Әуре-сарсаңы көп күйбең тіршілік. * Оның қате, меніңше, үйленуге, Әйелдің сырын оңдап білу керек. Өмірден көп тәжірибе алу керек, Еркін жүріп, жастықтың дәмін татып, Сол сарпалдаң өмірден қашу керек. Ж.Айм. ~ Осы сарпалдаң тірлікте атақ пен даңқтан да жалығар кезі болмаушы ма еді пенде баласының. Шау тартқан жан «маған бәрін бер» деп емес, «халқыма не бердім» деп ойласа керек-ті. А.Күнт.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
САРЫ АЛТЫНДАЙ САҚТАДЫ
Ерекше бағалады. ~ О, дүниеде бұдан тәтті тамақ бола қоймас. Әлде, Қырғыз атаның қолының сиқыры бар ма, мұндай шырын нанды сары алтындай сақтап, дәмін ұзағырақ татқымыз келеді. Қайран, қозы қарынның майы-ай! Ш.Мұр. ~ Гүл-гүл жанған тұрмысын, сары алтындай сақтап келген әйелін көрсетіп мақтанғысы келді ме, әлде бала жаста бірге оқыған жолдасымен дөңгелек стол қасында отырып, бір құмарын тарқата сырласқысы келді ме, әйтеуір ол қой жүніне ілінген тікенектей маған жабыса кетті. І.Ес. ~ Теңіз уақытымызды көңілді өткізіп қана қойған жоқ, сонымен қатар, өзінің сары алтындай сақтаған құпия сырын да ақтартты. Ж.Верн. ~ Сары алтындай сақталған сөзім менің, Тағдырыңды жиі ойлап көз ілмедім. Сөз – бала ғой, Баладан анасының Қай уақытта көріп ең безінгенін?! С.Тұрғ. ~ Қанды көйлек жолдасты Сары алтындай сақтадым. Есет би.
САРПАЛДАҢҒА САЛДЫ
Әуре қылып, жүгіртіп қойды. ~ Соның өзінде кейбір мәселелер заң-ережелердің бір-іріне қайшы болуынан жүздеген адамды сарпалдаңға салып отыр. БАҚ. ~ – Бұл Көкқасқа ат қой? – деймін. – Дәл айтасың, тасжарғаным. Сол жануардың тап өзі. Тағы да сарпалдаңға салып соңынан қуып бердік. Т.Жақ. ~ Мықтадым дегенде екі жақты бітпес дауға, сарпалдаңға салып, мал-дәулетін паралатып созбұйдаға салады да жата береді. Ш.Рах.
САРЫ АЛТЫНДАЙ САЛМАҚТЫ
Аса маңызды, құнды. ~ Әдебиетіміз үшін де, адамдығымыз үшін де сарабдал ойлармен сары алтындай салмақтылық керек. Кеңеспен пішкен тон келте болмайды. Ж.Шәк. ~ Бейнесін берекетті Шалдарымның Санамда сары алтындай салмақтадым! С.Ад.
САРПАЛДАҢҒА ТҮСТІ
Әуре-сарсаңға түсіп, ығыры шықты. ~ Нарықтық экономика мен табиғи ассимиляация санасы сарпалдаңға түскен халыққа мысық табандап жетті. Жай жеткен жоқ, желкесін қиюға харекет жасады. Ж.Шәк. * Жылқышы бәйге шабдарын шалдықтырып, салқар көш жерге дейін сарпалдаңға түскен жортуылын өзінше оймен шолды. М.Алм. ~ Хикаятта кейіпкер аузынан берілетін мынадай толғамды тұжырым бар: «Қанша сарпалдаңға түсіп, атақ-даңқ жолында арпалыссаң да, түбінде бір күпті боп жирене қарайсың. Сол үшін төгілген тер, жұмсаған қайрат-жігеріңе өкініп, опық жейсің. Т.Әшім. ~ Күнестің айдай аруы ойынан бір сәт кетер емес. Оның соңынан сарпалдаңға түскен ақын күнді бетке алып самғап келеді. Ы.Әд.
САРЫ АЛТЫННЫҢ БУЫНДАЙ (БУЫНАН)
Сөз жетпес сұлулық теңеуі. ~ Сөйлеген сөзін байқаса Тұнығы зәмзәм суындай, Ауызының демдері Сары алтынның буындай. «Осы болар Жібек» деп, Төлеген мырза қуанды-ай. "Қыз Жібек". ~ Шал шатаса бастады, бірді айтып бірге кетеді: Тегімді менің сұрасаң, Қалың найман нуынан, Жырымды менің сұрасаң, Сары алтынның буынан, оу–оу, буынан, – дейді де, домбырасын онды– солды сабалап, қайран заман, аман бол, ер шөгіп, есер ер жетті, – деп менің жыныма тиді. О.Бөк. ~ Енді маған күн де күлімдеді, ай да жарқырады, ауа да жақсарды. Сары алтынның буына масайғандай, кеңілім көтеріліп, көзім күлімдеп, мәз болдым да қалдым. Ә.Нұрш.
САПАРЫН ОҢДАДЫ
Жолы болды, сәтін салды. ~ О, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай, Шуыртпалы Ағыбай, Әлтекеде Жидебай, Қарашорда Сеңкебай — барлық батыр бабалар, бәріңнен де соны тіледім. Мәдиімді қолдай гөр, бар сапарын оңдай гөр. Ә.Әб.
САРАҢДЫҚ ЖАСАДЫ (ҚЫЛДЫ, ІСТЕДІ)
Тарлық қылды, сараң мінез танытты, аузын құр шөппен сүртті. ~ Сонда Қыдыр: «Сен қалай Атымтай бола аласың? Ол күніне неше барсаң да бетіңді қақпайды, ал, сен екі келгенге сараңдық жасадың!» — депті-міс. С.Мұқ. ~ … «алла тағала маған келгенде мұнша неге сараңдық істеді екен? Жазығым не? М.Сүн. ~ Небәрі кішкене құнт-ықылас болса жетіп жатыр. Бірақ кейде соның өзін де, бір-екі ауыз жылы сөзді де қимай, сұмдық сараңдық жасап жібереміз-ау. Көбіне құнттамаймыз ғой. Н.Кел. ~ Дұрыс, Шолпанның жаны Әзімбайдан айырыла алмағанға бала іздегеннен аз азап шеккен жоқ. Ежелден көз жасына сараңдық қылып үйренбеген Шолпан бұл туралы да талай түндерде жылады. М.Жұм. ~ Биылғы жаз жаңбырға сараңдық жасады. О.Бөк. ~ Тек анау жазық екі иықтың ортасына, табиғат мойын жағына сәл-пәл сараңдық істеп, төбесі жалпақ, қалың, ақ бурыл дудыраған шаш пен шықшытты қарбыз басты қондыра қойғанына ғана қынжылар едің. М.Сүн.
САПҚА ҰРҒАНДАЙ
Өңі сұрланып, жүдеу тартты. ~ Қыз таңертең сапқа ұрғандай сылынып жүдеп тұрды. Екі бетінің қаны қашып, қағаздай аппақ еді. З.Шүк. ~ Ауылға таң ата жетті. Жанқожаның түсі сапқа ұрғандай, атқа шаққа отырып келді. Нәр татқан жоқ. Ешкіммен сөйлеспейді. З.Шүк.
САРАПҚА САЛДЫ
Сынады, тексерді, бағалады. ~ Алтынын алып берді қолындағы: — Сарапқа сал бар даға шәрыңдағы Алтын емес деп біреу айтса, балам, Алдамшы, амалым жоқ, болдым дағы. Абай. ~ Төрт жағы түгел қыспақ елдің бұдан былай қайтып күн көре алары сарапқа салыныпты. Ә.Кек. ~ Осындайда адамның бар өмірі сарапқа салынып өтетіні бар ғой, Айкүміс өзінің өткеніне де көз салды. Ғ.Сл. ~ Біздің тағдырымызды сарапқа салар одан да басқа тарихтың құбылыстары барын ұмытпау керек. Ш.Айт.
