Тіл мен жағына сүйеніп күн көрді. ~ Осы кезде көзі жұмулы, қолында таяқ, беті шұп-шұбар, домбыра асынған адамды бір бала жетелеп келді. Келе-ақ домбырасына қосыла сарнады сол адам: «… Сұрасаң руымды Қояныштағай Ішінде Қояныштағай Дәулет-Таңай. Белгілі Қақбан ақын мен боламын, Саумысың Махамбетше жарқыным-ай. Тал қармап, сөз сауады соқыр Қақбан Тәңірім әр несіптен оны қаққан. Ғ.Мұст. ~ Даласы кеңнің – пейілі кең, дастарқаны кеңнің – несібесі егіз деп; өзге жұрт ой бақса – бұл қой бағып, өзге ел есігіне құлып салса – бұл жіппен байлап, көңілдің көркін ойлап, домбырасын күйлеп, сөз сауып алшаң басып жүре беріпті ғой! Д.Дос.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СӨЗБЕН ШЫМШЫДЫ
Кекетіп-мұқатты, мысқылдады. ~ Егер мәслихаттың бас кезінде Махамбет алдындағы отырған кісіні тек патша чиновнигі деп біліп, әдептен аспаса, енді сұхбаттасы сөзбен шымшып алғанда, өзінің әдеттегі үйреншікті қалпына түсті. Ә.Әл. ~ Бірақ оның есесіне, Матен– амбының анда– санда осылай келіп, тышқанды домалатып ойнаған мысықтай, сөзбен шымшып, тәлкек ететіні бар. Қ.Жұм. ~ Енді, міне, кластағы он үш оқушының ішіндегі пионерге өте алмай, салпақтап жүрген жалғыз осы Молдабек. «Молдабек пионер болып қайтсін, бірден комсомолға өтеді» деп класында сөзбен шымшып жүргендер де бар. Т.Нұрм.
СӨЗ СЕМСЕРІ
Уытты, өткір сөз. ~ Лапылдаған осы мен өрттімін бе, Арыстандай ыңыранған дерттімін бе? Шыға келер майданға ат ойнатып, Сөз семсерін суырған серттімін бе? Неге менен кей адам қаймығады, Жау көргендей жүрегі шайлығады? Т.Әл. ~ Осы киімдері тәнімен бірге жанын да түлетіп жібергендей Мәдидің әнімен өзі де шалқып келеді. Ішінен Текеш пен Текежанға сілтейтін сөз семсерін де сайлап келеді. Ә.Әб.
СӨЗБҰЙДАҒА САЛДЫ
Мәселенің шешімін, нақты жауабын түрлі себептер айтып, кейінге қалдыра берді. ~ Шыбындағандардың шыжбың сөзіне мәз болып, батпан құйрығының салмағын көтере алмай бебеулеген асыл тақтың сықырын мықтылық, алдыңа келгенге алая қарап, адырая сөйлегенді мығымдық, оның айтқан бір сөзіне түсініп, бір сөзіне түсінбей отырып та қақ-сұқ деп қайырмалап, бірден «жәрекімалла» дей қоймай, сөз бұйдаға салып сілесін қатырып баққанды тапқырлық, кемеңгерлік санайды. Ә.Кек. * Әуелгі жылдары Қожамбет жерінің түгінің ақысы деп азды- көпті төлемін де беріп жүреді де, уақыт өте сөзбұйдаға салып, аяғын сиырқұйымшақтатып жібереді. К.Сег. * Құрдасына Құлтайдың кәдімгідей қарны ашып қалды. Тіпті қатты ренжіді. «Көршім- көршім деп сөзбұйдаға салмай- ақ, бірге өскен досым, не жолдасым десе қайтеді екен… » С.Ас.
СӨЗ ІЛӘМДАРЫ
Айтқан пікірлері, сөз саптауы. * Қыс бойы кәмпескеге ұшырап, совет үкіметіне наразы болған бұрынғы байлар, ауылнайлар, кейбір орта шаруалар үсті-үстіне дүмеліп келіп жатты. Сөз іләмдарына қарағанда, бәрінің де қалқозға жаны қас. Б.Алд. * Олардың сөз іләмдарын байқап, аман-саулық сұрасқаннан. кейін Жаманқұл желдей есіп: — Кеше ғана өздерің менің айтқаныыды тыңдамадыңдар. Б.Алд.
СӨЗ ОРАЙЫ
Әңгіме барысы, сөз ыңғайы. * «Бұ да бір Әлмұқан ғой», «ой, мынау Әлмұқанның ісі ғой», «мынау нағыз Әлмұқан боп шықты ғой» деп ылғи сөз орайына қыстырып отырады. Т.Ахт. * – Халің қалай, Кәкібай? – Хал нашар, жолдас лейтенант. Сөз орайына сай «хал жаман емес» деген сияқты бейтарап жауап күткен Ержан ыңғайсызданып қалды. Т.Ахт.
СӨЗ КЕСТЕСІ
Біреудің сөйлеу, жазу ерекшелігі, стилі. * Аударғандағы алған жолымыз — мүмкіндігі болғанша Пушкиннің өз үлгісіне жақындау. Ақынның сөз кестесін, образын, ақындық рухын сақтап аудару. І.Жанс. * Дауысының ырғағын бұзбай түйдектүйдек шабыттана сөйледі. Кешелі-бергі әсердің бәрі көркем өріліп сөз кестесіне түсіп жатыр. Т.Сәу.
СӨЗ ОРАЛЫМЫ
Сөздің қолданыс ерекшелігі. ~ Махамбет поэзиясының ырғағы, мақамы, сөз оралымы, екпіні сезіліп тұрған жоқ па? Г.Бел.
СӨЗ КӨБЕЙДІ
Бос әңгіме, мәнсіз сөз, құр өсек етек алды. *Тегінде құсбегілер, аңшылар өз сөзінен басқаға топастау келеді ғой, Бекболат та осы жолы өзінің топастығын байқайын деді. Қай жерде, қай дүниеде отырғанын өзі де білмеді. Сөз көбейген сайын басы қатып бара жатқан соң, тысқа жөнелді. Ж.Айм. * Енді Америка әдісін қолдану керек деген әңгіме көтеріліп келеді. Бүл әдістің қандай екені туралы сөз көбейтудің керегі жоқ. Үйткені, оған лайықталып жазылған бізде әліп-би жоқ. Ж.Айм. * Салиқа әкесіне аңырайып қарап қапты. Асқар соны байқап: ─ Қазір сөз көбейіп жүр, — деді жастығынан басын көтеріп. Біреуге біреудің айдалада жүріп бәлесі тиіп жатады. Т.Әбд. * Құр дәрілеп атқан мылтықтың сесі сияқты сұраққа тарту деген. Сөз көбейсе пәле-жала көбейеді қабаттасып. Т.Рыс.
СӨЗ ОРАМЫ
Сөз мәнісі, реті, ыңғайы. * Бір жап-жақсы әннің өлеңінде «мен сенің құдіретіңе түсінбедім» — деген жол бар. Сол туралы Әспет бір сөз орамында:» қандай аңғалдық! Түсінсе ол құдірет бола ма? Құдіреттің құдіреттілігі түсініксіздігі мен жұмбақтығында емес пе?.. Неліктен оған таңданып қамығады?» — деп еді. С.Шайм. * Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ салты», «Қазақ қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» т.б. өлеңдерінің … ішкі сазы мен ой-өрнек, сөз орамы қазақ поэзиясына тән өзіндік жаңалық, ерекше өзгеріс әкелді. БАҚ
