Қиюын келтірді; ретін тапты. ~ Келіншек сынасын тауып, ақ патшаны түйреп өтті де, оның оң қолы губернаторды қатты шымшыды. М.Дүз.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СЫМДАЙ ТАРТЫЛДЫ
Бойын түзеді, жинақыланды; тіктенді. * Жақсы хабар жеткізгендерге сүйінші дайын. Жоғары сынып оқушылары ауылға Есберген қайта келіпті дегеннен сымдай тартылып, жөнге түсе қалған. Бірде-бір сабақтан кешікпейді. Қ.Жиенб. * — Ойбай, жүгір, Жәділ көкең келді! — деді ол Бурашқа. Бураш жатырқауды білмейтін: — Жәділ көке! — деп тұра жүгірді. Жәділ көкесі сымдай тартылған сұлу кісі екен, арсалаңдап жүгіріп жеткен баланы екі қолтығынан алып тік көтерді де, маңдайынан сүйіп, баурына басты. Ә.Тар. * Әсіресе оның ерекше құмартатыны — қойдың алдын бір қайырып астап, дала төсінде домбыраның қос ішегінше сымдай тартылып жатқан шойын жолдың екі жағын армансыз шарлау еді. С.Ас.
СЫНДЫРҒАН НАНДАЙ (СЫПАЙЫ, БИЯЗЫ)
Көргенді, сыпайы, бипаз. ~ Неге екенін қайдам, әлгі профессор көз алдымда тұрады да қояды. Артық сөзі жоқ, сындырған нандай сыпайы жан. Көзқарасында әйел затына ұнайтын бір сипаттар жалт беріп тұрған. Р.Рай. ер. ~ — Иә, көрдім. — деді Шайым жымыңдап, — сындырған нандай биязы бала. Ажары да ешкімнен кем емес. Майысып шай құйып қызмет қылғанын айтсай шіркіннің? Н.С~ – Қыз маған ұнайды. Шіркін-ай, сындырған нандай боп өскен екен. Кейде түн бойы аңдып жатамын. Тырп етпейді-ау, тырп етпейді. Р.Рай. ~ Мінезін айтсайшы, баяғы дәлдуінің бірі жоқ. Сындырған нандай. Ұшырасқан сайын «апалап» ызылып тұрғаны. Н.Сер.
СЫН КӨТЕРМЕЙДІ
Сапасыз, нашар. * Айтайын. Лекциясы ешқандай сын көтермейді. Дәлірек айтқанда, Белекеңнің лекциясы лекция емес, диктант. З.Қаб. ~ Құзырлы орган қызметкерлері былтыр аяқталған жұмыстың сапасының сын көтермейтінін дәлелдеп шықты. "Айқын- kz".
СЫННАН ӨТКЕН
Талай қиындықты бастан өткізіп, шыныққан, сыналған. ~ Атажан бай елінде болатын үлкен той, ат бәйгеге қос тұлпарын қосу үшін атбегілігі сыннан өткен қарт қазаққа баптауды бұйырған екен. А.Кем. ~ «Иә, иә, — дейді ол, — бұдан басқа жол жоқ. Менің қолымнан осылай істеу ғана келеді. Бұл — әбден сыннан өткен әдіс. Көрейін содан кейін қолжазбаны қайтып бермегенін». І.Ес.
СЫН САҒАТЫ ТАЯНДЫ (КҮТІП ТҰР, ТУЫЛДЫ, ТУДЫ)
Қысылтаяң, қиын-қыстау уақыт жақындады. ~ Солай, жолдастар, — біздің хабарымызды тыңдап болды да, Михаил Иванович төңірегіндегілерге сынай қарап, орнынан көтерілді, — демек, құралсыз іс бітпейді! Шын шайқасуға да, қорғануға да тура келеді. Сын сағаты таянды. Ә.Сәр. ~ Сайыпқырандарым! Сардарларым мен сарбаздарым! – Дауысы саңқылдап шықты. – Сендер бұл жаққа елдеріңнің аманатын арқалап келдіңдер! Мойындарыңда ерлер ғана көтерер ауыр жүк бар. Алда сын сағаты күтіп тұр. Мен сендерге сенемін! Д.Рам. ~ Өмір мен өлім белдескен сын сағаты туылды. Ғ.Біл. ~ Қайсыбір күні кек алу жорығына Өнеш енді жеке өзі баратын сын сағаты да туған. Н.Дәу.
СЫНЫ КЕТТІ
Бұрынғы сәні сақталмаған, сиқы бұзылған д.м. * Қарашұға шалбары да (ескінің жұрнағы ғой), қоңыр пенжегі де әлі сыны кете қойған жоқ, қайырма жаға тақталы көйлегіне қара шұбар галстук те тағып қойыпты. Ж.Айм. ~ Ана тілім ғажап деп айта аламын, Жәннаттай жан балқыта жай табарым. Шырқатып ғұмыр бойы айтар әнім — Келеді толас таппай қайталағым. Тозбайды сыны кетіп, сұры қашып, Біз әлі қанған жоқпыз сырын ашып… Қазағы қадырына жеткен сайын Жайнайды, Ертеңге де нұрын шашып. М.Әлімб. ~ Өзің еккен алма ағаш мұңаяды, Өмір ай, Олар дағы қартайыпты. Жапырақты тыңдадым сыбыр еткен. Өзіңсіз бұл өмірдің сыны кеткен. Көрдім де көз жасымды тия алмадым, Сол баудағы ізіңді жүріп өткен. А.Пош.
СЫН ТАҚТЫ
Кемсітті, ұнатпағанын білдірді. ~ Дегенмен, декабрь ішінің тымырсық аязы — осы үйден шықсаң-ақ шап беріп ала түсетіндей боп, сені еріксіз аялдатады. Жылынғаныңмен тұрмай, сол үйдің тұрмысына сын тағып кеткелі келген адамнан жаман көзіңді анаған да қадайсың, мынаған да қадайсың. Б.Майл.
СЫНЫҚ БҰРАУ АЛМАДЫ
Бірдеңе алмақ түгіл, қолын да тигізген жоқ д.м. ~ Марқұм енесінің аманатын келіндері қаперіне алмады Өз қалауымен жат жұртқа ұзатыларда сынық бұрау да алмады.Төл атымен түйешіге ілесіп кете барған. Ө.Кәр. ~ Арлы әйел жарамды сыртқа білдірмесем дегенмен, маңдай терімен толған бір үйлік жасаудан сынық бұрауда ала алмай қорланды. Ғ. Қан.
СЫН ТЕЗІНЕ САЛДЫ
Сынға алды. ~ Бұған қоса жастар тәрбиесінде саяси- ағарту үйірмесінің ережесін жасайды /"Жас қазақ" журналы, 1924, № 5- 6 және 7- 8/, ел арасында кездесетін ұлттық психологияға, әдет- дағдыға жат құбылыстарды "Пара алу тоқтала ма?" /"Ақ жол", 1924, 22- қараша/, "Гәп қол ағашта" /"Қазақ тілі", 1926, 4- қазан/ деп сын тезіне салады. Р.Тұрыс.
