Posted in

СЫНЫҚ ЖҮЗ (ЖҮЗДІ)

Көңілсіз, жабырқау. ~ Он бес күн бойы боқ сыпырып, сақал-мұрты қаулап өсіп, жадап-жүдеп келіп отыр. Шашын сыпырып тастағасын тоқырайып қалған бас кісіні кескінсіздеу етіп көрсете ме, онсыз да сынық жүзінің сиқын кетіріп-ақ жіберіпті. Қ,Мұх. * Бірақ жат жаққа жол жүріп келе жатқандай сынық жүзді, жабырқау емес, мына вагон өз үйі, өз мекені сияқты көңілді. Бізге қарағанда жер көріп, ысылып қалғандықтары аңғарылып тұр. Қ.Қази.

Posted in

СЫНАДАЙ ҚЫСТЫРЫЛДЫ

Әлдебір іске орынсыз килікті, кірісті. ~ Жанұзақ оның сөзін елең құрлы да көрген жоқ. Жұмаш пен Баймырзаның арасында сынадай қыстырылып, отырып алды. Қ.Жұм. ~ Дегенмен қара мұрт өлермен адам. Қайдағы қиынға сынадай қыстырылып, ауыл атынан араласып, ылғи көзге түсіп жүреді. Ғ.Мүс. ~ Олар шүпірлесіп автобус жанында тұрып фотоға түсті. Ортада — Әдемі. Тәжен Ханзада мен Нұркүлдің арасына сынадай қыстырылып тұрып алып «Әй, мені крупный планмен ал» деп қарқ — қарқ күледі. Н.Сер.

Posted in

СЫНЫҚ ИНЕ АЛМАДЫ

Дәнеме алмады. * Жаман іске ешқашан барғаным жоқ. Бос жатса сынық ине алғаным жоқ, Қанағат қылдым азды, талғамым тоқ. Ә.Қоянб. ~ Екеуі жата берді осы күйде, Қолына еркін тиіп қызық дүние. Істеген бұл жігіттің жазығы осы, Болмаса ұрлаған жоқ сынық ине. БС. Мырқы батыр".

Posted in

СЫЗЫП ЖІБЕРДІ

Карта ойынына кірісті. ~ Қазір: «Ау, сызып жібермейміз бе!»- деп қабырғаны тоқылдатса, әлгі боздаған немені тыңдаймыз деп отырып, естімей қалулары ғажап емес қой. Ә.Кек.

Posted in

СЫЛДЫР СӨЗ

Мағынасыз, дәйексіз, пәтуасыз, судай аққан бос сөз. ~ Бұрын кеудең басылып тұрса да, өзіңді кісі санатында көруші едің. Енді міне. Ешбір есепте жоқсың. Люмпен-пролетариат. Жалғыз сен емес, бүкіл ғылым, әдебиет, өнер қайраткерлері түгел. Бүгінгі заманның тұлғасы — сылдыр Сөз емес, сықыр Ақша. Яғни, қалың кітап емес, жуан қалта. М.Мағ. ~ Қылжақбас ананы бір, мынаны бір сөз етіп, жұрттан бұрын өзі күліп, әбден мезі қылады. Сөзінде — іліп аларлық түйір жоқ, сылдыр сөз. З.Шаш. ~ Сене тұра уәжден жеңілмес үшін: – Ақсақал, туған әкеге тіл тигізуге болмайды. Бірақ жаңа айтқаныңыз құр сылдыр сөздің тізбегі ғой! – деген. – Сен олайша кемітпе, – деді Әріп. Т.Әл. ~ Мұндай «жарапазанды» ести– ести құлақ әбден жауыр болған. Жаттанды, ішінде іліп алары жоқ, сылдыр сөз. Міне, сеніңіз, сенбеңіз мен ол удан құтылудың төте жолын тапқан секілдімін… Қ.Жиен. ~ Қияли қызыл әңгіме, сылдыр сөз… Суретші қауымы бүгінде соның бәріне көнген, көнтері болған. Ә.Асқ.

Posted in

СЫЙ АЯҚ

Сыйлы қонаққа ұсынылған үстеме тағам. ~ Сый аяқты бұ жолы кәдімгідей орнынан тұрып барып ұсынбақ болады. Кесірткенің алқымы бүлкілдегенін қоя қояды. Ш.Мұрт.

Posted in

СЫЛДЫР СУ

Ағзаға пайдасы аз, дәмі, нәрі жоқ сұйық тамақ. ~ Бүгін асхананың түстігін әдейі ішпедім. Сондай тәттілер тосып тұрғанда, асқазанды сылдыр сумен толтырып не бар. Қ.Жиен. ~ Тағы да сылдыр су сорпа мен екі тілім нан берді. Сылдыр су құюлы қалайы тостақ үстіндегі қара нанға қол созды. Қ.Түм.

Posted in

СЫЙ ҚОНАҚ

Құрметті қонақ. ~ «Ассалаумағалайкум»–кіріп келді, «Уағалайкүмассалам»–орын берді. Көрпе салды, «жоғары шығыңыз» – деп, Төрге барып сый қонақ отырды енді. Шәк. * Ауылда бөтен сый қонақтар жоқ болғандықтан, арқар атып әкелген аты белгілі тентек ұры Бақтығұлды көре отырып, әңгімесін естімекке ауылдың қатын-қалашы, малшы-қойшысы да ынталанған сияқты еді. М.Әу. * Шынар болмай пісіртті, әйтпесе сый қонаққа берер тамақ емес. Ғ.Мүс. ~ Онда аң аулағанды қоя тұрып, сөз тыңдайтын болармыз, — деп сый қонақтың бірі зілсіз әзілмен қағытты ақынды. Ө.Кәр. ~ Батсайы көкпаршыларды сый қонаққа лайықтаған ақ үйге түсірді. Ө.Кәр.

Posted in

СЫЛҚИЯ ТОЙДЫ

Әбден тойды, кекіре тойды. ~ Сонан соң сары тазы тақуалықты қонып, иесінен бөлініп қалып, жаңағы алған қоянын талқан қып жеп, сылқия тойып алатын, аузы-мұрны қан-қан боп, иесін қуып жеткен жерде ғана Абай өзінің салғырттығын байқайды. М.Әу. ~ Жұман аздан соң күлкіні ұмытып кеткен екен, етке сылқия тойып алды. М. Әу. ~ Ендігі жағдай басқа. Жасырынбай, ашық ішуге, дәмін ғана татып көрмей, сылқия тойып ішуге болады. Тізгін қолда, өзімізге өзіміз қожамыз. Әй дер әже, қой дер қожа жоқ. Б.Соқ.

Posted in

СЫЙ МЕЗІРЕТ ЖАСАДЫ

Құрмет көрсетіп, қошеметтеді. ~ Жұрттың өзінше жылы шырай көрсетіп, сый мезірет жасап жатқан түрі бар. Ә.Кек. ~ Әйтпесе батырмын деп тышқақ арыстандай бақырып-шақырған әумесер батыр қайда жоқ. Жұрт ондайларға көзінше сый мезірет жасағанмен, сыртынан қолдарын шошайтады. Ш.Күм. ~ Сондай-ақ, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Аманжол Оңғарбаев ардагерге қаламгер ізбасарларының атынан жүрекжарды лебізін арнап, сый мезірет жасады. БАҚ.