Posted in

ІЗ-ӨКШЕСІНЕ ТҮСТІ

~ Бұрын да қыздың із —  өкшесіне түсіп, көрінген жерде жармаса кететін желаяқ бозбалалар, Оспанның айттырып қойғанын білген соң одан бетер құтырып кетті. С.Ом. ~ Қызыңды Әлиге бермедің деп із – өкшеме түсіп алған қызыл көз пәле Аралбайға енді Бойков қосылды. С.Ом.

Posted in

ІГІР ДЕ ЖОҚ, МІГІР ДЕ ЖОҚ

Ай-шай жоқ, түк айтпастан, оқыстан.

* Ал енді әлгі баласының бір күні ігір де жоқ, мігір де жоқ білегінен жетектеп әкеп, кіргізетін шүйке басы қайда? Ә. Кекіл. ~ Хан келгендерді майханасына шақырды. Әлгі жылмаңтөс ігір де жоқ, мігір де жоқ, оң жағына кеп тізерлесіп отыра кетті. Мұның ишарасын да күткен жоқ.  Ә.Кек.

І

Posted in

ШЫТУ ҚАБАҚ

~ Оның есесіне оның әйелі Торғын аты соншалықты әдемі, жібек болғанымен жаңбырлы күнгі кендір түйініндей, шиеленіп қатып қалған, бір көрмеге сыр бермейтін, жалтылдап жақсы көрінетін солай ақ жарқын көріну үшін сампылдап қатты сөйлейтін жұқалау, ақ құба, қаймақ ерін, шыту қабақ кісі болатын. Б.Қыд.

Posted in

ШЫТЫРАДАЙ АҚ КИДІ (АҚ ШЫТЫРА КИІНДІ)

* Жақанның көз алдына үсті-басына шытырадай ақ киіп, Теңбілкөкке мініп көлденеңдеп жүрген өзі келді. Онда, шіркін… Ә.Кекілб. * Әлгі бір ақ шытыра киініп, ақ құйрық папирос тартқан сылқым Жақан лезде ғайып боп, көз алдына кең танау, шара көз шабдар айғырдың үстінде жапаттайы жапырайып далдаң-далбаң шауып бара жатқан жалақ ауыз Жақан елестеді. … Есіне баяғы ақ шытыра киініп, Теңбілкөкке мініп, сыланып-сипанып ел қыдырып жүретіні түсіп, езуіне бір тыжырынған күлкі жүгірді. Ә.Кекілб.

Posted in

ШЫРЫ КЕТТІ

Ары өткен шекарадан ағайынға Басына малдан озып шығын жетті. Қытайдың қол астына үрікпей қалған Тым онша біз сияқты бүлінбепті. Таланған мал мен бастың есебі жоқ, Қайран Албан бұзылып, шырың кетті. Ілияс.

Posted in

ШЫРЫҚ БҰЗДЫ (БҰЗЫЛДЫ)

~ ~ Бұрын әлде кімнің балаларындай шырық бұзып, ата-анамен тайталасып, жүз шайысып жатпайтын ұл, қызына іштей разы болатын әке, бұйығы, үстіне ілетін киім мен алдындағы асты ғана білетін жетесіз болып өскеніне енді ғана намыстанайын деді. Қ.Ысқ. ~ «Дүниеқоңыз қорқау шал, енді маған әкіреңдегенді шығарды шаршы топтың көзінше. Бір заманда дәуірледік, бір заманда тоздық шапанның ескісі құсап. Арадан ажар кетті, шырық бұзылды. Бұ да болса тағдыр. Ақыры не болады. Ш.Мұрт. ~ Қызды алатын сендер ме, Құлшығаш па? О несі-әй?! – деп Үрбала тағы тосыннан қойып қалды. Шырық бұзылды, сөз үзілді. Д.Дос.

Posted in

ШЫРЫҚТЫ (ШЫРЫҚ) БҰЗДЫ

~ «Ары жат, бері жат – төсектің тарлығы, ары отыр, бері отыр – көңілдің тарлығы». Әлде көңіліміз тар ма?.. Жо-жоқ, бұлай болжау – қиянат. Халқымыз жомарт, алды ашық, құшағы кең. Шырықты бұзатындар – ат тебеліндей тобыр ғана. Қ.Тол. ~ — Қазақта пәлсәпа көп, — деді Бескемпір. — Соның бірі, әйел қызғанатын еркекпен қос болма деуші еді. Қызғаныш шырық бұзғаннан басқа не әкеледі?.. Қызған, қызғанба, қатын қағынса бақырайтып қойып та көзіне шоп салады, вот так вот! — деді Бескемпір. Қ.Ысқ.

Posted in

ШЫРЫЛДАҒАН ШЫНДЫҚ

Ащы ақиқат. * Қуаныш пен қайғы-қасіретті айқын сипаттай біліп, шырылдаған шындыққа сүйенген поэзиясы өмірдің бір шетін тесіп шығады. К.Салық. * Шырылдаған шындықты от ішінен. Алып шығам сәбидей бесіктегі. Қ-М.Әли * Мойындау ауыр, ащы, жаныңды ауыртып барады бірақ шырылдаған шындық осы. Аспанға атыл, көкке шаншыл аласұр сыртқа тістеніп… М.Мақат. ~ Бұл, көзінің тірісінде ешкімге қастандық жасамаған, қайта өзі қастандыққа ұшыраған, әрі мас­ күнемдікке салынса да, шырылдаған шындықты айтудан бір жазбаған, озбырлық, жемқорлық, әділетсіздікке жаны қас пенде болатын. Т.Рыск.