~ . Мәселен, адам тұлғасының екіге бөлінуі деген құбылыс бар. Мен өткенде де бір рет сізге шет жағасын айтқан болатынмын. Т.Әбд.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ШЕП БҰЗДЫ
Жау қатарын бұзып өтті, соққы берді. ~ Қалаға баруға қауқар жоқ, барған күннің өзінде шеп бұзар қауқар жоқ. М.Мағ. ~ Ол минуттарда сен окоптан басыңды көтере алған жоқсың, қараңғы қапастай қара ойың маған белгілі. Егер жау шеп бұзып өте қалса, лып етіп солардың қатарына қосыла кету еді. Р.Рай.
ШЕТ ЖАЙЛАДЫ
* Ренжімесең барғаным жон болар, ─ деп күректей алақанымен қолымды қатты қысты. ─ Ал қарағым, жат бауыр болып алыстай бермей, жиі-жиі келіп тұрсаңдаршы ауылға. Шет жайлағанның қызығы болса, біз де көргенбіз. Айналып келіп таптық қой туған жерді. С.Шайм.
ШЕПКЕ ҰСТАДЫ
~ Аттанып шыққан жеріңді айт, аттандырған еліңді айт! Бетке ұстаған патшаң кім? Шепке ұстаған батырың кім? Мұнда келіп неге қағындың? Ғ.Біл.
ШЕТ КӨРМЕДІ
Дұрыс деп санады, қарсы болмады. ~ Әйтсе де жан баласына тіс жарып «иә, солай еді» демегені рас. «Наурыздың жолына құрмалдығым»,— деді. Жас келіншектің мұнысын ел шет көрмеді. М.Сүн. ~ Ұлбосын Күреңбайды онша шет көре қоймаса да, құлақкесті құл атанған жоқ- жітікке басын байлағысы келмей, ретім келмейді деп бірден меселін қайтарып тастаған. С.Ом.
ШЕР (ШЕРІН) ТАРҚАТТЫ
Қайғы-мұңын айтып, көңілін босатты. Не де болса, шалдар шер тарқатып, жастар думан-датқан торқалы тойдан ол сынып қайтты… Т.Әл. ~ Қаралы жиында сөз сөйлегендер Таласбек ағаның өмірі мен шығармашылығы, адамгершілік қасиеттері жайында шер тарқатты. БАҚ ~ Ініңізді қасыңызға алып жатыңыз да, шер тарқатып, емін-еркін әңгімелесіңіз, ағалық ақылыңызды аямаңыз. М.Қаб. ~ Дауысында әзілі де, кекесіні де қоса байқалды. Бұны Бұқабай қыздың беті бері қарағандығы деп ұқты. Енді тек уәдені көлитіп ең болмаса құшақтап, сүйіп, бір шер тарқату керек. С.Ел. ~ Қарияның бұл қылығын Нұрлан өзінше ұғынды: алты ай қыс мал ішінде күн өткізген шал, анда-санда түскен қонақтармен әзілдесіп шерін тарқататын болар, егер сараңдығы ұстамаса… З.Шаш.
ШЕР БОЛДЫ
Қайғы-мұңға айналды. ~ Берсін атам, малға сатпай, теңіме, Маған жолдас ол мал болмас, ер болар! Құр қызықсаң ата заты, тегіне, Көзің нұры балаң өмірі шер болар. М.Жұм. ~ Жігіттің әкесіне хабарлады, Шер болып кеудесінде сан арманы. БС "Кенжекей…" ~ Ертең кіндігімді кескен, ата– бабамның сүйегі жатқан қасиетті топырақтан әр қадам ұзаған сайын соның бәрі қосылып жүрегіме шер болып қататыны, өзегімді өртеп, қанымды қарайтатыны белгілі. О.Көш.
ШЕР БОЛЫП ШЕМЕНДЕНДІ
~ Ақтарыла жөнелгісі кеп күмбірлеп құлшынады. Көкірегінде көптен шер болып шеменденіп жатқан ащы запыран күйін домбыраның тілімен ағындап тұма бұлақша атылғысы бар. С.Ел.
ШЕР КӨКІРЕК
~ Арқадағы ақтүтек Айдағар жел бұл емес. Бұл емес шер көкірек, Қайда, кәне қараңғы үй? І.Жан. ~ Бұл жаңалыққа, жақсылыққа үрке қарайтын, талантты танығымыз келмейтін ежелгі әдетіміз еді. Осының бәрі шер. Шер көкірек қуысын мекендеп, берішке айналды, мезгілсіз дерт сыйлады. Ж.Шәк. ~ Алты жастағы баласы атқа қонса, апасы тақымын қысатын қазақы салтпен есейіп, шет жұртта шер көкірек болған талай ақын да ұлт азаттығын аңсап арманда көз жұмды. Ж.Шәк. ~ Адамдарға сақтана, үрке қарайтын сезіммен бұл әңгімелерді қаншама жыл жүрек түкпіріне бойтұмардай сақтап, жасырып жүрді. Соны айтқан, өлге-өлгенше «Сайқан-Сауырым» деп жылап өткен шер көкірек әкесі бұл пәнимен ерте қоштасты. Ж.Шәк.
ШЕР КӨҢІЛ, ШЕМЕН ЖҮРЕК
~ Мына жатқан әлгі олжалап келген балама, е байқұс-ай бұл да жұдырықтай болса да шер көңіл, шемен жүрек байқұс ғой, әйтеу қарнын тойдырып, көз-құлақ болып жүргейсің! Б.Жұм.
