Тынымсыз соққан бірқалыпты жел. ~ Бұл тұста ағаш сирек, содан ба екен, теріскейден осындай көктем ортасында тынбай уілге басатын даланың сары желіне тоқтау болатын ештеме жоқ. О.Сәр. ~ Желмая мініп жаһан кезген Қорқыт әулиенің құлағында ысқырып ойнаған Сарыарқаның сары желі жаттанды дала әуенін Боранқұлдың құлағына да әу бастан құйған екен. Ғ.Біл. ~ Тағы да күре жолға көз тікті. Сары белде сары желдің шалқыған сағымы ғана қалыпты. Ол мең-зең боп, иіс тиген адамдай теңселе басын үйіне беттеді. Қ.Ысқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
САРЫ МАЙДАЙ ЕРІДІ
Көңілі босап, елжіреді, тебіренді. * Шіркін-ай деген. Кісіні тебірентер не қилы сыр болады ғой, Мақұлбек тап әлгі сөзді естігенде, сары майдай еріген, құрақ боп иілген. Қызды атына мінгізіп, өзі жаяу жетелеп үйіне апарып салған. Д.Дос. ~ «Қойсаңшы, қар!» – деп дауыс салған ханшасын құлашын керіп, қамшының астына алғалы оңтайлана беріп Аюке хан қалт кідірді. Темірдей дәті тапқа қойған сары майша еріді. Азынаған әйел даусы етінен өтіп сүйегіне жетті. Боркеміктеніп босады. Д.Дос. ~ Қолың сыңғырлардың жазған хаттарының түрін көрсең бар ғой, ішек бауырыңды елжіретіп, тұла бойыңды сары майдай ерітеді. Жүрегіңді жіпсіз суырып алады. Ойыңды матап, басыңды шырмап тастайды. Сен де сондай жемтіксің!» — дейді күйініп. Р.Рай.
САРЫ ЖЕЛДІРДІ
Аттың шабуға жақын қатты жүрісі туралы. ~ Қашан бойы үйреніп, еркіндігін сезінгенше маңына жуымай шақырым жерден қара үзбей сары желдірген жігіттер де торбестіні ықтиярымен жіберген. С.Жүн. ~ Торбестіге құрық салған осы маңның жылқышысы еді. Жолаушыларды бастап, сары желдіріп от көрінген жаққа беттеді. С.Жүн.
САРЫ МАЙДАЙ САҚТАДЫ
Қымбат тұтты; пәле-жаладан қорғаштады. ~ Қоқырсыған құрақтың әрқайсысының өзіне орны бар, бұлар сары айдай сақтап жиып жүрген мүлкі. Б.Май. ~ ~ Мына төменгі ауылда, белгілі жердің қызы. «Бой жетті, сары майдай сақтаған баламды алып кет», — деп хабар айтыпты Хасен деген атаң. Не дейсің, балам? Н.Сер. ~ — Кімнен туам, ешкіммен байланысым болмаса, — деді ұяла даусы күмілжіп. Байланысың болмаса – байланыс жаса. Қашанға асылыңды сары майдай сақтап жүрмекшісің, — деген жеңешесі көзі күлімдеп аяқтады сөзін. С.Досж. ~ Самсаған сары қолға шауып таныла алмасақ та, біздің де қарынның құрышына сары майдай сақтап жүрген бір кеп болушы еді. К.Сег. ~ Уылжытып өсіріп, күннен, келеңкеден қорынып сары майдай сақтап келгенде… қызығын көрсетер, мерейін өсірер деп үміттенгенде… сол майды ит жалап кеткендей көрінді. Д.Дос.
САРЫ АРҚА
Алысқа созылған ен дала, жазық өлке; кең жайылым. Поэтикалық ұғымға айналған теңеу. * Сары арқаны сайраңда, Жайыла бер жұлым көк. С.Мәул.
САРЫ ЖЕЛІС
Бір қалыпты қатты жүріс. ~ Сылаң еті бар екі қодыр ат қажығандығын білдірмей, көшір жігіт божы қаққан сайын ығыса жөнеліп, сары желіп келе жатыр. М.Әу. ~ Ержол ұзақ жортты. Бет алысы белгісіз. Жұлдызы самсаған тұңғиық түнді жамылып, сары желіп келеді. С.См. ~ Қияқ жалы су-су етіп, өз дүбірінен өзі шошып құйғытып келеді. Гулеген желден басқа бөтен сыбыс жоғын сезіп, кейде сары желіспен жортақтаса да, жаңағы арттағы сұмдық қайта есіне түсіп қолына көлденеңдей сойыл, құрық ұстаған қорқынышты жат адамдар соңынан қалмай өкшелеп қуғандай елеңдеп, тағы да үркеді. С.Жүн. ~ Денесі қызып, аздап қолтығы терлеген соң бір–екі рет қатты пысқырынып алады да, аяқты кере, көсіле тастап сары желіске салғанда бөккенше жортады! С.Бақ. ~ Түлкідей жарау, жүрдек ат сары желіске салғанда, сағатына отызқырық шақырымды алады. Ө.Кәр.
САРЫ АТАН
Көш алдында жүретін, үлкен, жүкке шыдамды түйе. ~ Ақ қарабас ылақайына қызыл шашақ тағып, үкілеп, ат қып мініп, өзі құрбы балалармен жарысар еді. Жатқан сары атанның үстіне бала біткен жабылғанда, атан ұшып түрегеліп, балалар өркешіне, мойнағына жабысып «жығылдым, жығылдым!» деп шуласар еді… Ж.Айм. ~ Жұмабай жас баланың пішініне ырза болып қарады да, үндемеді. Байтас Абайды құрбысындай қағытып: – Жарайсың, «ғайыпқа бұйырмаңыз». Сенің мынауың, менің: «Көшкенде жүк артамын сары атанға, айтамын не бетімді Ойке апама?!» деген өлеңім сияқты болды-ау! — деді. М.Әу.
САРЫ ЖІЛІК
Орта жастардағы кісі (мал). ~ Омбының көшесінің ұшы-қиыры жоқ. Таусылар емес. Аяңдап келеді. Бақайшағы майысады. Тер пұшпағынан ағады. Арығы жеткен қарындасы жаяуға жарамады. Сары жілік інісі ғана шыдап келеді. Ж.Айм. ~ Гүл ұсынып, құшақтасып, сүйісіп жүргендердің ішінде ірі қызметкердің сары жілік бәйбішесі де бар. К.Тоқ. ~ Омбының көшесінің ұшы-қиыры жоқ. Таусылар емес. Аяңдап келеді. Бақайшағы майысады. Тер пұшпағынан ағады. Арығы жеткен қарындасы жаяуға жарамады. Сары жілік інісі ғана шыдап келеді. Ж.Айм.~ Қабырғасы жазық қартаңнан Сойысын тартып қойғанмын. Сары жілік байталдан Ту биемді сойғанмын. Тұрап нарын қойғанмын. Бәрін бір жиып келе көр. Ә.Марғ. ("Көкетай ханның…")
САРСҮЙЕК ҚҰДА
Ескі, бұрыннан алыс-берісі бар құда. ~ Бас құда Айданақпен руласпын. Сондықтан, осы үйге мен де сарсүйек құданың бірі болып табыламын, – деп әлгінде бата жасалған ақ сарбас қойдың басын өзіне тәуелдейтін сыңай байқатып бір тынды. Ғ.Біл. ~ Ши– амбы бейне бұлардың сарсүйек құдасы, не нағашысы секілді, үлкен ұлықты бел көріп, өзімсіне, дабырайта ауызға алысады. Қ.Жұм. ~ Бұл жолы да, осы төрелерді жеңуге зор себеп болған алыстан ойлаған есеп барды. Ол – сарсүйек құда болу, тамыр– таныстың жайларын пайдалану, әсіресе 48 болыс майқы– бошан арғынды бір шыбықпен айдаған Алшынбай дәумен құда болу, соның жәрдемімен сұлтандықты төре тұқымынан тартып алу болатын. Ә.Жиреншин.
САРТ-СҰРТ ҰСТАСТЫ (СОҒЫСТЫ)
Жанын салып арпалысты. ~ Олар бір-біріне бураша шабынып тұрып, сарт-сұрт ұстасып қалысты. Шолақ дамбалдан басқа етінде дәнеме жоқ, бірін-бірі жұлқыласып, езгілесіп, жеп жүр. І.Жанс. ~ Долы екпінін тежей алмай, қасарысып қарама-қарсы келген қос дүлей артқы аяқтарымен тік тұрып кетіп, алдыңғы аяқтарын адамша серместі. Болат тұяқтар сарт-сұрт соғысты. Н.Сам.
