Жапа-тармағай құрмет көрсетті д.м. * Шеттен келгеннің алдында шидей майысатын бұл ауылдың да әдеті екен, бізді жер бастырмай күтіп апты. Ж.Нәжім.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ШЕҢГЕЛІНЕН ҚҰТҚАРДЫ
~ − Еркін оқуға қолын жеткізсек, содан кейін өзің айтқан қырқылжыңның шеңгелінен құтқарып алсақ, бұл да болса кесек жеңіс болар еді. С.Ом.
ШЕТ ЕМЕС
~ Бұлардың мәжілісінің тамағы —қымызға араласқан арақ; ойыны — карта, сауығы — домбыра, гармонь, анекдот; әңгімесі — газет хабары, журналға жәрдем, серіктік жер хақында, съезд жайында, мектеп мәселесі сияқтылардан болатын еді. Біздің қажымызға мұндай мәжіліс те шет емес еді. І.Жанс.
ШЕҢГЕЛІНЕН ҚҰТЫЛДЫ
~ Сірә ол елсіз далада көзге көрінбей келіп, тұла бойды зілдей басатын жалғыздықтың шеңгелінен құтылғанына қатты қуанған болу керек, аспанның күні мен даланың желі құшырлана көгі сүйгендіктен, алтынға буланған күміске ұқсап, нарттай тотыққан бетіне шаттық нұры ойнап шыға келді. Ұсынған қолымды алмай, күле қарап тұр. Ә.Әб. ~ Қабанбаевқа найзадай қадалған жайсыз әңгімені ұзаққа созғысы келмеген Иван Петрович: − Сізбен сөз бітті! Мықты болсаңыз кәрі қыранның шеңгелінен құтылып көріңіз! -деп сұсты пішінмен сөзін түйді. С.Ом.
ШЕТ ЖАҒАЛАП (ЖАҒАЛАЙ)
Аз-аздап, ептеп-септеп. ~ Семей облысына көршілес болыс – Ақмоланың Қараөткелі, Жетісудың Шұбарағаш, Лепсі-Қапал, Аягөзі де ұзынқұлақтан сол жаманаттан шет жағалап естіген-ді. М.Әу. ~ Ана жолы сөз арасында балалар үйінің мектебін орысша бітіргенін, университеттің тіл факультетінің қазақ бөліміне әдейі таңдап түскенін шет жағалап сездірген. М.Қаб. ~ Күйеуінің осы кәдігін шет жағалап есіткен Масаты, жаны ыршып шошып түсті. З.Шүкір. ~ Бұл жерде тек қоғамымызда қалыптасып алған, сіресіп қатып қалған баяғы бір әкімшіл-әміршіл тірлікті шет жағалай болса да көрсете кету ғана мақсат тұтылғаны анық еді. С.Иман. ~ Партияның нақты, жылдам жұмысына үйренген, бірдеңені шет жағалап естіп қалса, қашан көзбен көріп, қолмен ұстағанша дегбірі қалмайды. М.Қаб.
ШЕҢГЕЛІНЕН ҚҰТЫЛМАДЫ
~ Түлкі десе түлкі екен. Рулы елден өзге жан таппағандай астымдағы атымды пайдаланып, алдап соқты. Түс қайта түлкінің ізін кесіп, қасқамен қайырып ем, қыранның шеңгелінен құтылмады. Ы.Дәб.
ШЕТ ЖАҒАСЫ
Шағын бір бөлігі, шеті. ~ Колхоз жайының шет жағасын жолда естіп ем. Жаңа көзіммен көрдім. Өте ауыр екен. С.Жүн. ~ Әміре Әрін: Аға, тым ашына, қызына сөйлеп кеттіңіз-ау. Ондай әңгіменің шет жағасын мен де естіп жүр едім, сізден несін жасырайын. С.Иман. ~ Алты жасар бала ауылдан қозы көштік сапарға шықса да ағайын болып тізгінін түзеп, үзеңгісін туралап, ақсарбас шалатын дәстүр қайда? Жер шетіндегі Жапония тұрмақ іргедегі Мәскеуге нөкер жинап ұлы жіңгір салтанатпен аттанғандардың да шет жағасын көзіміз шалып қалған, жолаяққа шақырмаса да жортаңдап жүріп жоралғысын жасайтын жандайшаптарды да ептеп көрдік. Ғабеңнің мұнысы несі?.. Қ.Ысқ.
ШЕП БҰЗАР
Жауға алғашқы соққы беретін, алдыңғы қатардағы қол. ~ Керей жауынгерлері барлық ұрыстарда шеп бұзар алдыңғы қосында жауға атылар жебенің алғашқы оғы болды. «Екі Керейдің басы қосылса, Жоңғар жылаған! Он Керейдің басы қосылса, Орда құлаған!» деп басталатын ескі жырлар да сол кезде туса керек. Ж.Шәк. ~ Алдында қабат-қабат темір тор – басынан бақайшығына дейін коғала болат құрсанған Шыңғысханның ең таңдаулы шеп бұзар батырлары. Артында бірнеше арқан бойы тереңдікте шымырлап қайнап жатқан қара қазан-өр Алтайдың Қара Ертісі. Ж.Шәк. ~ Сүйікті ұлы мен шеп бұзар жауынгерлерінің қайғылы хабарын алған Тұмар Кирге жаушы жіберіп, оған өзінің соңғы сөзін жеткізеді. БАҚ.
ШЕТ ЖАҒАСЫН АЙТТЫ
~ . Мәселен, адам тұлғасының екіге бөлінуі деген құбылыс бар. Мен өткенде де бір рет сізге шет жағасын айтқан болатынмын. Т.Әбд.
ШЕП БҰЗДЫ
Жау қатарын бұзып өтті, соққы берді. ~ Қалаға баруға қауқар жоқ, барған күннің өзінде шеп бұзар қауқар жоқ. М.Мағ. ~ Ол минуттарда сен окоптан басыңды көтере алған жоқсың, қараңғы қапастай қара ойың маған белгілі. Егер жау шеп бұзып өте қалса, лып етіп солардың қатарына қосыла кету еді. Р.Рай.
