Қ.Ысқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЖАР КӨРСЕТТІ
Оң ыңғай білдірді, емеурін танытты. ~ Бұрын талай естіген сөздерін әлі де құмарланып, сүйсініп тыңдаған ажар көрсетеді. М.Әу. ~ Әрине! — деп, әңгiмесiнiң аяғында Михайлов күле түсiп, Абайды санынан қағып, қалжың айтқандай ажар көрсеттi. М.Әу.
АЖАР САЛДЫ
Базына айтты, өтінішін білдірді. ~ Нұрқан. Ажар салатын жеңешем, айтқызатын мен. Сенің әлі де олқың бар ма осы? М.Әу. ~ Сол арада тілінің ебін, бетінің ажарын салып, көлігі болдырған солдатқа мінер ат пен сояр малды, киер киімді өздерінің ықтияр еркімен үйір–үйір қып айдап алғызып еді. Ә.Нұрш.
АЖАЛДЫҢ АУЗЫ (АУЗЫНА ТҮСТІ)
Өлімге апарар қауіп-қатер туралы. ~ Егер Амур өзені болмаса, егер мен Балқаш жағасында өспесем, суда балықтай жүзбесем, не болар едім?! Міне, бұл менің ажал аузынан қалғаным ба, жоқ па? Шамасы, мұндай жағдай тайгадағы талайдың басында болады деп отырсың ғой. Б.Қыд. ~ Ажалдьің аузына түсіп көрсін, онан аман кайтқанын көрейін. Ә. Н.
АЖАР САЛЫСТЫРДЫ
Сынай, міней көз тікті. ~ Қырындамай тұрып, ажар салыстырып, айбат салыстырып, қылық салыстырып алмай тұрып олар да қауышпайды. Ә.Кек.
АЖАЛДЫҢ АУЗЫНАН КЕЛДІ (ҚАЛДЫ, ҚАЙТТЫ)
Қанды қырғыннан аман келді д.м. ~ Қоспан қарағым, біз көрмегенді көрдің, тура ажалдың аузынан келіп отырсың. Мына Жаңыл мұңлықтың өлгені тіріліп отыр бүгін. Т.Ахт. ~ Егер Амур өзені болмаса, егер мен Балқаш жағасында өспесем, суда балықтай жүзбесем, не болар едім?! Міне, бұл менің ажал аузынан қалғаным ба, жоқ па? Шамасы, мұндай жағдай тайгадағы талайдың басында болады деп отырсың ғой. Б.Қыд. ~ «Алыстан ажалдың аузынан қайтқан бала ғой деп, емірене еңкейіп, құшағымды жая бергенімде төрде тып-тыныш отырған алпамсадай жігіт алақ-жұлақ етіп атып тұрды. Ә.Нұрш.
АЖАР ТАНЫТТЫ
Бет-жүзі, қас-қабағымен көңілін білдірді. ~ Дариға бастаған үлкен кісілер де келіп: «Бәрекелде, ойын қыза берсін!» айтқанда, Гүлнаштың жанары құбылып, көңілді ажар танытып тұрды. Т.Әл. ~ Жалғыз Базаралы ғана қатты зекіп, ашулы ажар танытты. М.Әу.
АЖАЛДЫҢ ТАС ҚҰРСАУЫ
Өлімнің шеңгеліне бір түссең құтыла алмайсың д.м. ~ Өтермін… қанша жүрем…- ұзамаспын, Ажалдың тас құрсауын бұза алмаспын. Ойласаң қысқа өмірдің қызығы аз ба, Мен өзім сондай оймен ырзаластым. М.Әлім.
АЖАРЫ (АҚ ЖҮЗІ) ТОЛҒАН АЙДАЙ
Он екі де бір гүлі ашылмаған сұлулық сипаты. ~ Әлдекім киіз үйдің орама есігін түріп кеп жіберіп еді, табалдырықтан кеудесіне домбырасын қысқан, ажары толған айдай қасы садақша керілген, тәкаппар да ойнақы қара көзі шуақ шашқан бір қыз көрінді. Ш.Айт. ~ Одан еңкейіп келіншектің бетіне ұзақ үңіліп қарады. Қасы қияқтай, оймақ ауыз, қап–қара шашы жастықтан асып жерге салбырап тұр. Ақ жүзі толған айдай, қабағы сəл шытыңқы, ыңырсып қояды. Өміріне ренжіп жатқандай… С.Досж.
АЖАЛМЕН АРПАЛЫСТЫ (АЛЫСТЫ, АЙҚАСТЫ)
Тірі қалу үшін жанталасты. ~ Бойындағы ең соңғы тіршілік қуатын уысынан шығармай, анаң сен үшін, сені бір көріп, қоштасу үшін ажалмен арпалысып жатқанын білемісің? Қайт! Қайт үйіңе. Б.Соқ. ~ Қаншама өмір сүрдім — соншама ажалмен алыстым! Амал нешік, күнді түн, жарықты түнек жеңді… Ендігі үміт — Таңда! И.Сап.

