Posted in

ШАРИҒАТТЫҢ ШӘЛІСІН ЖАМЫЛДЫ

Намазға жығылды, дінге берілді. * Үркердей үш келінін бірдей, оның ішінде мен де бар, мұсылманша оқытып, хат танытты. Мен сол күннен бастап бес уақ намаз оқып, шариғаттың шәлісін жамылдым. О.Бөк.

Posted in

ШАРҚ (ШАРЫҚ) ҰРДЫ

Аласұрды, дамыл таппады. * Үйдің ішін олай бір, бұлай бір шарқ ұрып іздеді. Күнікей ұшты-күйлі жоқ. Ж.Айм. * Ботпай әлгіде ғана мұның мойнына бар бәлені үйіп кеткен балалы әйелді шарқ ұрып іздей бастады. О.Сәрс. * … Жәми, Сәмет («Қайырлы жаз») секілді жеткіншек жастар өмірден өз орнын іздеп шарқ ұрады, адасады, табады. Қ.Ерг. * Мен жоғары мектепке түсісімен ұстаз іздедім. Шарқ ұрдым. З.Қаб. * Бұлт шықты көлеңкелеп ыстық күннен, Сипады қоңыр салқын самал мен дем, Бозторғай қошеметтеп әнге салды Шығып ап шарық ұрып аспанға ен. С.Мұқ. * Қып-қызыл отпен ойнаған екен. Шарық ұрып қалай тыпырласа да ақыл табылар емес. Т.Сәу.

Posted in

ШАРҚЫН КӨРСЕТТІ

~ Қарашалы баласы Уысыңнан аспаған. Таутекенің мүйізін Садақ қып ойнап ұстаған. Іш Оғыз бен сырт Оғыз Түгел білер даңқыңды, Арыз ұлы хан Басат Маған көрсет шарқыңды, – деп зарлайды. Ғ.Біл.

Posted in

ШАРТ АЙЫРЫЛДЫ

*… еркелетіп өсірген кенжесінің тектеуге түскеніне отыз қанша жылдан бері екі үйдің бірдей барлық ауыртпашылығына қыңқ етпеген шешесі шарт айырылды… Қ.Мүб.

Posted in

ШАРТ ЕМЕС

* — Балам,адам баласына бақытты болу үшін қалада не ауылда тұруы шарт емес. Бақыт деген мекен,мезгіл талғамайды. А.Әлт.

Posted in

ШАРАСЫНА ТҮСТІ

Жүрегін басты, саябыр тапты. * Енді біразда Абай жаңағы ызалы қалпын басып, шарасына түскен шақта қағаз, қарындаш ұстай отырып: – Осы жаңағыларға айтқан дауымның кейбірін мен қағазға түсірсем керек! – деп, биылғы күз бойында өзі көп оралып жүрген еңбек жайын айтып еді. М.Әу.

Posted in

ШАРТ ЖҮГІНДІ

Тізе бүгіп отыра қалды. * Дуана асасын арт жағына сүйеп қойып, шарт жүгініп ыңылдап отыр. Қара қыздың көзі бажырайып тұр. Ж.Айм. * Шарта жүгінген бойымен тас-түйін отырған Аралбай жемге шүйілген қырандай ытқып тұрады орнынан. Екі көзі қанталап, екі ұрты суалып, ұмтылып ханға жақындай түседі. С.Омар. * Айнамкөзді қолтықтап үйіне кіргізген олар шарт жүгініп отырып, ұлынан айырылып қалғанын естіртті. К.Мүб.

Posted in

ШАРАСЫНАН АСПАДЫ

Шектен шықпады, әдеп сақтады, өзін-өзі ұстай алды. * Сағат томырық емес-ті — шарасынан аспады да: — Тегінде, осы таласымыз шешілер, Сәке, асықпай тұра тұрайық, — деді. Ғ.Слан.