* Пәруадигар, бүгін жаңбыр жауатын сиқы бар: Алматы — талай күннен бері шіліңгір ыстықтан таңдайы кеуіп талықсыған, тұншығып жатқан қапас қаланың жұрты тасаттық жасамай- ақ құятын рахман нұрынан бой- бой боп елжіреп, бастаңғы жасар, сірә?! Ж.Шағ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ШОҚ ТІСТЕП АЛҒАНДАЙ
~ "…Анаңнан сені тапқан айналайын…" дей берді де, кенет есіне қайын енесі түсіп, шоқ тістеп алғандай қалт тоқтады. Ә.Нұрп.
ШІРІГЕН БАЙ
* Тіпті жас көзінде-ақ осы елдегі небір мыңғыртып мал айдаған шіріген байдың мынау деген бикештерін менсінбей, сонау Семейде мұсылман медіресесінде дәріс алып жүрген жылдарда татар саудагерінің ай десе аузы, күн десе көзі бар маңдайға басқан жалғыз қызына құрық салған. О.Бөк. * Тәліптің сонау кезде, Үлкен шешем екеуіміз ешкі терісін алып барғанда айтқан сөзі расқа шықты. "Мен шіріген бай боламын, тек мезгілі жетсін!" деген-ді. М.Карим.
ШОҚҚА ҚЫЗҒАН ШОЙЫНДАЙ
* Шоққа қызған шойындай ыстық, ауыр снарядты шинелімнің жеңімен қапсыра ұстап, жерден көтеріп алдым да, аяғымды бір басып, екі басып, жертөленің сырт жағындағы шұңқырға қарай аяндадым. Ә,Нұрш.
ШІРІГЕН ЖҰМЫРТҚА
Ата-анасының теріс батасын алған, ел-жұртынан безген, бұзылған. * Найманның ішінде шіріген жұмыртқа бар, білемін. М.Ә. * – Сізге берген уәдем, уәде. Мен бір шіріген жұмыртқамын. Сіздей үлкен кісінің берген ақылын далаға тастайтын мен емеспін. Ә.Шәр.
ШОҚТАЙ (ЖАНҒАН) ЖАНАРЫН ҚАДАДЫ
~ Бұған сәл сескеніспен жатырқай қарады, бірақ әлдекімдер құсап шыңғыра атып тұрмады. Шоқтай жанарын қадап, қасын қозғады. Тасжан ескерткіш болып қатып қалған. О.Бөк. ~ Әттең, қапияда мертіктім, – деді Үкібайдың жарадар жігіті бұған шоқтай жанған жанарын қадап. – Әйтпесе қолында өлер едім. Осыдан қатарға қосылсам, қолым жағаңда кетер, жуан тұқымның баласы! К.Сег.
ШІРКЕЙ ҚАНАТЫ ҚУРАЙ БАСТАҒАН КЕЗ
* Төлек сайынан Жәкей екеуміз жыл сайын июльде – бидайық толысып, шіркей қанаты қурай бастаған кезде шөп шабуға кірісіп кетеміз. Т.Әбд.
ШОҚТЫҒЫ АСТЫ (БИІКТЕДІ)
Абыройы асты, беделі өсті. ~ Биші жылқының ілтипатқа мойны иілгенде жалы күдірейіп, кекілі төгіліп, шоқтығын биіктете түсуші еді-ау! Т.Әл. ~ Майда-шүйдеге жұғыстырмай, осындағы түбегейлі, тамыры терең іске салу қажет… Ана кісінің абыройы асқан сайын оның да шоқтығы биіктеп барады. Б.Тоғ. ~ … жақын-жарандардың, әсіресе Тұяқбай шалдың шоқтығын асырып-ақ тастап еді… О.Сәрс.
ШОБЫР АТТАЙ (ШАБАН)
* жамандық атаулы қашан да жылдам, жалт еткен жасындай ұшқыр, ал менің құрдастарым өмірден аңсай күтуге әдеттенген ізгілік, жақсылық пен қуаныш шобыр аттай тым шабан, қанша тырбанса да тасбақа іспетті аяғын санап басқан жүрісі өнбейді. Ж.Шағ.
ШОҚТЫҒЫ БИІК
Елден ерек; басқадан гөрі еңселі. ~ Төре, — деді есік жақта отырған өзгелерден анағұрлым шоқтығы биік, еңгезердей Басықара батыр, — алдымен құдай, содан кейін өзің деп соңыңнан еріп едік, ақылын өзің тап. І.Ес. ~ Журналист мамандығы басқа мамандықтарға қарағанда шоқтығы биік тұрады. Қ.Жиен. ~ Сол Қалидың бүгін шоқтығы биік. Қасынан Тана шықпайды. Соған бетін сүйгізеді. Соның бетін сүйеді. Нақұрыс, "амеба", "бір клеткалы" екенін түсінбейді. Қодар соған күйінеді. Ә.Тар.
