Posted in

СОРЫ ҚАЙНАҒАН СОРЛЫ

Басы бәлеге қалған бейшара д.м. * … Әжем ғұсап мен де оны: «Әй, соры қайнаған сорлы…» — дей жаздап барып қалдым. Аянышты-ақ еді, апамның кейпі. С.Мұр. * — Ой, соры қайнаған сорлы. Одан да Совет өкіметінен кешірім сұрап, ұлыңның тілеуін тілесең етті,— деді Нұрлан. Б.Қыд. * Қалай үйретіп тастаған. Омарбектің түбіне жететін осы болады. О, соры қайнаған сорлы Омарбек. Алдияр дегенге әлдеқандай болады. Б.Қыд.

Posted in

СӨДЕГЕЙ ҚЫЛЫҚ

Адамның жөн-жосықсыз, қисынсыз, жағымсыз іс- әрекеті. ~ Естен шығаруға қаншалық тырбынғанымызбен, сондағы сөдегей қылығымыз көз алдымызда тұрады да қояды. Сол істен кейін адамдық деңгейіміздің құлдырап, қай тұсқа түскенін жете түсінгендей болдық. Қ,Әуб. ~ Әйеліме базарлыққа әкеле жатқан тонды жұлып алып: «Бұл кімдікі?» дейді. Мен сынықтан сылтау іздеп тұрған сөдегей қылықтарына күлкім келіп: «Менікі» деп жымидым. Сонда әлгі жігіттің: «Бұл қайдағы сіздікі, әйел адамдікі ғой» деп жабыспасы бар ма. Ж.Шәк.

Posted in

СОРЫ ҚАЙНАДЫ

Бақытсыздыққа ұшырады, басы бәлеге қалды, бейнетке тап болды. * Маңайды жын орнағандай қылды ғой! Мал, жанында билік қалды ма?.. Талай қыз мен сияқты соры қайнады ғой!.. Бірақ тап мендей болғаны жоқ шығар. Ж.Айм. * Жуандардың жылмаңдағанына мастансаңдар, кедейдің соры қайнағаны. Ж.Айм. ~ Әрекет қылмай дүниеде Жеткендер бар ма кемелге? Әзір бала байланды, Жастай соры қайнады, Жеткенше қашан дегенге. "Алпамыс б." * Енді, міне, соры қайнап, қаршадай күнінде, әке ұсталып айдауға кетсе, шеше мертігіп ауруға шалдықса — ол бейбақтың күні не болмақ?!.. С.Мұқ. * Мына сұлудан айрылма, тас кенедей жабыс, әйтпесе біреу сорыңды қайнатып қағып кетеді, – деді. О.Сәрс. * Түнге қалсаң, тау арасындағы шөп көмкеріп тастаған жалғыз аяқ соқпақтан адасып, соқыраңдап сорың қайнайды, тек астыңдағы атыңның жершілдігіне сенер едің. О.Бөк.

Posted in

СӨЗ (СӨЗБЕН) ҚҰЙРЫҒЫН ҰСТАТПАДЫ

Бұлтаққа салды, сөзден дес бермеді. * Байсұлтан бұл жолы әр нәрсені сылтау етіп, төрінен көрі жуық екенін, ендігі ойы — ата- баба зиратында қалғысы келетінін айтып қасарысып көрді. Ескі дәстүр, ежелгі салтқа дейін суыртпақтап көлденең тартты. Директор да көзі қарақты оқыған жас қой, бәріне де дәлел тауып, сынаптай сырғып, сөз құйрығын ұстатпай- ақ қойған. Ә.Асқ. ~ Апырым-ай, осы жұрт көлденең көк аттыға сырын айтпайтын, аз сөзбен-ақ құйрығын ұстатпайтын бақай есепті қалай үйрене қояды екен? О.Сәрс.

Posted in

СОР ҚҰМАР

Жолы ауыр, бейшара, сормаңдай адам туралы. ~ «Тұнығым ылай болды. Уа, тұнығым ылай болды. Қуғыншым құмай болды. Құтылар қайран жоқ, Сор құмар сыңай болды…» М.Әу. ~ Жақсылықтан үркесің, Жамандықтан безбейсің, Тауаның жүрсе шағыла. Қымыз құмар, сөз құмар, Сор құмар өңшең сорлылар! Дулат Баб.

Posted in

СОР МАҢДАЙ

Бақытсыз, қайғыдан көз ашпаған байғұс, сорлы жан. ~ Құдайым келтірген соң істі қырын, Кез келді сор маңдайға ақсақ Нұрым. Ашылмас тұман, айнымас бұлт жапты, Ал енді, кімге ұрынсаң, соған ұрын. С.Тор. * Үш әйел, үш баланың өлі-тірісі белгісіз. Оның ішінде Ақылжанымен қоса өз әпкесі Дәмелі бар. Малыбай жездесі басын тоқпақтап, жылап отыр. «Сор маңдай, сор маңдай» деп өзін-өзі ұрғылай береді… К.Қаз. * Мені бақсыз, сор маңдай жан санаған, Ес жия алмай жатса да ауыр жарадан, Өзін мәңгі бақыттыға балаған, Бұл не деген өр адам? М.Шах. * – Қор болдыңдар- ау! Тірі жетім, тірі жесір сор маңдай бейбақ болдыңдар- ау! Ей дүние, енді көрсетпегенің осы ма еді. С.См.

Posted in

СОҢЫНА ТҮСТІ

Мақсат тұтты, талпынды. * Қызық жай: он миллион табыс кіргізетін колхозда бала бақшасын, бала яслиінашу деген де сөз болып па! Тек соңына түсуші табылмағаны ғой. С.Шайм. ~ — Мен… — күмілжіп қалды, — сенімен ақылдаспай бір шаруаның соңына түсіп едім. — Ұрлық жасағандай жүзін төмен салды. Ә.Ыб. Аңдыды, ізін бақты, басқан ізін аңдыды, қудалады. * Сұлтанбек дейтін бір жігітіміз бар еді, сол "байдыңқызын алды" деп менің соңыма түсіп… Ауылда жүрген соң қазақшылыққа да араласып кетеміз-ау. Осының қыз күнінде сол Сұлтанбек те "алам" деп қылжақтап жүретін. Баяғы соңыма түскенін "өштікпен істегені" деп білдім мен. Б.Майл. ~ Нысан мылтық ала шықпағанына өкініп дағдарып тұр- ды-тұрды да ілгері озды. Белеңге іліккенде Ақберенді шошындырған құбыжықты көрді де, қасқырдың соңына түсіп берді. Ө.Кәр.~ Соқталанып жатқан іздер арасынан тәжірибелі көз олардың соңына түскен түз тағыларының суыт жүрісін де айырып алды. Олар да аз емес, бір үйірдей. К.Ор. Әлдебір әдетке салынды. ~ Мыңдаған жылдар бойы кәйіптің небір түрін ойлап тауып, соңына түсіп, сондада мейірі бір қанбай жүретін пенделер дәл мұндай ғанибеттің болатынын өңі түгіл түсінде де сезіне алмайды. Е.Әл. ~ Оның үстіне өлең- жырдың соңына түсіп ақындыққа бой ұру атағы алты алашқа аян дүмбі тұқым үшін ерсі саналатын ұғым табиғи дарынын ұштаумен түбегейлі шұғылдануына тұсау болады. С.Ақт.

Posted in

СОР ТҮРТТІ

Әлдебір жамандыққа аяқ басты, өзін-өзі итермеледі. ~ Нұрқан. Жол біліп, жөн сілтері жоқ, бір сор түртіп жүр, не қыласыз. Жүзтайлақ. Ажалды киік адырға деп, қаза түртіп жүрген де. М.Әу. ~ Түйе балуан мен Балуан Шолақ ұстасарда «анау жіңішкені, анау жуан езіп тастайды — ау! — дескен еді Ғалияның қасында тұрған жұрт, — жіңішкені сор түртуін қарай гөр!» Ғалия да осы ойда болды, бірақ оның тілегі, танымаса да жіңішке жігітке ауды. С.Мұқ. ~ Білгенімді бір қара көз бауырыма үйретсем, сол да пайда деп бармай қойды ғой! Өз дегені болмаса көнбейтін қыңыр адам. Бәлкім осы сор түртті ме екен. Т.Сәу. ~ Аудан секратары қарқылдап күліп кетті: — Иә, иә, менің құлағымның орнына сенің құлағың кететін шилі өзек деген ғой. Ха — ха — ха …Өзің де тыныш отырмадың емес пе? Сор түртті ғой. Әйтпесе саған сол күні тұк те жоқ еді. Ж.Сәм.

Posted in

СОҢЫНА ШАМ АЛЫП ТҮСТІ

Біреудің артына түсті, қуғынға ұшыратты. ~ Болыс он бес күннен бері тыныштық алған жоқ. Әлі де Бақтығұлдың соңына шам алып түскендей болып келеді. М.Әу.~ Бірақ Қойшы бұл ойын тағы да ішке бүгіп жасырып қалған. Ол әмәнда іштегі болжаған ойдың бәр– бәрін ақтара салса, тыныш өмір сүре алмайтынын, соңынан шам алып түсетінін білетін. О.Бөк. ~ Әсіресе, бір сөзді құлағы шалса, құлғанадай қуалап, соңына шам алып түсер Жұманайға қатты ескерткен. К.Сег.

Posted in

СОРАЙҒАН СОҚА БАСЫ

Жалғыз өзі; қара басы. * Ал менің сүйеніш болар қалада да, ауылда да ешкімім жоқ. Сорайған соқа басым. Ә.Нұрш. * Жұрттың бәріне сөйте ме екен, әлде тек мені ғана басына ма екен? Басы бос, ешкімі жоқ, сорайған соқа басы деп басынатын шығар. Қ.Түм.