Ілесе алмай артта қалды. * Өздері кіл оқу оқып жарытпаған, іштерінде ит өліп жатқандар. Аға-жаға, ру, жүз-мүз сағаламаса, білімді, еңбексүйгіш жігіттердің шаңын жұтып қалатынын жақсы біледі. М.Қаб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ШАҢЫН ҚАҚТЫ
Жер-жебіріне жетіп ұрысты. ~ Көкбай — Бөкеннің апасымен бірге туысқан кісінің баласы, сондықтан Бөкеннің апасы шындап ашуланса, бұл Көкбайдың шаңын қағады аспанға. С.Мұр. ~ Оразкүл ағамды шақырып алып, шаңын аямай қақты. Мен мерейленіп қалдым. С. Олж. ~ Мәкеңнің өмірі мен қызметі жайлы талай-талай әңгіменің шаңын қаққан әкім, залдағылардың қозғалақтауы көбейіп бара жатқан соң, “қой ендігім болмас” деді ме, сөзді қонақтың өзіне берді. Н.Дәу. ~ … әлгідей ауыл арасының өсек-аяң шөра-шөре қиқым сөзіне ілік іздеп басшылардың шаңын қағып, сілкіп алар ма еді! Д.Досж. ~ Мен танымайтын тағы бір жазушының романы ұсынылған еді сол сыйлықка, тегі, мен сияқты достары ол романның да шаңын қақса керек, — оған да сыйлық бұйырмады. Ғ.Қаб.
ШАҢЫНА (ДА) ІЛЕСЕ АЛМАДЫ (ІЛЕСТІРМЕДІ)
* Қасқа айғыр алғашқыда құйрық тістесіп еді, тік жолға түскен соң шаңына ілесе алмай қалды. Б.Тоғ. * Соңынан қуған атты жігіттер Сарқасқаның шаңына да ілесе алмай қалған. Ә.Тар. * Өзі де есік пен төрдей келісті еді. Екі әскер қуып барады. Бірақ қара бие шаңына да ілестірмеді. Ш.Мұрт. * Мойнын жерге салып желіп жөнелгенде шаңына да ілестірген жоқ. Б.Тоғ.
ШАҢЫНА ІЛЕСПЕДІ (ЕРЕ АЛМАДЫ, ІЛЕСТІРМЕДІ)
Артта қалды, жете алмады. * Роналду Усейн Болттың шаңына да ілеспеді. БАҚ * Жетімдіктің белінен Асып өтер ме екенсің? Жарық сәуле көре алмай, Ел шаңына ере алмай, Сол бойы кетер ме екенсің? Дулат * Бастырмалап әмірші, Батсадағы жанына, Іздесе де әмірсіз, Ілеспеді шаңына. С.Орайхан.
ШАҢЫРАҒЫ КЕРТІЛДІ
Үй-ішінің сәні кетті, отбасылық бақытына сызат түсті. * ірі қалды, екі аяғын кестірді де тізеден, Аңдамасаң мүйіздейді, тағдыр кейде сүзеген. Содан бастап жан досыңның шаңырағы кертілді. М.Шах.
ШАҢЫРАҒЫ ОРТАСЫНА ТҮСТІ
Отбасының ойраны шықты. ~ Бәрін айт та бірін айт, сегіз қанат ақ орданың шаңырағы ортасына түсті. М.Қаб. ~ Қазақтың көшпелі экономикалық қарым-қатынасы бұзылып, шаруашылығының шаңырағы ортасына түсті. Т.Жұрт. ~ Берекесіз ылаң жайлаған, ит мініп, ирек қамшылаған кер заманда елін-жерін жау шауып қара қонысына өрт қойып, шаңырағын ортасына түсіріп, күлін көкке ұшырған … Ж.Баб.
ШАҢЫРАҒЫ ШАЙҚАЛДЫ
~ Сұқбат беруші автордың оңды-солды сілтеген ауыр шоқпарынан қазақ әдебиетінің шаңырағы шайқалып кеткендей екен. Д.Аман.
ШАҢЫРАҒЫН ЖЫҚПАДЫ
Әулетті сақтап қалды, жалғастырды. * – Қарғамнан бір тұяқ қалмады-ау. Шаңырағын жықпас еді, – деп қос мұңлық күңіренгенде бұл қолтығына қапты қыстыра жөнеледі. Р.Отарб.
ШАҢЫРАҒЫН ОРТАСЫНА ТҮСІРДІ
Бүкіл бір үйдің, отбасының ойранын шығарды. * Мынау жұмылған, ұмтылған, түйілген пішін, мынау екпін қаусаған, тұрған ескі жол-жораны, тот басқан, тұтыққан беделді, шіріген, ыдыраған боз сәлдені, мына болған, алжыған “Алланы” күл-талқан қылмай, күлін көкке ұшырмай , шаңырағын ортасына түсірмей, не қойсын? Ж.Айм.* – Осы үйдің қаймағын шайқатпай ұстап тұрған өзің ғана екенсің. Ана екі қатын шаңырағымды ортасына түсіре жаздады. Ә.Шәр.
ШАҢЫРАҒЫН ШАЙҚАЛТТЫ (ШАЙҚАДЫ)
Бүкіл бір әулеттің, елдің шырқын бұзды; ауыр күндерге тап қылды. * Қорқыт туғанда жер-дүниені үш күн, үш түн басқан қараңғылық Әнбия шаңырағын басып, нөсерлі қара жаңбыр Әнбия шаңырағына жауып, сұрапыл қара дауыл Әнбия шаңырағын шайқалтыпты. Ғ.Біләл. * Шаңырағын шайқалтып іргелі елдің, Оу, уақыт, тізгінін кімге бердің? Арыстарды жазықсыз жапа шеккен Жүрмін іздеп ішінен түрмелердің. Р.Ниязб. * Ашу үстінде Мақаудың үйіне жетіп барып шаңырағын шайқауға бір оқталып, артынша бұл ниетінен қайтады. О.Сәрс.
