Отбасын құрып, жеке үй тікті, түтін түтетті. * Шаңырақ көтеріп үй болса, қатарға қосылып кетер еді, ой, не керек деп өкінісетін. Жанашыр ағайындардың ішінде қыз қарастырғандар да болды. М.Мағ * Қонақтарды Жанқожаның отауына кіргізді. Биыл шаңырақ көтерген жас отау. Әлі қызығы басылмаған. Ән- күй десе жас келіншек Мүмсін де жүрегін үзетін еді. З.Шүкір
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ШАМЫНА (ШАБЫНА) ТИДІ (ТҮРТТІ)
Намысын қоздырды. ~ Әжімбеттің бұл сөзі Құрбанның шамына тиді. О.Сәрс. ~ Шалдың тағы да шабына түртіп алармын деп жігіт қайтып тіл қатқан жоқ. Терезенің пердесін сырды да, сәкі үстіне қайта жантайды. Қ.Ысқ. ~ Масеке, – деп сөзін әдейі шалдың шабынан түрте кекетіп бастады. – Айран сұрасаң шелегіңді жасырма деген. Қ.Ысқ. ~ Құрдас, көп сөзді қайтесіз? Егіннің қурап бара жатқанын көрмейсің бе?— деді көтеріле сөйлеп. Сол көтеріле сөйлегені автоинспектордың шамына тиді. Бетінен кайтпай тұрып алды. М.Қаб. ~ Ауырғаннан бергі екі жылда ешкімді, еш нәрсені суқаны сүймейтін, тіпті көрші үйдің әтеші шақырып, иті үрсе де мұның шамына тиетін болды. О.Бөк. ~ Осындай алапат қару иесін қартайғанға жорып шамына тиюім анық əупейілік екенін біліп, шеттеп кеттім. О.Сәрс. ~ Ең соңында қатыгез дүлей деп айғайлағаным ғана есімде. Бұл оның шамына тиетін сөз еді. Дж.Сэл. ~ Ылжырап мазаны алатын жыбыр-жыбыр тамшы елдің де, жердің де шамына тиер еді. О.Бөк.
ШАНДА БІР
~ Бұл қос мола — ішіне аса бір ауыр сыр бүккен молалар. Шанда бір осы тұсқа соғып өткенде, әлдебір арылмаған қарызым бардай боламын. М.Әу. ~ Ойын осылайша басталған. Әйелдерде шанда бір болмаса кезіге бермейтін мұндай батылдықты жігіттің естігені болмаса көргені осы еді. Т.Рыск.
ШАНШУДАЙ (ШАНШУ БОП) ҚАДАЛДЫ
Ауыр тиді, жүрегін ауыртты. ~ Есеней оның сөзін аяқтатпай екінші Мүсірепке қарады. Осы бір «аға сұлтан», «балаңның баласына» деген сөздер Есенейге шаншудай қадалатынын ақ көңіл аңшы аңдамай-ақ қойды. Ғ.Мүс. ~ «Әйелсің» деген сөз тағы да шаншудай қадалды. «Мен қызбын, қырыққа келсем де қызбын» деп ішінен әлденеше айталады… Қ.Түм. ~ Бір ой маған шаншу болып қадалды, Бір ой маған тұтқын болып қамалды. Қ.М.Әли. ~ Айтқалиға, әсіресе, соңғы сөз шаншудай қадалған. Ә.Асқ. ~ Өзгелердің еркелеткені, елегенінің өзі маған шаншу боп қадалды. Ж.Нәж. * Бұл өзі әрі мұңға, әрі аса бір ауыр үрейге, қапаға ұқсаған жөн-жосықсыз томаға-тұйық шаншудай қадалған торығу болатын. А.Чехов.
ШАНШУДАЙ ШАМ КӨРДІ
* Екі қолға бір жұмыс Бесқарағайдан да табылып, леспромхозға кіріп алды. Ел іргесіне жақында деген ақыл сөзді шаншудай шам көрді. Ә.Асқ.
ШАНШЫЛА ҚАРАДЫ
Көзін алмай, тесіле қарап, назарын тікті. * Екі қолымен бірдей портупеясынан ұстап, маған шаншыла қарап тұр екен. Ә.Нұрш. * Оның едірейген шашы, тікірейген мұрты, шаншыла қараған көзі қарт батырдың бой қайраты азайса да, ой қайраты әлі де мол екенін танытқандай еді. Ә.Нұрш. * Ол Асылбекке шаншыла қарап: — Сүйегіңде намыс бар ма? Сал мынаның бодауын! Ұтылсам, қатынымды сен — ақ күң қыл,— деген. Т.Әл.
ШАҢ БАСТЫ
Ескірді, көнерді, тозды. * Екі күн бойы қасқырға құрар қақпанын айналдырды. Шатырда шаң басып жатқанына не заман! С.Сағ. * Түрлі газет- журналдардың қиындылары, айбақ- сайбақ жазылған қолжазбалар! Бұл шабадан — менің мазасыз ойларымның ескі, әбден шаң басқан қоймасы. Өткенім, бүгінім және белгісіз болашағым бұл менің! Ж.Шағ. * Сол шақта балауса ғұмырдың шаң басқан сүрлеуінде шаңдатып жарысқан тең құрбы, тең құрдасты елжіреп еске алған! С.Смат.
ШАҢ БЕРДІ
Көрінді, қылаң берді; бой көрсетті. ~ Осыдан кейін күрілдеп көтеріліскен Ырғайты елінің еңсесі түсіп кетті. Жалындаған жаны жаншылып, лапылдаған оты өшкендей болды, жалғыз бұл елдің ғана жігіті емес, әр жерде осындай шаң беріп, селтең еткендерді шыққан әскер у тигендей талқандап, быт-шытын шығарды. І.Жанс. ~ Ақжарқынның «супер» күйеуі әдемі келіншегін елге көрсетіп, бір мақтанып қалу үшін де осы маңнан шаң беріп қалуға тиіс қой. Қ.Жиен.~ Батыл сөйлегенін кеш ұқты; балалар үйі өстіп анда — санда шаң беретін. Қарт оны көңіліне кек алмады. М.Қаб. ~ Жайшылықта ұсақ-түйекті де елеусіз қалдырмай ар сотының алдына жығып беретін сана да сап тыйылыпты. Әдеттегідей шаң бермеді. С.См.
ШАҢ ЖУЫТПАДЫ
Сөз келтірмеді, жаман пікір айттырмады, ақтап алды. ~ Әлде шынымды айтам деп, сырымды ашып алам ба деп қорықты ма? Бір ғажабы ─ Бағдан Әспетке шаң жуытар емес. С.Шай. ~ Е– е‚ Құдай‚ әкесінің әруағы ғой қинап жүрген. Құрбандық беріп жіберейік‚ — деп шешесі баласына шаң жуытпай жүр. Қ.Түм. ~ "Тәнім түгіл жаныма шаң жуытпайтын мен емеспін бе, қалай ғана дені барып, маған анау сөзді айтады. Тым құрыса түсіндірсе екен өлтірсе де айтып өлтірсе екен! — Лима сәл ойланып қалды. Ә.Тар. ~ Қатирадай адал әйел жоқ. Болмайды! Бұ заманның Қозысы мен Баяны Мұқат пен Қатира! Қатира тірі Мұқат түгіл өлі Мұқаттың әруағына шаң жуытпайды. С.См.
ШАҢ ЖҰҚТЫ
* Содан ба өмір- өлім табалдырығында тұрғандай өз арымен бетпе- бет келіп, сол шаң жұққан, кір басқан арын тазалай алар, арашалай алар қауһар таба алмай қатты күйзеле жүрексініп, ағыл- тегіл еңіреді. С.Смат.
