Posted in

СЫРТ ЕСТУІМ

Жұрттың сөзіне қарағанда д.м. ~ Күнтуарды енді кенет басқа жағдай қобалжытқан. «Иә, иә, мұндай адамнан өгей балаға қандай рахат, қандай рахым? Сырт естуім, о бишара да құр оқу бітірді деген аты болмаса маскүнем, ештеңеге қабілетсіз боп өсіпті. І.Ес. ~ Сырт естуім, бұрынғы істеген жерінде ақша санағанынан шатылып, бірер жылға сотталса керек. Б.Тоғ. ~ Бірінші әйелі Балтакүлдің домоуправлениеде істеп жүріп бастығымен көңілдес болғанын. Бірақ сырт естуім. Рас-өтірігін білмеймін. З.Нұрт.

Posted in

СЫРТ КІСІ

Бөтен біреу, көлденең адам. ~ Өзі анығын білмеген және ол анық болса, осыны сылтау қып Құнанбай Борсақ, Бөкеншіге бір нұқсан келтіреді деп есептеген Сүйіндік, сырт кісімен сөйлескенде: – Осы сөз бекер болар, деген. Құнанбай алдында да соны нық ұстармын деп еді. М.Әу. ~ Бейітте бірөңкей қажының өз ұрпақтары жерленген. Сырт кісіден Тілепберді Майшоқыұлы мен Ізғұтты (Шибай) жерленген. Т.Жұрт. ~ Бұлар қуанып өрекпіген кісінің мінезін көрсетпейміз деп, ішінен «шүкірана» қылып, сырт кісінің бәріне: — Е, алса алсын байдың қызын! Ол немені біз оқытқанда, «ылғи бізден шығын шығара бер, кемпір– шалдың қолындағы азын аулағын тауыса бер» деп оқытып па едік?!» М.Әу. ~ Ақ сары бикеш те олардың соңынан іле–шала жүгіріп, Рошаль мен Федоровтың арасына тұра қалды: – Мырзалар, бұларың ұят! Құдай үшін өтінем, қойыңыздар. Сырт кісінің көзіне түсіп, масқара боп қаларсыздар. Ә.Нұрп.

Posted in

СЫРТ КӨЗ

Өзге жұрт, бөтен адам. ~ Өз ауылына баруға бел байлаған соң Абай екі-үш күннен бері көп асығып, көп дегбірсізденген. Сырт көзден жасырса да, Әйгерімді қатты сағынып, көп қобалжушы еді. М.Әу. ~ Жол торыған сырт көз бола қалса, сұқтары түспесін деп көшті жасандырмай, тым қарапайым көрсетуге назар аударған. К.Сег. ~ Айғыр жөн-жосықсыз азынап, сырт көз бен бөгде құлаққа сыр бермес үшін танауының үстінен қазық бау шалып байлап, ноқталап тастады. Елегізбесін деп жанына байталды қойды. Ә.Ыб.

Posted in

СЫРҒЫТПА ЖАУАП

Құлықсыз айтылған, дәм болсын, екіұшты жауап. * Оның бұл сөзі ескі хиссаларда кездесетін жалғыз-жарым батыр сөзіндей қатты әсер етті маған. Мен оны аяп кеттім. Бірақ колхоз белсенділері тіс жарып ештеңе демеді, сырғытпа жауаппен рең бермей қалды. С.Шайм. ~ Оның бұл жүрекжарды лебізіне елпілдей қоймаған Әділет: — Уақыт көрсетер, — деп сырғытпа жауап берді. Е.Әл.

Posted in

СЫРТ КӨЗГЕ

Сырттан қараған жанға, бөтен адамдарға д.м. ~ Бірақ менің қуанышым ұзаққа созылмады. Күн-түн демей, құнығып, өз кітабымды өзім қайыра оқып отырғанымда, библиографиясынан сырт көзге елеусіздеу бір қате шыққан. М.Мағ. ~ Енді біреулері ылғи да өзінің ойымен басы қатып әбігер, сөйтіп, жеке әлеміне кіріп алады да, қасынан өтіп жатқан нақты өмірдің шындығын байқамай қалады. Ондай жан сырт көзге әрдайым әпенді болып көрінеді. Ә.Асқ. ~ Сүйтіп бұлар былайғы сырт көзге араларын ешбір кір шалмаған, бет шіркеулеріне көлеңке түспеген, өзара ынтымағы жарасқан аға мен іні, қайны мен жеңге сияқты болып көрінуші еді. Ө.Ахм. ~ Маған жаман атақ жамалғанына, міне, қырық жыл, менде ендігі құдай сүйер қылық та қалмаған болар. Неге екенін, әйтеуір, өзге адамдардың бақытсыздығы, әсіресе сырт көзге бақытты көрінетіндердің бақытсыздығы, әрдайым күлкімді келтіреді. А.Рюн.

Posted in

СЫП ЕТТІ

Көзді ашып-жұмғанша сумаң етіп шыға келді, (өте шықты, жоқ болды). * Көз байлана сып етіп шал да келді, Әзім де есік ашты, дайын еді. Абай. * Өтіп кетіп жатқан жол қараушы ма, жолды оңдаушылар ма, бірде-бірі қайрылмайды. Сып етіп өте шығады. Ғ.Слан. * Қойнына сып етіп кіріп, ұятты жерін ашып көрсетіп, қанын қыздырып: «Қазір-ақ бастап кетейікші», — деді қалыңдығы. Д.Дос. * Бізді жұмсап тұрып, өзің майданға сып етіп кетіп қалатын сол бір жылды тегі ұмытар ма кісі? Р.Рай.

Posted in

СЫР ДЕСТЕ

Сырын ішіне бүккен д.м. ~ Әй, осы ит асау ғой, деймін,— деді жүгендеуге келе жатып Әбіш. — Асау болсашыңғырар еді, бұл сыр десте жылқы, тезірек жүгендеңіз,— деді Сатан. І.Жанс. Ой-толғаулар топтамасы д.м. ~ 2009 жылы «Сыр десте» деп аталатын автордың көп жылдық ой толғаулары, эссе, естелік, сөйлеген сөздерінің 5 томдық жинағы жарыққа шықты. БАҚ.

Posted in

СЫПА БАСЫ

Жалғыз өзі, қара басы. * «Мен де түйе балуанға бір атты атадым» дейтін бәсекешіл ағайындар, оның үстіне Солтан байдың атан бастатқан бір тоғызы бар дегендей, қалмақ елінен әзірге салт атпен сыпа басы ғана келген Барат біраз мал жинап алған. К.Сег.

Posted in

СЫР ЖАРДЫ

Құпиясын айтты, жүрек құпиясын бөлісті. * Осылайша, бәлкім шамалы басқаша, өз тілінде бипаздатып-мипаздатып айтып келді де, сөзінің соңында: – Исаханның әйелі сүйекті итке тастамай, құрдым суға тастайтын бопты ғой! – деп екіұшты сыр жарды. Т.Әл. * Сол кеште Шәріп әйеліне сыр жарды. Бикен де сыбырлап: – Қайдам, айналдырып көрейін: Тек Бимендеден сақ болайық! – деп ішкі қаупін аңғартып өтті. Т.Әл.

Posted in

СЫПСЫҢ ҚАҚТЫ

Сумаңдап, жылмаңдап қозғалды, жылпостанып әрекет етті. ~ Мәлішін қағып-сілкіп жайып жатса, Көзінеелес еткен түсті жарық. Жалт етіп жарқ еткенге қарай қалса, Барады сұлу қатын сыпсың қағып. Қасаптың ләпкесінен ағып өтіп, Келеді дүкеншіге қайта оралып. Сұлудың сылаңдаған сымбатына Аузынан сілекейі кетті тамып. ҚАӘ. "Ғаяп қатын". ~ Мұндайда бұта, бүргеннің арасынан сыпсың қағып жорғалаған кекіліктің дауысына ілесіп сайрайтынбыз келіп. Ж.Сәм. ~ Жабырқау сезім шалығы домбыра сағағында емеуріндеп сыпсың қағады. Ғ.Біл. Сампылдап өсек айтысты. ~ Сыпсың қаға абысындар сыр тартып, азулысы сүйкеп өтіп, бір қарпып,орнатыпты отауына жесірдің басынғандай жары жоқ деп тың тәртіп. Г.Сейт. ~ Дана болсаң, ойбай, онда сабалық, Абайды да орға жыққан даналық. Бұл бір енді таптырмайтын жаңалық, Балағың мен жағаңыздан алалық. Өсек пенен өлшеп-пішіп таңалық, Өрден ойға сыпсың қағып шабалық. Тырнақ асты бір кір іздеп табалық, Көк желкеңнен, ту сыртыңнан қадалып. Теспей сорып қаныңыздан алалық. С.Ад.