Мысқылдады, кекетті. * — Түйсігі бар жұрт алдымен іш киімнен бастаушы еді, — деді Бескемпір. — Ши жүгіртпесең ішің кебе ме? — деді Жақып. — Тегі ұрық — шарқыңда әзәзілден туған біреу бар-ау?!. Қ.Ысқақ. * Раушан мен Нұрлан жайында таралған өсек те тыйылмай, өрбіп, өсе берді, «айтар, қояр» деп дүдамалданып, құлағын мақтамен бітеп алса да, тыйылар емес, біреуі болмаса біреуі сөз арасында ши жүгіртіп іліп өтеді, әлде қорыққанға қос көрініп, Мәліктің өзі де сезіктене бере ме… З.Шаш. * — Түйсігі бар жұрт алдымен іш киімнен бастаушы еді, — деді Бескемпір. — Ши жүгіртпесең ішің кебе ме? — деді Жақып. — Тегі ұрық — шарқыңда әзәзілден туған біреу бар-ау?!. Қ.Ысқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ШЕТІН ШЫҒАРДЫ
Әлдебір әңгіменің шет-жағасын, ыңғайын танытты. ~ Мұқым елді шулатқан бір сұмпайы әнеугүні кемпірі осы әңгіменің шетін шығарғанда — ақ жүрегі тас төбесіне шығып, мелшиіп отырып қалып еді. Ж.Сәм. ~ Же! Тойып ал. Ертеңгі жүріске жарамассың. — Шешесі тамақты үстеп салып жатып, келер күннің бір ісінің шетін шығарған. К.Жүн. ~ Демек, жаны төре болғанмен, жаратылысы кара, Қарауылдың бір тамшы қаны, — деп шежіре қарт бір құпияның шетін шығарған еді. С.Ақт.
ШИ МҰРЫН
~ «Мүмкін ши мұрын шығар. Ши мұрындар да атқа мініп, асыр салып жарысқанды жақсы көреді дейтін емес пе еді? Ә.Кек.
ШЕТКЕ ҚАҚТЫ
~ Қолы жеткен кісі басқа руларды шетке қағып, өз руының ғана өкілдерін көтеретін көрінеді. М.Мағ. ~ Біздің ұлы империямыз — көп ұлтты мемлекет. Біз қанатымыздың астына кірем деген халықты өзімізге қосып алмасақ, ешқайсысын шетке қағып қумаймыз… Қ.Жұм.
ШИГЕ ШАНЫШҚАН ҚҰМАЛАҚТАЙ
Ұзынтұра, мойны сидиған, икемсіз адамның сипаты. * Бұрын түкке жарамай, шиге шанышқан құмалақтай, ағаш кеңірдегі сорайып жүрген Томашке «крестиянски нашалнік» болдың дегенге терісіне сыймай, Шəкенге мақтануға бержебайлатып, қоқиланып келе жатқан мəні сол еді. Ж.Айм.
ШЕШЕК АТТЫ
Гүл жарды; жайқалды. * Бір күндерде жалаң құздың басындағы тақыр құм мен тастақты жарып, әлсіз нәзік шешек атып, жас шынар пайда болған. М.Әуез. * Жылтыраған үміт ұшқыны перне сайын шешек атып, жарқылдай жөнеледі. Ғ.Біләл. * «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт заманға талпынып үздіккен үміт пен мұң шұғыласы шешек атты балбыраған түннің барқыт қанатында. Ғ.Біләл. * Түу, біздің ел деген гүл-гүл жайнап тұр екен ғой шешек атып. Т.Сәук. * … эмансипацияның гүлі барынша шешек атқан елдің ерке-тотай қызына мұның бәрі сорақы, жан шошытар жабайылық боп көрінді. Т.Сәук.
ШИДЕЙ МАЙЫСТЫ
Жапа-тармағай құрмет көрсетті д.м. * Шеттен келгеннің алдында шидей майысатын бұл ауылдың да әдеті екен, бізді жер бастырмай күтіп апты. Ж.Нәжім.
ШЕШІЛЕ СӨЙЛЕДІ
Ағынан жарылды, ойындағысын жасырмай жайып салды. * Енді бірде шешіле сөйлеп, үй ішіне оң шырай беріп отырғанда, — Құдайға шүкір, тұғырдан түсіп отырған ешқайсымыз жоқ қой. Көмекшісін берсе әне, бермесе тағы әне,,, Тас түссе талайымнан, тіптен бермесе екен, "еһк" дер ме екем… Жылда біреумен ырың-жырың болғанша, өзіміз бен өзіміздің дөңгеленгеніміз көш артық, — деп табиғатында жоқ көнбіс мінез танытқан. А.Сейд.
ШӘЙДАЙ АШЫҚ (КҮН)
* Ертеңіне күн шайдай ашық болды. Ә.Шәр.
ШӘЙІ (ЖІБЕК) ОРАМАЛ КЕПКЕНШЕ
Тез арада; көп ұзамай. * Әкеңнің ашуы шапшаң. Біреудің сөзіне шарт етіп, кейіп қалатын. Бірақ, бес минут өтпей-ақ әлгі адаммен қайта татуласып, күліп-ойнап отыратын. «Жақсыда кек жоқ», «Жақсының ашуы шәйі орамал кепкенше» деген сол шығар. Ү.Жәлеке. * Айналайын десең өзіңнен пәруана болар аңқылдаған, ақ көкірек, жаны жадыра, дық-кек сақтамайтын, жібек орамал кепкенше көңіліндегі мәлөлдік тегіс ада болар адамдар еді. Б.Қыдырб.
