Posted in

СӘН БЕРДІ

Көркейтті, ажар қосты. ~ Молотилка үйіріп, Төгеді меруерт алтын дән. Жал-жал астық үйіліп, Қырманға көрік берді сән. М.Мақ.~ Бұл мезгілде жер бетін ақ қар басады. Қарша қыз үлпілдеген сәнді көйлегін киіп, айналаға сән бергендей. Қыс мезгілін әсіресе балалар асыға күтеді. БАҚ. ~ Жан-жануар оянып, Әдемі бір ән келді. Бәйшешектер бой алып, Белеңдерге сән берді. А.Ас. ~ Көйлегінің өңіріне қадап еді, асыл тастардай жарқырап, киіміне өзгеше сән берді. Мектептегі мұғалімдерге де, оқушыларға да ұнады. Д.Мам.

Posted in

СӘН КӨРДІ

Әлдебір істі ерекше сәндікке балады. ~ Қазақ байталдарға қосып қысырақтан бөлек үйір жасайды. Жылқысы көп ірі байлар сән көріп қысырақ үйірін қара, көк, торы т. б. бір түстен құрастырады. С.Мұқ. ~ Қазақтың біраз ақындары осы бір мадақ жанрды жағалап жүргені қашан! Кез келген той-домалақта құшақ-құшақ арнау өлең оқиды. Кілең ода, кілең мадригамен ондаған жылдар бойы «жарқырап» жүрген ақындарды білемін. Сонысымен ел қатарында. Кәсіп қылған. Сән көреді. Г.Бель. ~ Германиядағы бүгінгі жарнамалардың дені ағылшын тілінде беріледі. Жастар екі сөздің бірін ағылшынша айтады және мұны өзінше сән көреді. Г.Бель.

Posted in

СӘНІН КЕЛТІРДІ

1. Көркін ашты. ~ Ауылға алыстан, әсіресе, таудан қарағанда–ақ жасыл ағаштың молдығына таң қаласың. Үйлерінің арасы қашық-қашық, әрқайсысының айналасы толған ағаш бақшасы мен картоп, қарбыз, капуста бақшалары. Көгал ауылдың сәнін келтіріп, көңілді қылады. Әсіресе тораңғы әдемі. А.Байт. ~ Бір қыздың қалыңмалына бергісіз еді.» Неке сақинасын қинала-қинала қиып салдырып едім. Сынамасы жоғары: 585-ші! Бетімнің сәнін келтіріп тұратын. «Алтынның буы болады» деген рас шығар, көп күле беретін болғам. Т.Сәу. 2. Мән-мағына берді, қызық қосты. ~ Жар қызығы, жастық өмір қызығы дегенді ұға ма! Өмірдің сәнін келтіріп, жарастықпен ұғысып табысқан екі аққу тәрізді біріне бірі жан қияр жұбайларды біреуінен біреуін зорлықпен ажыратып әкеткелі отыр. Б.Соқ. ~ Не деген шыдамдылық, не деген көрегендік, қанша жерден өңештері жыбырласа да той сәнін келтіретін «ащы суды» дастарханға жолатпаған. Енді еркіндік. Қ.Жиен.

Posted in

СӘН ҚОСТЫ

Көркін арттырды. ~ Үйретті шешем бәріне, Қолөнер, дәстүр мәніне. Киіз үй біздің осылай, Сән қосты әсем сәніне. Г.Нау. ~ ТРТ өнерпазы Барыш Акпынар Әзербайжан әнұраны мен Әзербайжан-Түркияға тән әндерімен шараға сән қосты. БАҚ.

Posted in

СӘП САЛДЫ

Назар аударды, ықылас қойды. ~ Бүгінгі әдебиетке сәп салар болсақ, елдің бәрі батысқа қарап маңырап жүргенде шығыстың желіне бетін берген бір ақын жұрттан өзгешелеу көзге түседі. Ж.Шәк. ~ Салпиған аңқау еріндеріне, сәл бүріскен кішкене құлағының қауметі астындағы қынадай қып– қызыл қалына да сәп салып, көз тоқтатты. Т.Рыс. ~ Әйтсе де, аз аялдап сәп сала қарап еді, мыналардың өз түйелеріне ұқсамайтынын аңғарды. М.Алм.

Posted in

СӘН ҚУДЫ (ҚУАЛАДЫ)

Сән (мода) үлгілеріне еліктеді, әсіре сәндікке құмартты. ~ Хабардар әріңнен де, беріңнен де, Қатпарлы ақын, сән қуған серіңнен де – Мен бір жан көзіне айтар көңіл жықпай, Аға мен ініге де, келінге де. Т.Әл. ~ Мәні де қалмаған секілді, Өмірде «сізің» мен «бізіңнің». Болмаса, болмасын күйім де, Сезіндім тап-таза күйінде. Құмар да емес ем жасымнан, Сән қуған сауықшыл үйірге. А.Жақ. ~ Тарихи дамуға байланысты тері-жүн киімдер дәуірі, жібек пен мата дәуірі, өркениеттің даму кезеңдеріне байланысты өзгеріп, түрленіп, дамып, жаңарып, өткен тарихын тағы қайталап отырғаны анық. Сән-салтанат, сән қуалау, сал сері, хан, сұлтан киімдері, ханша, ханым, ақсүйек киімдері даралана түсті. Ж.Баб.

Posted in

СӘРСЕНБІНІҢ СӘТІНДЕ (СӘТІНЕ)

Қазақ сәрсенбі күнін ерекше, қасиетті күн деп санауына байланысты, сәрсенбі күнгі іс, бастама әрдайым сәтті болады деп есептейді. ~ Ол ақырын ғана көзін ашып «Ә, келдің бе? Сені сарылып күткеніме көп болды. Кел, төрлет! Сәрсенбінің сәтінде сенің де ісің оңға басар» деді Ажалға, бұрыннан аралас-құралас жүрген адамдай бойындағы еркіндікпен. М.Рам. ~ Сәрсенбінің сәтінде туыстары ақ жол тілеп жолға шығарып салды. Құлжа қаласына түс ауа жетіп, арнаулы тексерілетін емханаға барды. Н.Абд. ~ Келесі күн сәрсенбі еді, "сәрсенбінің сәтіне" күйеу баланың екі ағасы, Нұрәли мен Балбала "Терең — Шатқалда" отырған орманшы Ботабайдың үйіне Бөрібай — Бөкеңнің "Волгасымен" келіп, бой жетіп отырған қызы Сәнияға құда түсті. Ә.Тар.

Posted in

СӘН ҚҰРДЫ

Сән-салтанатқа бөленді. ~ Жер сезгендей тыныштық, таң айбынын, Көшіп жатыр көзінен талайғы мұң. Менің елім бұл күні сән құрады: Жүгіргенде қыз қылық тау бұлағы, Тербеледі тіл қатып тал, құрағы. Ф.Оңғ. ~ Саған байлық тілер ем мен, бірақ ол — бір әңгүдік, Есігіңнен кіргенімен паң күліп, Жүргенімен шеру тартып, сән құрып, Саған жолдас бола алмайды ол мәңгілік. М.Мақ. ~ Қосарлы болмас па еді мәңгі жарас, Жалқылық жалғанда бұл сән құрамас. Бұтағын бұдыр-бұдыр кеңге жайып, Жапанда қалай өскен жалғыз ағаш?! Ә.Қай.

Posted in

СӘРСЕНБІНІҢ СӘТТІ КҮНІ

Қазақ халқы сәрсенбі күнін көне замандардан жоғары бағалап, киелі санаған, бұл күні іс бастау, жолға шығу қашанда оңтайлы саналады. ~ Күліп жібердім. – Сәрсенбінің сәтті күні. – Сәрсенбі? Ол қашан? Жүрелеп отыра қап, кішкене саусақтарын бүгіп, біртіндеп санай бастадым. М.Қаб. ~ Сәрсенбінің сәтті күні Гүлнашты ұзатамыз деп отырған. Жол жабдығы толық қамдалып, аттану ғана қалған. Гүлнаш та іліп алар киім-кешегін киініп, қалған-құтқанын жиынтықтап, буынып-түйініп, өз үйінде күтініп отыр еді. Т.Әл.