Posted in

СЫРНАЙДАЙ САЙРАДЫ

Мүдірмей сөйлеп, шешендік танытты. ~ Сонда хан: — Әй, мынау сырнайдай сарнаған, бұлбұлдай сайраған қай бала? — дейді. Бала сонда тұрып: — өзімнің атым — Қазыбек, Әкем аты — Келдібек, руым-қаракесек. Абылай ханның елшісімін. Бір шаптың, екі шаптың, Енді теңдік сұрай келдім. Берсең қолыңнан, Бермесең жолыңнан ала келдім,- дейді. БС. "Тарихи аңыздар. * Сырым жолдасына дауыстап: — Жүр кетейік, бұлар бізді адам деп отырған жоқ қой!-дейді. Малайсары жалт қарап: — Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без, Ана тұрып, қыз сөйлегеннен без. Сырнайдай сайраған мына бала кім еді? — дейді. — Ата тұрып, ұл сөйлесе — ер жеткені болар, Ана тұрып, қыз сөйлесе — бой жеткені болар, — дейді Сырым. БС. "Ауызекі әңгімелер".

Posted in

СЫРТТАЙ (СЫРТТАН) ТОН ПІШТІ

Істің мән-жайын анықтамай, анығына көз жеткізбей тұрып, ойша долбар жасады. ~ Атақты байдың тойында жүлдеге түсетін жүйріктер мен палуандарды санасты. Байсал байдың бәйгеге не тігетініне сырттай тон пішті. Ә.Кек. ~ бұл жерде менің жазғандарымды не кітаптан, не журналдағы нұсқасынан бастан-аяқ түгел оқып алмай, елден естігені бойынша, сырттай тон пішіп, беталды лағып сөйлегендерге зығырданым қайнап отырып ызам келгенін, қатты күйінгенімді жасыра алмадым. С.Им. * Менікі бергі жағындағы тілеуқор көңіл. «Егер былай болса қайтер еді» дейтіндей сырттай тон пішу. Шындығында күлкіңіз келеді. Қ.Жиенб. ~ Күй тартып, ән салғанда көрген көз сүйініп, естіген құлақтың құрышы қаныпты. Сондықтан бойжеткен қызы бар қатындар Ыдырысты іштей қалап, сырттай тон пішіп жүреді екен. Ә.Ыб. ~ Бұрын тек сырттай тон пішеді екен. Әбекең жұмыстағы жайбарақаттыққа қатал кісі болып шықты. Б.Тоғ. * Мұндайда айтыс арасында ақ жаулық атаулыдан бір жан қатыстырылмайды. Солардың сыртынан тон пішіп, үкімін айтатын да ерлер. Б.Мом. ~ Біз сырттан тон пішіп отырғанымызбен,екеуі -екі таудың тағысы. Бір дараға бекінген екен, жанынан безген олар Құдайдан да қорықпайды. Алдымен солардың өзінен тіл алу керек! Ж.Шәк. ~ Күн бұрын неге айтып, жоспарды соған орай неге жасатпады? Оған облыс көнді ме: «Пәлен совхоз пәлендей жер жыртады», — деп сырттан тон пішіп, бұйрықгы жібере салған жоқ па?.. З.Шаш.

Posted in

СЫРНАЙДАЙ ТАҚЫЛДАДЫ

Тақ-тақ етіп, жөнді-жөнсіз көп сөйледі. ~ Сонда Абай: Дәумен, сен сырнайдай тақылдаған шешен емес пе едің, жағың қарысып қалған жоқ па, неге үндемей қалдың? деді. Содан соң Дәкең де сөзін жалғастырып, соға берді. Екеуі де сөздерін айтып болды. БС. 96 т. ~ Би ағалар-ау, мен қалып барамын, дегенде Қазыбек Қалдан Шерінге қайта кіріп, сырнайдай тақылдап, жүйесін босатып сөйлеп, сұрап алған екен. «Қазыбек өзгесінен бір жесір артық алыпты» деп кейінгіге айтылып қалған. БС. "Тарихи аңыздар."

Posted in

СЫРТТАЙ ӨЛШЕП-ПІШТІ

* Сырттай өлшеп-пішу ағат та шығар, алайда қайтесіз, Кәмила-қыз осы бір көргенінің өзіненақ қаралай түңіліп, іштей жұтап, құтсыз құдалар маңында амалсыз, әрең шыдады да олардан құтыла бере ауырып қалды. З.Қабд.

Posted in

СЫРТ АДАМ

Бөгде жан, бөтен кісі. ~ Сен ағайын-туған ішіндесің, ал мен сырт адаммын, суға ағып бара жатсам жан аямай қол ұшын созатын жақыным жоқ. Б.Тоғ. ~ Кешке үйге қонақ шақырайын. Сен менен гөрі сырт адамсың, әңгімені Көкшегір екеуің бастаңдар, ар жағын мен алып кетермін. Б.Нұрж.

Posted in

СЫРТТАЙ ТАНЫС

Жүзбе-жүз кездеспесе де, аралас-құралас болмаса да атына қанық. * Жаманкөз аулының жақсыларына сырттай таныс Нұрымбет балалары шұрқырасып жатыр. З.Шүк. ~ Газет бетінде Қастек Баянбаев, Тұрсынзада Есімжанов, Қанипа Бұғыбаева, Рамазан Тышқанбаевтардың өлеңдері, Сайын Мұратбеков, Ұзақбай Доспанбетов, тағы басқалардың әңгімелері жиі жарияланып тұратын да, бір-бірімізбен жүз көріспесек те, сырттай таныс-біліс болатынбыз. Ал Құдаш есіміне әзірше кезіге қойған жоқ едім. С.Им. ~ Әзиза Кавказбен сырттай таныс. Лермонтовты көп оқыған, Бештау дегенде құлағы елең ете қалғаны да сондықтан. Ш.Мұрт.

Posted in

СЫРТ АЙНАЛДЫ

1. Айнып кетті, қатынасын үзді, теріс қарады. ~ Дұрыс айтасың. Он бес жыл… Ендеше он бес жыл бауырына басқан адамнан бір– ақ күнде сырт айналады деп қалай ойлайсың сен?! Өй, ынжық!.. Д.Әш. ~ «Қайтеміз, тағдырдың жазуы осылай болды» деп құдалықтан қол үзіп, сырт айналып кетері әбден мүмкін еді. Қ.Жұм. ~ Ауладағы сыныптастары да өзі жұмысқа шыққалы сырт айнала береді. Қ.Түм. ~ Дүние тегіс бұлардан сырт айналып кетпепті. Марғуа әуелі соны түйсінді. Үміт оты қайта тұтанғандай. Ш.Бейс. ~ Кейін Дәлелхан орыстар мен Моңғолияның адамдарының қолына қонған. Оны біз көріп отырсақ та көпке дейін Оспан батыр: Тұра тұр, тұра тұр. Байқайық, — деумен көп уақыт сенісе алмай келдік. Ең ақырда Дәлелхан шын айрылуды талап қылған кезде, Оспан батыр Дәлелханнан бір-ақ күнде сырт айналып, оның есігін бір- ақ жапты. Ж.Шәк. ~ Сараң сөйлесіп, сырт айналып, қашқақтап тұрғанымен Болатбекті көргенде ақ жүзіне алау жүгіріп, еріксіз жымың ете қалады. С.Олж. Уақыт өтті. ~ Жоқ-ау, мен олардың тапсырмаларын орындамай жүрсем бір сәрі ғой. Бәрі тап-тұйнақтай.Міне, екі-үш жыл сырт айналды, бірде-бір графиктен кешіккен емеспін. Қ.Жиен. Арқасын берді, айналып өте шықты. ~ Шырағым, өзің біледі екенсің ғой, — деп Шәлтік бұл кісіге үңіле беріпеді, ол жылжып, сырт айналып кетті. Енді қайтып сөз сұраған жоқ. М.Әу. ~ Алуға бар да беруге жоқ ағай- ын нәсібін түзден айырған саятшыға жүз көріскенде көлгірсіп, сырт айнала бере сыртынан сырық білеп күңкілдейтіні бар. Ө.Кәр.

Posted in

СЫРТТАН КІЖІНДІ

Қасында жоқ адамға батырсынып, сес көрсетіп, қорқытып-үркіткен болды. * Маған Құлагердің бәйгесі керек жоқ, құны керек. — Иә, құны керек! — Кім өлтірді, тауып берсін,— деп сырттан кіжінген біреулер айқай салды. С.Жүн. * Бұл жақтағы теріскейліктер бірін- бірі қағытпаса көңілі көншімейді. Ағайын екеш ағайынның өзі кей- кейде бір- біріне сырттан кіжінеді. Т.Әл. * «Е, ол пысық неме емес пе», – деп кейбіреулер мақтай сөйлесе, енді бір күншілдер: «Ол секілді қолымда машинам болса, мен де көрер ем», – деп сырттан кіжінеді. С.Жүн. * Бірақ тұтас 3—4 болыс бір рудан болғандықтан, солар шымы тұтастығына семіріп, Жарасбайды құр ғана орысқа тығылған пысық қана көріп, елін шолақ байталдың құйрығындай шолтаңдаған аз көріп, сырттан кіжініп, күпінуге келгенде, шек білмейтін болған. С.Жүн.

Posted in

СЫРТ БЕРДІ (БЕРІСТІ)

Теріс айналды, жақтырмағанын танытты, ұрсысып қалды. ~ Қара мұрт Ақбілектің жан жарасын әлде көзінен оқып білді ме, әлде бір басқа сезім кернеді ме, кім білсін жирен сүйем деп тағы кезеніп, Ақбілек сырт беріп тыжырынып еді, ашуланған адамша анаған ажырая қарап, бірдеме деп шорт кесті. Ж.Айм. ~ Абай да осы Ербол сезгенді шолып қалса керек. Басында қызыға қарап тұрған қалпынан тез жалт бұрылып, салдар тобына сырт берді. М.Әу. ~ Ойда жоқта дүрдараз болып, бір-біріне сырт беріскен қос басшысының мынау қылықтарына жіп тағып та үлгіре алмай келе жатқан серіктерінен Қасқақ та оқшаулау шыға берген. К.Сег.

Posted in

СЫРТЫ — КҮЛІМ, ІШІ — ЖЫЛЫМ

~ "Тостағанды иіскедің" деп айып таққанына қарағанда, өлеңшілік өнерін әлі ұмыта алмай жүрген кеспектей қарындасын кесапат қонағына қарсы айдап салып отырған Андастың өзі болғаны да! Сонда сырты — күлім, іші — жылым мырзаның діттеген жері қайсы? О.Сәр.