Ғылыми қисыны жоқ, негізсіз ілім. ~ Қартқожа өзгерді. Бұрынғы соқыр нанымнан, діншілдіктен, ісім ағзамнан тазарды. Елді надан қып жүрген, құлқынның құлы, өзі надан қожа-молдалар екенін білді. Бұрынғы жабығу, уайым-қайғының бірі жоқ. Ж.Айм. ~ Діннің бес парызы шарт еткен жолдарды Абай өзінің сыншыл ақылымен діндік соқыр наным — предрассудок деп түсінеді. М.Әу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СОЛ БОЙЫ
Сол қалпымен, сол күйі. ~ Мұнымен ісі жоқ, тіпті бұған назар аударуды тәкаппар басына ар санайтын сияқты. Оның көңілі жайғасып, орнына отырды. Люстраны сол бойы өшірген жоқ. Д.Ис. ~ Сол жолы үйге қайтарда көңілі алып–ұшып келе жатқан, соны сезгендей–ақ Мараты күтіп алды. Екеуі қалаға қонбай сол бойы ауылға тартты. С.Досж.
СОҚЫР НӘПСІ
Ақылға көнбейтін, тойымсыз құлқын, құмарлық. ~ Періштенің қызымен некелескен бір еркек, бес жылдан соң аузы қисық бір әйелге ынтық бопты (Жасынның бір повесіндегі бір шалдың ер адамның қанағаты мен соқыр нәпсісі жайлы ауызәңгімесінен). Д.Ис.
СОЛ ЕКІ ОРТАДА (АРАДА)
Дәп сол мезетте; ә дегенше болмады; қабаттаса. ~ Таңертең әкем оны жақсылап сөгіп салып, басқа бір ауылға бір аптаға аттандырып жіберді. Сол екі ортада әжем енді Момынқұлын сағынып: — Әй, әлгі тентек неме қашан келеді? — деп қайта- қайта сұрай бергені ғой, жарықтық. Б.Мом. ~ — Осы мойылыңмен-ақ шаршаттың-ау, — деп қабағын кіржің еткізсін. Сол екі ортада екі иығы солқ-солқ етіп, теріс бұрылған күйі жаңа ғана ішкен шайын түк қалдырмай ақтарды да тастады. Д.Әш. ~ Абырой болғанда, елес боп шықты, алдында Ерден де, Дәнекер де жоқ. Сол екі арада қара бұлттай жаман ойлар қайта қаптайды. Екі апта бойы осындай халде. Жатса да, тұрса да осы. К.Қаз. ~ Екеуміз аялдамадағы отырғышқа барып, демаламыз. Мен маңдайыма жағылған күйені қалай сүртіп тастауды ойлап, сол екі арада бір айла таба қоямын. М.Қаб.
СОҚЫР СЕЗІМ
Ақыл-ойға бағынудан қалған көңіл-күй; түйсіксіз ұстаным. ~ . Адам — шешуі жоқ жұмбақ. Шешуі деп атауға болатын болса, адамның шешуі жалғыз өлім. Осы ойлар Шолпанның жанында таспиқтай тізілген ретті болмаса да, оның жаны соқыр сезіммен осы ойларға өзі барып тірелген еді әм Шолпанның жүрек жарасын ешкімге сездірмеске тырысуының себебі осы еді. М.Жұм.~ Ең қара пиғылға, соқыр сезім, дүлей күшке тізгін берген, өздерін социал-демократ, социал-революционер деп атайтын солақай күштер жеңіске жетті. М.Мағ. ~ Жеті түнде жұлдыздармен жымдасып, Соқыр сезім көзді еріксіз байлаған. А.Сағ. ~ Толғанып тұруға мұрша жоқ, ол соқыр сезіммен жалт бұрылып үйді тасаланды. Т.Ахт. ~ Құлағының тесігіне дәрі кеткенде, шыбын жыбырлатқандай көрген ол болмашы ғана оянған қалпымен соқыр сезімнің ықпалы айдап, дәрі құйылған құлағын алақанымен бір қақты да, аунап түсіп жата берді. С.Мұқ. ~ Жердің сілкінгенін немесе күннің тұтылғанын тамашалағандай бір соқыр сезіммен ентелесіп, істің ақырын күтісті. Т.Әбд.
СОЛ ЖАҒЫНАН ТҰРДЫ
Ұйқыдан жабырқау күйде, көңілі болмай, ашуланып тұрды. ~ Бекең кемпірінің қытымыр жүзіне тура қарай алмай қипақтап қалды. «Бәтшағар, сол жағынан тұрды ма, сонша қуырып» деп күңкілдеп қойды. С.Мұр.
СОҚЫР СЕНІМ
Білім мен ғылымға негізделмеген, надандық пен қараңғылықтан туындаған дүние таным. ~ Алғашқы шежіре негіздері сонау діни соқыр сенімдердің өріс алып, үстемдік етіп тұрған кезінде жасалғандықтан, олар адамзат баласының шығу тегін Адамата, Хауа-анадан бастайды. С.Мұқ. ~ «Осылай шығар, бұлай болуы ықтимал» деген аңғал ұғым, соқыр сенім, қала берді есек дәменің арбауымен сырттан таңылған жат діннің жетегіне еріп, соқыр сенімге негізделген жалған идеологияның құрбаны болуға кәдікпіз. Қ.Шам. ~ Сонда ғана өз қателігін түсінді, соқыр сенім мен жалаң сезімге бой алдырып, арғы-бергі жағын ойлай қоймағанына өкініп, өзегін өрт шарпыды. Д.Рам. ~ Әне бір секемшіл, соқыр сенімге иланғыш болмаса да, тынышсыз ұйықтап, жайсыз түс көрсе де, марқұм шешесі құсап сан саққа жорып, жас жүрегі лүпілдеп қоя беретін. М.Сүн.
СОЛ ЖАМБАСЫНАН ТҰРДЫ
Сәтсіздік, жолы болмау, қырсық шалу туралы. ~ Іштегі сырды ақтарып хат жазғысы кеп сан оқталды. Бірақ қыз ұяты қолын тұсай берді. Әйтеуір, Саяға келгенде барлығы керісінше болады… сол жамбасынан тұрады. Д.Досж.
СОЙЫЛЫНЫҢ ҚАНЫ КЕППЕЙДІ
Ат үстінен түспейтін, үнемі қарақшылық, жаугерлікте жүретін содыр адам туралы. * Ол төрт аяқты тағыдан басқа тірі мақұлық жорытпас елсіз түздерде, әсіресе, тақымынан сойылы түспейтін, сойылының қаны кеппейтін жортуылшылармен жиі ұшырасатын. Ә.Кек.
СОҚҚЫНЫҢ АСТЫНА АЛДЫ
Төмпештеп ұрды, әлімжеттік қылып, ұрып-соқты, зәбір көрсетті. ~ Әй, әй, қойсаңшы шырағым,– деп араша түспек болған Есенбайды да соққының астына алды. О.Көш. ~ Зокку болса ақыра боқтап екеуін де сырғауылдай көк таяқпен белдерін қайыстыра соққының астына алып тұр. С.Мұр. ~ Елді солай жайпап тастап Шернияз бен Шадыманды соққының астына алды да бірін арбаның жақтауына асып, енді бірін жерге сулатып тастады. Ә.Әб.
