* Қорқытты тебірендірген арқаның күн нұры, жусан исі Боранқұлды да әлдилеп, өз шапағатына бөлендіріпті. Ғ.Біл.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ШАПАҒАТЫ ТИДІ
* Оқи бер. Оқудың түбіне сен-ақ жет. Мүмкін, кейін дырдай бастықтың бірі болып шығарсың. Сонда маған шапағатың тиер. Б.Соқ. * … өзіне төнген бақсы қара ала қабан боп елестеген Ұрқия талықсып құлап түсті. Бақсының да шапағаты тимеді. С.Жүн. * Бастық болғам соң өзіне жақын адамдарға шапағатын тигізуі қажет. Б.Соқ.
ШАҢҚАН БОЗ
* Өркештері баладай, бағулы мал. Жарбайы, қоспағы жоқтың қасы. Арасында сүттей шаңқан бозы да бар екен. Кәдімгі сирек кездесетін боз інгендер. Ү.Жәл.
ШАҢЫРАҚҚА ҚАРА
Кімнің үйінде, жерінде отырғаныңды ұмытпа, тәубеңе кел д.м. * Қайда отырғанын, кімнің ауылында келін болып отырғанын ұмытпасын. Шаңыраққа қарасын. Ән салғаны кеудемізді басқандай тиеді. Үні шықпасын бұдан былай! Б.Тоғ. * Шаңыраққа қараңдар: ел кімдікі, жер кімдікі? Соны біліп барып сөйлеңдер. Қ.Жұм.
ШАҢНЫҢ АСТЫНДА ҚАЛДЫ
Артта қалды. * Қап, тойда ән сап жүрген қазақстандық әншілер шаңның астында қалды-ау! Өздері осы концертке барды ма екен?! БАҚ // ШАҢЫНА ІЛЕСПЕДІ (ЕРЕ АЛМАДЫ, ІЛЕСТІРМЕДІ)
ШАҢЫРАҚҚА ШЫРТ-ШЫРТ ТҮКІРДІ
* … қара орманның арасында ат шапшытып ала алмас зәулім тас қорған салғызып, малы түгел, шаруасы орынында, шаңыраққа шырт-шырт түкіріп шалқасынан түсіп шалжиып жатқан орыс патшасының бұның алақан жайып жазған ала қағазын табанына сап аямай таптаған сақтиян етігінен шығып жатқандай. Ә.Кек. Плевать в потолок
ШАҢЫН АСПАНҒА ШЫҒАРДЫ
1. Шаң-тозаңды басына көтерді; тас-талқан қылды. * Ауылдың қасындағы қара жолдың шаңын аспанға көтеріп, қора-қора мал айдап өтеді. Б.Соқ. * Алыстан қарауытып жау қарасы да көрінді. Қара жердің шаңын аспанға шығарып, құмырсқадай қаптап келеді. М.Рамаз. 2. Ойран-ботқасын шығарды, быт-шыт қылды, аяғын аспаннан келтірді. * Ойдың болуы да мүмкін емес Есімбек бай, мен кедей, келінін тартып алсам, ертеңгі күні шаңымды аспанға шығарады. Кедейлік не қылмады!.. Б.Майл. * Жаныс жиырма үй Сарының шаңын аспанға шығарып, құрымына шейін үлесіп талап алып, барлығын торғайдай тоздырып, бостырып жіберген. М.Әу.
ШАҢЫН ЖҰТТЫ
Ілесе алмай артта қалды. * Өздері кіл оқу оқып жарытпаған, іштерінде ит өліп жатқандар. Аға-жаға, ру, жүз-мүз сағаламаса, білімді, еңбексүйгіш жігіттердің шаңын жұтып қалатынын жақсы біледі. М.Қаб.
ШАҢЫН ҚАҚТЫ
Жер-жебіріне жетіп ұрысты. ~ Көкбай — Бөкеннің апасымен бірге туысқан кісінің баласы, сондықтан Бөкеннің апасы шындап ашуланса, бұл Көкбайдың шаңын қағады аспанға. С.Мұр. ~ Оразкүл ағамды шақырып алып, шаңын аямай қақты. Мен мерейленіп қалдым. С. Олж. ~ Мәкеңнің өмірі мен қызметі жайлы талай-талай әңгіменің шаңын қаққан әкім, залдағылардың қозғалақтауы көбейіп бара жатқан соң, “қой ендігім болмас” деді ме, сөзді қонақтың өзіне берді. Н.Дәу. ~ … әлгідей ауыл арасының өсек-аяң шөра-шөре қиқым сөзіне ілік іздеп басшылардың шаңын қағып, сілкіп алар ма еді! Д.Досж. ~ Мен танымайтын тағы бір жазушының романы ұсынылған еді сол сыйлықка, тегі, мен сияқты достары ол романның да шаңын қақса керек, — оған да сыйлық бұйырмады. Ғ.Қаб.
ШАҢЫНА (ДА) ІЛЕСЕ АЛМАДЫ (ІЛЕСТІРМЕДІ)
* Қасқа айғыр алғашқыда құйрық тістесіп еді, тік жолға түскен соң шаңына ілесе алмай қалды. Б.Тоғ. * Соңынан қуған атты жігіттер Сарқасқаның шаңына да ілесе алмай қалған. Ә.Тар. * Өзі де есік пен төрдей келісті еді. Екі әскер қуып барады. Бірақ қара бие шаңына да ілестірмеді. Ш.Мұрт. * Мойнын жерге салып желіп жөнелгенде шаңына да ілестірген жоқ. Б.Тоғ.
