Posted in

ҰРҒАН САЙЫН БОРСЫҚША СЕМІРДІ

Басына қандай қиындық түссе де, жасымайды, қайта бұрынғыдан бетер оңала түседі д.м. * … Ол — бір сынап. Оның өтірігіне найза бойламайды. Ол бір — су; орысшаға да, қазақшаға да бірдей. Ол талай қызды алып қашқан, талайды тастаған; қатын алу, тастау оған тымақ ауыстырып кигенмен бір есеп. Оның басына қандай тас тисе де, бір қайтпайды; ұрған сайын борсықша семіреді. Ж.Айм. * Мешелдің бойы таяқтан өспей қалды ма, борсықша ұрған сайын семіретін рухани мешелдік соның зардабы еді. Қ.Ысқ.

Posted in

ҰЛЫН ОЙҒА, ҚЫЗЫН ҚЫРҒА БЕЗДІРДІ

Бала-шағасын тентіретті. ~ — Тізе жылытам деп желігіп жас қатынға үйленді, өгей шеше әперіп, ұлын ойға, қызын қырға бездіріп жіберді. Бар бәле осы қарағымның өзінен, — деді Қалиасқар. — Қылдан қиқым іздемей тыныш отыр! — деп Қаншайым шалының әзілін жақтырмай қалды. З.Қаб.

Posted in

ҰЛЫН ҰЯҒА, ҚЫЗЫН ҚИЯҒА ҚОНДЫРДЫ

Ұлын үйлендіріп, қызын тұрмысқа беріп, құтты орындарына қондырды. ~ Сол Әлкен қазір ұлын- ұяға, қызын қияға қондырған. Балалардың бәрі сыртта, баяғы кеңшар салып берген «шпал» үйде кемпірі екеуі ғана тұрып жатыр. Ж.Сүл. ~ Кезінде үлгілі ұстаз, маңдай алды мұғалима болған Күләш марқұм ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, бәрінен де немере сүйіп, жан жары көрмей кеткен қызыққа шүйгіп, Мұсаханнан отыз алты жыл кейін өмірден озды. С.Ақт. ~ Елім-жерім деген заматтарымыз, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған текті әулеттерден уызынан жарып, ізгілікті тәрбие алған мерейлі отбасылар қаншама! БАҚ ~ Ұмытхан әже бүгінде үлкен әулеттің ақылшысы, бет түзер құбыласына айналған. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ана бұл күнге жету оңай болмады дейді. БАҚ.

Posted in

ҰМЫТ БОЛДЫ

Естен мүлде шықты. * Көкіректі кернеген мұң-наласы да, жүрек жарды қуаныш та тек уақыт әуенімен біртіндеп алыстап, ескіре бастайды екен; Мүлде ұмыт болу дегеннің, мүмкін, хайуанаттарда ғана кезігер. Е.Мұх. * … арадан басқа біреулер қара мысық боп жүріп өтті ме, "жүгері мәселесі" ұмыт болса да, … оң қабағын онша бере қойған емес. Т.Ахт.

Posted in

ҰНДАЙ ИЛЕДІ

Айтқанына көндіріп алды, қалауынша биледі. ~ Қу мен сұм биледі Берекелі байымды, Бәрімізді ұндай иледі, Сіңіртпей ішкен шайымды. Күйдірген соң шыдатпай, Көре тұрып жайынды, Кім айтады, мен айтпай, Сендерге енді уайымды?! Шәкәрім.

Posted in

ҰНЖЫРҒАСЫ ТҮСТІ

Көңілі болмады, көңіліне қаяу түсті. * Енді не қылу керек? Амал құриды. Соқыр иықтап қалмады. Додайдың ұнжырғасы түсті: Ағатай- ау, шөпті бітіргенше аялдасайшы! .. — деп жалынғаннан басқа айтары болмады. Ж.Айм. * Ұнжырғасы түскен Қисықмойын қайтып келгенде, үйінде отырған құдайы қонақты көрді. Т.Әлімқ. * Қараштың мына кейпін көрген соң, әлде өткен жолы беті қайтып қалған ба, ұнжырғасы түсіп кетті. Қ.Жұм. * — Мен… мен Василий Сергеевичтің пәтерін жалдап… Сонда тұрам, — деген Балтаның көзі жыпылықтап, мынандай сұлу періштенің алдында өзінің әлдебір пәтерші ғана болғанына кінәлі жандай ұнжырғасы түсіп кетті. С.Смат. * Қабатов қағытқан ұландықтардың ұнжырғасы неге түсіп жүр? БАҚ

Posted in

ҰПАЙЫ ТҮГЕЛ

Есебі дұрыс, өз есебі өзінде; ештеңеге алаңдамаса да болады д.м. * Шипасын салып Балайым бас көтерер, от басы аман болса, отағасының ұпайы түгел. С.Смат. * – Қазірет қалай, жүріп жатыр ма? — деді ол мешіт жақты иегімен нұсқап. – Е, ол кісінің ұпайы түгел ғой. Қазір бір «аллауакбары» бір қой боп маңырап тұрған жоқ па, — деп Бабалық қулана күлді. Қ.Қаб. * Енді аспандағы алтын жұлдызды колға бір қондырса, Жәкеңнің ұпайы түгелденеді. Қ.Жұм.

Posted in

ҰПАЙЫН ТҮГЕНДЕДІ

Қара басының қамын күйттеді. * «Саудагер сарттың мақсаты көтеріліс емес, өз құлқынын толтырып ұпайын түгендеу ғой. Жегенді жек көрсе байқап көрейік» десіп, Қожанияздың қолына бір мың қой, жүздей жылқы айдап әкеліп берді. Ж.Шәк.

Posted in

ҰР ДА ЖЫҚ

Шәлкес мінезді, қит етсе жұдырығын ала жүгіретін, әпербақан адам. * Бірдеме ойлап кідірем-дағы, санақшылар қинамаса болғаны. Олардың ішінде құдай ұрған ұр да жығы болады, баяғының белсенділері секілді, қырып кете жаздайды. Д.Досж. * Жәнәділ салпы ауыз қара. Шыңғыс нағашы жұртына тартқан ақсары, шегір көз. Төре тұқымының жанжалшыл, ұр да жық мінезінің бәрі де бойына біткен. І.Ес. * Мұны ұр да жық біреу астына алып соғып, илектеп жатса, інісі жүгіріп барып атасы мен әжесіне айта қойса… М.Қаб. * Олардікі — іс білмейтін осындай ұр да жықтар тізгін алып, былықтыра берсін, тоздыра берсін іштен; тұралаған колхоздан ертең жұрт екі қолын төбесіне қойып өзі-ақ тозтоз боп қашады деген жіңішке есеп. Т.Сәу.

Posted in

ҰР КӨППЕ

Мақтаншақ, бқспе, кеудесіне нан піскен пасық. ~ Бұл шоғыр, тұтас, құйқалы қалың отырған жерлері! — деп, үй ішінде қымызға қызып алған ақсақал, қарасақалды, би-болыстарды, аңқылдақ, мақтаншақ ұркөппе байларды "қазақ не деген көп еді", "қайдан білген", "шіркін, білсең осылай біл!", "қазаққа ие болған, қамқор болған кісінің жиғаны ғой мынау!" — дегізеді. М.Әу. ~ Сілтідей Сарыарқаны тиған тұлпар, Бәйгені бұл аста да берем-дей ме? Иесі Батыраш бір кеппе кеуде, Ұр-көппе, томырық мінез, намыс берме; Осы аста сағы сынып, бағы тайса Ол өзін дап-дайын тұр «өлдім» деуге. І.Жанс. ~ Бұрын Ырғызбай ішін кернеп жүретін қаукөрік сөздер, ұр-көппе желіктер де саябыр. М.Әу. ~ Әлгі, шолақ ойлы, жеңілтек аудармашылардың: «біз ұлт ақынын қолдан жасаймыз» дейтін ұр көппе сөзі де осыдан туады. М.Әу.