*… өздерінен Әзімнің бағы да, беделі де артылып, ал таланты болса-болмаса да асып бара жатқанын көре алмай күндейтін ана жақтағы бақталас пасық шіркіндер кейінгі кезде ауыз біріктіріп апты; қазір қолы жеткені бұны жағадан алып, жетпегені шаужайға жармасып жатқан көрінеді … Ә.Нұрп. * Бұдан әрі басшы кісінің шаужайына жармасу айып екенін іштері сезіп, жырылып қала берді. О.Сәрс.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ШАУЖАЙҒА ҚАҚТЫ
Тоқтау айтты, тізгінін тартты, екпінін бәсеңдетті. * Қыз қуанып жұтпақ болып, шелекке етпетінен түсіп тап беріп, шешеме аз қалар деп, өзін-өзі шаужайға қағып қалды. Ә.Бөкей. * Азырақ бас асаулығы бар екен, әрең дегенде жүгендеп алып, шаужайдан ұстап, жетектей жөнеді. Үйірсек жануар жылқыға қарап кісінеп жұлқынып болмады. Шаужайға қаға-қаға арпалысып алып келеді. Ж.Айм. * Қайсыныңа зорлық етпей, қорлық көрсетпей, жуандық етпей жүр еді. Оразбай асып-тасып болған жоқ па, кеше мен бүгін?! Алдынан шығып, шаужайға қаққан бірде-бір ер, әлде бір ел шыға ма, жоқ па?! Қарын шашы алынбай, қара албасты кете ме?.. Жоқ, кетпесін!.. Алу керек елдің өшін, ердің өшін! М.Әу. * Неше күндей жылқы көрмей келе жатқан үйірсек жануар шаужайға қақсам да, болмай кісінеп қалғаны. Сол-ақ екен, дүрсе қоя берді. Ж.Айм.
ШАУЖАЙДАН АЛДЫ
~ «Мен сүйеді екем, қыздың сүймейтін қақы бар ма?» деп «қара таяқ апартон» шаужайдан ала түскенде, Айкүміс барар жерді таба алмай шын қысылған еді. Ғ.Слан. ~ Ал бергі міндет — Холмға тез жету. Жолдағы қыстақтарды жау тепкісінен азат ету. Бірақ мынау Соколово деген деревня екі күннен бері дивизияны шаужайдан алып ұстап тұр. Олай болатын жөні бар. Ә.Нұрш. ~ Бөршімбай ертеңгісін түндегі қалған арақты екі бөліп ішіп, жылытпаға тойған соң атқа мінген. Дәл сол кезде кемпір: “Әй, бала хат қайда?” – деп шаужайдан алмасы бар ма. Н.Дәу.
ШАУЖАЙДАН АЛЫП, ШЫЛБЫРЫНА ЖАРМАСТЫ
~ Ахтан үнін қатайтты.— Қармыс Есенбеков осы жаққа қыз айттырғалы келген жоқ. Жас маманды салған жерден шаужайдан алып шылбырына жармасудың қисыны келмейді, жолдастар! Ө.Кәріп.
ШАУЖАЙЫНА ЖАБЫСТЫ
~ Шаужайына жабыссам: «Інгеніңнен түсіп қалғанды қатыныңның құрсағына апарып салып берсін демесең, жолымнан қалдырма», − деп қамшымен бір тартып тайып тұрды. Ә.Кек.
ШАУЖАЙЫНА ЖАРМАСТЫ
~ Аялаған арманы бар емес пе еді? Қоспан ағасы сол арманына ара түсе алды ма? (Пауза.) Қасболаттың шаужайына неге мықтап тұрып жармаспадым? Т.Ах. ~ Алғашқы қадамы сәтті басталды. Шаужайына жармасқан бұзықтарға қанды ноқта кигізді. Енді тек осы бағытынан, осы қарқынынан танбауы керек. Ә.Кек. ~ Егер қазірден бастап етегінен тартып, шаужайына жармаса берсек, өз– өзінен мүжіліп, екі жастың біріне келмей шау тартар, өзін– өзі өшіріп шаршап қалар. Содан соң… «Шарға ұстаған балта едік, шабуын таппай қор болдық», – деп, түңіліп кетуі де мүмкінау. Бұлар қазір нағыз орда бұзар ор теке жаста ғой». О.Бөк.
ШАУЖАЙЫНА ОРАЛДЫ
~ — Әй, ішеріңді іштің! Кет енді! Әкеңнің ақ құны қалды ма біреудің жанқалтасында… Сүмелектеніп жол үстіндегілердің шаужайына ораласың да жүресің. Онан да жер қазсаң да еңбек етпеймісің. М.Сүн.
ШАУЫП АЛ (АЛСЫН)
Қолыңнан келгенін істе, көрелік д.м. * Әйтпесе, қойған сұрағыңды екі-үш қайталатып барып, әрең жауап беретінін қайтерсің. Тас естімей де қояды. Ал шауып ал, шамаң келсе. М.Қаб. * Батыр болсаң, оныңды майданда көрсетпедің бе? Тышқан құйрығын көріп жаралы, сенікі сол… Ал, шауып ал, маған не істейсің? М.Сүн. * Бөрібасар. Бұндай спескі жасайтын болсаңдар біз мына окобыңа бармаймыз, ел жігітін бермейді. Дауыстар. Бармаймыз, көнбейміз. Болыс пен ұлығы шауып алсын, міне бізді (болыс сырғып қысылады, Қыдышқа қарайды). М.Әуез.
ШАУЫП АЛДЫ
Күш көрсетіп, жаулап алды. * Үкімбайдың тілін Бəйкен екі қыла алмайды кешегі пəленшекеңнің баласы, əлі де шауып аламын, жоқ қыламын десе, қолынан келеді. Ж.Айм. * Кетелер кектесіп, адайдың бір ауылын шауып алады, адам шығыны көп болды. Әлім мен байұлы бертінге шекті тату болмады. А.Кемел. * Жасақ жіберіп Байболат ауылын шауып алуға да оқталған. І.Ес.
ШАШ- ЕТЕКТЕН ПАЙДАҒА БАТТЫ
~ — Арам болса қайтеді? Мына тұрған қаланың базарына апарып сатамын, сатамын да шаш–етектен пайдаға батамын. Кәне, мешайт етпей, әрмен тұрыңдар! М.Қаб. ~ Жылу беретін станциялар, жүз миллиондаған трактор, автомашина — бәр–бәрі тоқтаған. Реджинальд екеуміз осынау сәтті коньюктураны пайдаланып, мұнайдың әр баррелін … қазіргі бағасынан он еселеп қымбат сатамыз, сөйтіп шаш–етектен пайдаға батамыз. М.Қаб.
