Posted in

ҰЙҚЫ (ҰЙҚЫНЫ) СОҚТЫ

Алаңсыз, қалың ұйқыға берілді. ~ Кешке келгесін пырылдып ұйқы соғасың. Тамаққа тойғасын, басың қаупиіп тағы ұйықтайсың… О.Сәрс. ~Тұмсығын көрпе шетіне тығып алып, ұйқы соққан тарғыл мысық аяқ жақта қаперсіз бырылдайды. М.Қаб. ~ Іше берсең қымыз да мас қылады. — Айранға мас болып, пішен шабатынын ұмытып, бір тәулік ұйқы соққандар да бар… — Ха… ха… хық! Қымыз бен айран да харам болды ма? Т.Рыск. * Үй жанында дөңгеленіп алып, ұйқыны соғып жатқан сұр төбет басын көтеріп, «Тыныштық па?» дегендей маңқ етіп, бір үрді … К.Сегізб. * Тыр-тырлап от алып, оятып жіберетін трактор, машиналар бүгін үнсіз қаңтарылып тұр, сондықтан ит атаулы аула-аулада ұйқыны соғып жатыр — күн жексенбі! М.Қаб.

Posted in

ҰЙҚЫ (ҰЙҚЫСЫ) ҚАШТЫ

Ұйықтай алмады, мазадан айрылды, тынышы кетті. * Тергеушіден ұйқы қашты, маза кетті, береке қалмады. С.Смат. * Төсегіне қайта жатқанмен ұйқысы келмеді. Тіпті ұйқы қашып кеткен. Далаға бірнеше рет шықты. Қайтып келіп тағы жатты, тағы ұйқы жоқ. Б.Бұлқ. * Күн райы бұзылайын деді ме, топшысы сыздап, сол қолы қағынды тигендей қайта- қайта селкілдеп, шошына берді. Ұйқы қашқан. Қ.Ысқ. ~ Тыныш ұйқыдан айрылды. ~ Мақпал қыздың қолынан бір шай ішу бәсекеге айналғандай. Мақпалы бой жеткелі Күржібайдың да ұйқысы қашқан. З.Шүк. * Онысына өзінің айқын сенімі де жоқ.Әйтеуір, ұйқысы қашқан адамдай орнынан ерте тұрып кетті. М.Әбдіх. ~ Тамақ жоқ. Жылу жоқ. Ашығып, алаңдап, әмбе дене тоңғаннан кейін ұйқы қаша беретін көрінеді. Ш.Рах. * Кілең күрең жорғалы, күдері белбеулі өнерлі достары көзі ілінсе іңірлетіп күй шалып, сан құбылтып ән салып жиылып келіп тұрғандай болады. Содан ұйқысы қашады. С.Смат.

Posted in

ҰЙҚЫ БАСТЫ

Көзі ілініп, ұйқы қысты. * Шолғыншылық жасаған қиын, ұзақ сапардан соң соны ұйқы басады. С.Бақб. ~ Басымызды жастықтан көтеріп, ұйқы басқан көздерімізді уқалай сала дауыс шыққан жаққа қарасақ, Хасеннің ауласына қарақұрым халық жиналып қалыпты С.Им. * Ұйқы басып ұйықтап қаламыз ба деп қорыққанымыз әлі есімде, күн ысымай тұрып ертесімен шығып кетуіміз керек еді… И. Бун. * Менің ойымша, өздерінің қарауыл мұнараларында , ұйқы басып есінеп отырған казак-орыстар беталдына шауып жүрген мені көріп кім екенімді айыра алмай азаптанған болуы тиіс. М.Лерм.

Posted in

ҰЗЫН СҮРЕ ӘҢГІМЕ (ХИКАЯ)

Жақында бітпейтін ұзақ сөз, әңгіме, хикая. * Бұхар мақамына салып, ұзын сүрені жатқа созып отырды. Б.Қыд. * – Ол бір ертерек жаугершілік заман еді ғой. Нұрымбет ұзын сүре әңгімеге түсіп кетті. З.Шүк. ~ Әғке, ол кісі сізге не жақсылық істеді? — деп сұрап едім, әкем: — Ол бір ұзын сүре хикая — деп елтірі тымағының милығын көтере бүктеп қолдан қалпақ жасап киді де, әңгімесін бастады: — Оған да біраз жыл болып қалды. Қоянды жәрмеңкесіне келдім. С.Бег.

Posted in

ҰЗЫН ТҰСАУЫ ҚОЛДА

Әлдебір себептермен біреуге тәуелді, кіріптар, бағынышты болған адам туралы. ~ — Бүркітбай! Бұл жолы сөз қозғамай-ақ қояйық. Ұзын тұсауы қолда ғой, қайда барар дейсің, сен Асқардың ізін аңдып, сол жаққа барып қайт, неғып отыр екен? С.Мұқ.

Posted in

ҰЗЫН ЫРҒА

Ұзаққа созылған. * Оның осымен тоқтап қалмайтынын, бұндай ұзын ырғаның артында жақсы жалғасы болатынын іштей сезіп, ауылдан келген сыйлы қонағымның аузына қарап, құлшына құлақ түремін. О.Сәрс. * Ә, бәрекелді, жеткіздің балам, ұзын ырғаңнан би атаңның лебіз ырғағын танып отырмыз. Ғ.Біл. * Қазақтың ұзақ ғасырлық ұзын ырға тарихында көреген көсемдігімен де, айрықша адал адамгершілік ақыл-парасатымен де … тұтас бір рулы елдің ұранына айналып кеткен әйелдер бар. БАҚ

Posted in

ҰЗЫН ЫРҒАҚҚА САЛДЫ

Әңгімені созды, сөзбұ"даға салды. * – Ондай істі орындау менің қолымнан қайдан келе қойсын, – деп Қоңыр ұзын ырғаққа салды. – Ауыл-ауылдағы өлең айтқан қазақтың аузын алақаныммен қалай баспақпын? Қ.Тол.

Posted in

ҰЗЫНДА КЕГІ, ҚЫСҚАДА ӨШІ БАР

Ала алмай жүрген ақысы, артқан өкпесі бар. ~ Малайлықта жүрген жалшы-жақыбайлар бай малының мұрнынан тізіп жетелеп, қарық болып қалды. Ұзыннан кегі, қысқадан өші бар кедейлер бай малына құрықты аямай-ақ салды. С.Жүн. ~ Менікі оның кез келген жерге қолсұққанына көнбеймін дегендік қой. Болмаса онда ұзында кегім, қысқада өшім бар ма? Б.Алд.

Posted in

ҰЗЫН АРҚАН (АРҚАУ), КЕҢ ТҰСАУ

Жайбарақат жүру; тиісінше мән бермеу, көңіл аудармау, еркіне жібері. ~ Дүмшелер домбыра тарту, ән салу, өлең айту сияқты халық-тың үйреншікті зауықтарына дейін күнә деп тыйғысы келген. Бірақ ұзын арқан, кең тұсауға қалыптанған қазақ шариғаттың тар тұсауына үйрене алмаған. А.Байт. ~ Ондайлармен Ырғызбай іші бірен-сарандап құда, жекжат боп алып та, «ұзын арқау, кең тұсау» жасайды. Кейде әдейі өздері түртіп, бір бәлеге ұрындырып, одан тағы өздері құтқарып алған боп та баурына тартады. М.Әу. ~ Қазақ балаларына ана тілі ғана қазақша оқытылады да, қалған пәндердің барлығы қытайдың мемлекеттік тілінде оқытылады. Оны заңдық тұрғыдан терістей алмайсың. Ұзын арқан, кең тұсау – Қазақстанда ғана бар. Н.Мұхамедханұлы. ~ Ұзын арқан, кең тұсаумен үш жыл жүріп, аудан ПМК- сы Жосалының Мәдениет үйін өліп- талып зорға бітірді. К.Хамз.

Posted in

ҰЗЫН ЕЛДІҢ ҰЙЫРЫ (ИІРІ), ҚЫСҚА ЕЛДІҢ ҚИЫРЫ

Шартарап, бүкіл ел, дүйім жұрт. ~ Ауыздан шыққан сөз де бір, аңқып соққан жел де бір. Ертең бұл құдалық жайлы алып қашты сөз ұзын елдің ұйырына, елдің қиырына кетеді. З.Шүк. ~ Ертең бұл оқиға ұзын елдің ұйырына, қысқа елдің қиырына тарайды. «Басында кім болыпты?» Ауызға алдымен Рахметәлі- Мелдебек түседі. Қаратауға сыймай ауып келген тентектер… З.Шүк. ~ Көзіңнің еті өскен екен әбден! Жетім мен жесірдің көз жасын шараға құйып ішіп, есіріктеніп кетіп ең, ұзын елдің үйіріне, қысқа елдің қиырына жаярмын сәуріктенгеніңді. С.См.