Posted in

СҮЙЕГІН СҰРАДЫ

Шыққан тегін сұрады. ~ Жарылқасын өзіне бейтаныс, жылы жүзді келіншектен жөн сұрап, арғы беттен келгенін ұққан соң, жақын тартып, талай әңгімені үлкен ынтамен тыңдады. Сүйегін сұрап, арғы- бергі тегін ұқты. Т.Рыс.

Posted in

СҮЙЕГІ ЖАМАН

Негізі, шыққан тегі нашар. ~ Рас жаман сол болар, Өзге адамды қор көрер, Сонда білер жаманың, Жан шығара келген соң. Білгендердің айтқаны Көкірегіне кірмейді, Өз пайдасын білмейді, Сүйегі жаман болған соң. Дул. Баб.

Posted in

СҮЙЕГІН СЫНДЫРДЫ

Қорлады, намысына тиді. ~ Апырым-ау бұл кіммен жүр? Кім менің маңдайымды басатын? Қара қазақ қатынымның қойнына бармақ түгіл, жаман ниетпен қорамның шетінен жүрді ме? Менің сүйегімді сындырып, басымды қорлайтын осы қаңғырған ноғай болып па екен? Мен осы шақша бас ноғайға оп-оңай болыппын ба? І.Жанс. ~ Қарайтып хан басымды итіме исем, Аузыма тас толмай ма мұны сүйсем. Сұлтандай сүйегімді сындырмаспын! Өзіме өз ауруым, жансам-күйсем… І.Жан. ~ Өзі солқылдап тұрған ағашты сүйкеніп құлаттың. «Жігітің анау ма, өз басын жөндеп алып жүре алмайтын дәлдүш. Өйтіп сүйекті сындырма!» деді. Т.Сәу.

Posted in

СҮЙЕГІ ЖАРЫЛДЫ

Бала көтерді. ~ Әйел әңгімені судай сапырып отыр. Күйеуінен ерте қалғанын да айтып көз жасын сығып алды. Әйтеуір, артында ұлы қалды. Мұның сүйегі жарылды. Пұшпағы қанады. Қубас емес. Ана деген аты бар. Ана болмаған ұрғашыдан өткен бақытсыздық жоқ ұрғашыға. Н.Дәут.

Posted in

СҮЙЕГІН ШЫМЫРЛАТТЫ

Ерекше әсер етіп, жанын ауыртты, егілтті, тұла бойын шымырлатты. * Сөйлесе — түбін түсіреді, он қолынан өнері төгіледі, күлсе — аузынан дүр шашылады. Ән шырқаса — сүйегіңді шымырлатады. Ж.Айм. ~ Айтқан сөздері бүкіл денесін, сай-сүйегін шымырлатты, жанын жаралады, ыстық жүрегін өткір қанжармен тіліп-тіліп, осып-осып жібергендей болды. О.Мақс.

Posted in

СҮЙЕГІ ЖАРЫЛМАҒАН

Әлі бала көтермеген әйелге қатысты айтылады. ~ Аппақ сазандай денені көріп, ол киініп кетіп қалуға түрегелген шығар деп жүрегім дүпілдеп соғып жүріп берді. Менен он жастан аса кіші әйелдің сүйегі әлі жарылмаған болуы керек, дірілдеген кеудесінің баулығы үзілмеген қалпы, тырсылдап тұр. Бұзылмаған денесіне қарап әлі бала тумаған шығарсың деген ой келді. Б.Қыд. ~ Қыз туарсың, қылығын тумассың десең, сол қылықтың бәрі осы тар құрсағы кеңімеген, сүйегі жарылмаған баладан ада әйелдерде болады. Б.Қыд. ~ Сөйтсе, ауру келіншек мұның әуретімен ойнап жатыр екен. Ар жағы… жас неменің бұрқыраған жұпарына басы айналған еркек әлі сүйегі жарылмаған әйелдің еті тығыз денесін астына басып алып, бір сүрісінде үш рет бой суытқан. Н.Дәу.

Posted in

СҮЙЕГІНДЕ ДӘНІ БАР

Мықты, мығым. * Жұрт шулап «жігіт екен, пәлі!» деді, «Бар екен сүйегіңде дәні», деді. «Мынау ат қанаты жоқ құспенен тең, Мұндай ат дүниенің малы!» деді. С.Мұқ.

Posted in

СҮЙЕГІ ЖАСЫДЫ

Өмірден қажыды, қартайды, мұқалды. ~ Алдымда балғын жас емес, еті қайтқан, сүйегі жасыған кәрі адамжатқаны есіме түсті. Онсыз да әлсіреп, қайраты таусылған дене пышақты көтере алмай сұлқ түссе қайтем? Б.Тоғ. ~ Сағындым сені, Көрмедім деп көп заман. Адам деп мені, Салмадың сен хат маған. Жай таба алмай жүрек, Жасыған соң сүйек. Абай. ~ Қыз Назым мінді өрмекке, Иісін жұпар аңқытып. Ашықтық түсті басына, Сүйегін жаман жасытып. "Қамбарб."

Posted in

СҮЙЕГІНЕ ІЛІНГЕН

Әбден арып, азып-тозып, құр сүйегі қалған адам туралы. ~ Әжімді беттегі жүндей ұйысқан қасқа сақал мен қыраулы мұртты ажыратып, аржағынан сумаңдаған тілді сүйірлетіп апарып кеберсіген ерінді жалап-жалап алды. Содан кейін тұншыға жөткірініп, көрпе астындағы сүйегіне ілінген денесін бүлк-бүлк қимылдатты. С.См. ~ Ақанжан, мен бір сұрапыл түс көрдім, — қолын денесінен айырмай, тұла бойында өші бардай тыр-тыр қасынғанын жақтырмаған Ақан қабағын шытынып. — Өзі сүйегіне ілініп әрең тұрған терің жыртылды ғой, байғұс-ау, қойсаңшы бір мезгіл, — деп еді… С.Жүн. ~ Сүйегіне ілініп тұрған баланың көзі аларып кеткен, бірдеме сұрауға да мұршасы жоқтай. Жалбырап, жалдырап бізге телмірді де тұрды. Б.Қыд.

Posted in

СҮЙЕГІ ЖАСЫҚ

Жігерсіз, тексіз. ~ Сүйегі жасық тексіз жан, өзі қайдан жариды. Сый қонақтар келгенде, Жаман әйел шариды. Ақыт Үлімжіұлы. ~ Енді жетектегі жирен тартыншақтай бастаған. Тек сүйегі жасық орыс жылқысы ғана емес. М.Мағ. ~ — Осы сенің бойыңды желік алып барады-ау, ненің буына семіріп жүрсің? — Мына қоғамды сүйегі жасық, буыны бос жемқорлардан, ұры-қарыдан, жалпы былғаныш адамдардан арылтқым келеді. Д. Мам.