Мінді, шапты. ~ Үйретілген жылқылардың қандайына болса да ие: азғана жасында «жылжыған жорға, жылмиған жүйрік» дегендердің талайына тақымы тиді, қандай ұшқыр деген жылқылар бар шабысымен келе жатқанда, арқасында ұршықтай үйіріліп ойнады, қандай «басы қатты» деген жылқылардың үстіне қонса, елгезек аттай билеп алды. С.Мұқ. ~ Басқарма мақтаулы атына өзінен басқа ешкімді жолатпайтын. Тек Көксұр Елемес қана анда-санда көлденең көзге көрсетпей қайын-жұртына Теңбілкөкпен барып қайтатын. Сол екеуінен басқа екі аяқтыда бұл жануарға тақымы тиіп отырған Жақанның өзі. Шайхат, сірә, Шайхат. Ә.Кек.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТАҚЫМЫНДА ОЙНАДЫ (ОЙНАҚТАДЫ)
Шабандоздың астында ойнақтаған тұлпар ат туралы. ~ Ат, Асқардың әуселесін байқағысы келгендей, тізгінді созып, ауыздықты тістеп алып, басымен сүзіп ала жөнеледі. Баланың тақымында ойнап, екі жағына кезек-кезек ұйтқиды. Ә.Әл. ~ Түс пе әлде өлі мен тірінің арасында сандырақтап жатып санасында көшкен елес пе – әлгіндегі сурет көңіл айнасынан өшпей көлбеңдеп тұрып алды: тақымында ойнақтаған ақбоз арғымақ, жалынды үні аспан астын жаңғыртып қиқулаған Олжас ақын, көсілген кең дала… – бәрі-бәрі көз алдынан кетер емес. Т.Сәу. ~ Бел омыртқасы үзіліп, бұралаңдап құлап түссе, бұдан да гөрі бұғанасы берік біреуге аударып теңдей салуы мүмкін. Онда бақ та, тақ та басқаның тақымында ойнақтап кеткен арғымақтай өзіне қайта оралар ма? С.См. ~ Обалы қане, аянған жоқ. Талайын тақымында ойнатты. Бұғалыққа көнбегенін буындырып өлтірді. Ж.Шәк.
ТАҚЫМЫ ТОЗДЫ
Ат үстінде ұзақ отырып шаршады. ~ Жарықтық, көсіліп жатқан баяғы Кеңөріс, етек- жеңі далиған баяғы мол аңғар. Қиғаштай шапсаң, сонау қара жалды ұзын жотаға жеткенше атың ақ көбікке малшынар еді. Ылдилай тартсаң, Бұлғындысайдың бойындағы боз талдарға тірелгенше тақымың тозар. Д.Әш.
ТАҚЫМЫНЫҢ ҚҰРЫСЫН ЖАЗДЫ
Атпен шауып, желігін басты. ~ Оның тапсырмасын екі етпей Соппек жиырма шақырым шамасында шауып тақымының құрысын бір жазып еді. Тойханаға жақындағанда Ноғайқұл алдынан шығып, терең сайға құлатып, жартастың қуысына тықты. Т.Әл. ~ Зейнел- Нәбидің сөзі тұпа- тура шын боп шықты. Жанжақтан келген ауыл ағалары: — Өлең қашпас. Астымызда атымыз барда тақымымыздың құрысын жазайық. Тезірек көкпарыңды шығар! — десті. Т.Әл.
ТАҚЫМЫ ТОЛМАДЫ
Көңілі толмады; риза болмады. * Біраздан бері осы үйге келгіштеп жүр, не ойы барын айтпайды, әзіргісі құр әзіл… (Күрсініп.) Кім білсін, кедейдің қатыны деп тақымы толмай жүрмесе… Б.Майл. * Құмарым қанбай қойды бір, тақымым толмай, Құмарбек шапқан ертоқым жұртта қалғасын. Д.Кәп. ~ Кешегі жан баласына тақымы толмайтын Дәуітбайларың қазір қалай жүр? – Қара жігіт тағы да төңірегіне қарады. – Бетегеден биік, жусаннан аласа болған жоқ па? Қай ауылнайдың әлі келіп еді соларға? Т.Әбд. ~ Бұл әр рудың басты адамдарына қолайлы. Сондықтан олар енді біріктіруден гөрі бытыратуға құмар. Әрине, әр рудан шыққан алуан-алуан қол бастар батыр, топ жарар шешен бар, бірақ бар рудың тақымы толар, ақылы мен ерлігіне бас ұрар бірде-бір көсемі жоқ. Қала берді, әр жүздің бас иер батыры да жоқ. І.Ес.
ТАҚЫМЫНЫҢ ТЕРІ КЕППЕДІ
Дамыл көрмеді. * Түлкі бұлаң тарихтың нешеме бұрылысында ел азаттығы үшін талай тарланның тақымының тері кеппеді. Е.Тоғж. * Азаттық қазақтың ежелгі арманы еді. Түлкі бұлаң тарихтың нешеме бұрылысында ел азаттығы үшін талай тарланның тақымындағы тер кеппеді. Ат үстінде өткен ғасырлар көп болды. А. Ибр.
ТАҚЫМЫН АШТЫРМАДЫ
Жүргізбей қойды, тізгін бермеді, басып озды. ~ «Ойбай, Байшуақтың біз менсінбей жүрген жаман сары байталы Тастайдың атақты Қарасының тақымын аштырмай, бұғалықтап ұстапты». К.Сег.
ТАҚЫМЫҢДА ҚАРТАЙСЫН
Көлігіңнің қызығы ұзағынан болсын д.м. тілек. ~ Бейне бір саржұлдыз өзін келіп тарпа бас салатындай. Күн шыға көзі ілініп кетті. Бір заманда барып сырттағы даңғырлаған дауыстан оянып кетті. Асығыс сыртқа қарай беттеді. Аулада Жаныстың құрбы- құрдастары толып жүр. — Атың ат екен! — Жүрісті болсын! — Міністі болсын! — Тақымыңда қартайсын! — Басын өзің мүжі… Қ.Мүб.
ТАҚЫМЫН БҰРАДЫ
Қинап, тергеді. ~ Күмән қылатын кісіңіз бар ма? – Болғанмен, тақымын бұрауға қауқарым жоқ… Жалғыз мен емес, барлық елге аян. Қ.Тол.
ТАҚЫР ЖЕРГЕ ҚАРАП ОТЫР
Жоқтыққа ұшырап, күнін әзер кқріп отыр. ~ Анау әке атастырған қыз қандай екен? Әй, ол кәдуілгі салпы етек ауыл қызы ғой. Біздің тақыр жерге қарап отырған әкейді тең көріп, кім кәмелетке келген саңлақ қызын келіндікке ұйғарды дейсің. С.Бег.
