Бағыт-бағдары, астары өзге жаңа тақырып, әлі қозғалмаған әңгіме. * Қазір Байдалы біржолата өзгерген сияқты: кең, баяу, байсалды үнмен тың әңгіме бастады. М.Әу. * Майсара мен Ғазиз Құлтанович сөйлесіп отыр екен. Балта зейнін бұрды. Соны көріп үй иесі тың әңгіме бастады. С.Смат. * Енді Құлжатай опырық аузын жымита күліп отырып, Күйметасқа қарай түсіп, тың бір әңгімені айтты. М.Әу. * Енді аз отырған соң үй іші бір тың әңгіменің шығуын тосқандай. Осы кезде Тайлақбай азырақ қозғалыс байқатып, имек басынан ұстаған таяғын алдыңғы жаққа ұзыннан сала отырды да, өткір отты көзі үлкейіңкіреп, ширығып сөз бастады. Ж.Ахм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТЫРНАҒЫ БАТТЫ
Зәбірі өтті, қорлығын көрді. ~ Сең жаралы жолбарыс ең, Мен киіктің ылағы ем.Өлмей тірі қалдым әрең Қатты батты тырнағың Абай. ~ Ақтардың тырнағы батып әбден соққы жеп көресіні көріп қалған кедейлер, орта ауқаттылар минут сайын, тілек сайын тілек тілеп большевиктердің келіп қалуын күтті. М.Дәу. ~ Қожанияздың тырнағы батып қалған Әлім Хиуа хандығын дұшпан көріп отырғаны анық. Қысылып кетсе, аржағындағы орысты көмекке шақырады. З.Шүк.
ТЫҢ ЖОЛ
Жүрілмеген, соны бағыт. * Ақыры, қоғам дейсіз бе, заман дейсіз бе – төбеден тапап, тұрмыс тауқыметі дейсіз бе, тіршілік қамы дейсіз бе – іштен паршалап, төңірек түгел тұйықталып, төтенше, тың жол таба алмай, қалжаурап тұрған алмағайып шақта, өнімді іс, ұтымды әрекетсіз сансыраған қалыпта бір, екі, үш жыл өткенде… тағы да түсіме кірді. М.Мағ.
ТЫРНАҒЫ ІЛІКТІ
Қолы тиді (жетті). ~ Мұндай ойға жармаса кетпейтін қара шаруа да жоқ еді. Бірлі-жарымды малға қолы жетіп, өзіңдікі деген ойға тырнағы ілігіп еді, жабыса кетті. Ғ.Мүс. ~ Ержан деревняның тұсына келіп қалғанын аңғарды. Алдында екі шақырымдай жерде орман бар, соған бір тырнағы іліксе… Жауынгерлеріне үнсіз белгі беріп ол енді тезірек аяңдады. Т.Ахт. ~ Мұндай көзсіз дүлейлікті күтпеген жау мықтап абыржыса керек. Тас бекінген окоптың ернеуіне ажалдың тырнағы іліккенін көргенде, бойларын үрей билеп, бей-берекет қаша жөнелген. Т.Сәу.
ТЫҢ КҮШ
Тікелей айқасқа әлі қосылмаған, немесе тынығып үлгерген, күш жинаған әскери қол, бөлімше т.с.с. * Бұрын соғысқа жаттығып шынықпаса да мұқалмаған қайрат, тың күш әзірге таусылмай төтеп беріп тұр. Т.Ахт. * Биіктікті алғаннан кейін жедел түрде арттарынан тың күш кеп қосылған. Жау тегеурінге шыдамады. Табаны көк мұзда тайғанақтағандай жөңкіле шегі¬ну¬мен келеді. Т.Сәу. * Генерал Панферов осы бағытқа тың күш, біраз зеңбірек қосты. Т.Ахт. * Ертеңінде сойқан шайқас таң қараңғылығынан басталды. Күн арқан бойы көтеріле бере қазақ қолына тың күш келіп қосылды. С.Смат.
ТЫРНАҒЫН БАТЫРДЫ
Зорлық-зомбылық жасап, қинады. ~ Жайлау жайлауда болыс жұмсаған тұста оның досына достық істеп, сыйлас адамына жылы, жақсы сөз айтып, жайлы қызмет істеп кетуге орамды боп шықты. Ал болыспен қабағы келіспей, қырын жүрген ауылдарға сөз өткізіп, жасқандырып, орайы келсе, тырнағын батырып, жаншыңқырап кетуге де епті. М.Әу. ~ … бір-бірімызды табыстырғаныңа рақымет айтамын, әзірше нүркенің түгіне тиме де, тырнағыңды батырма! деп қадағалады. Б.Жұм.ـــ
ТЫҢ ОЙ
Бұрын айтылмаған, мазмұн-мәні жаңа пікір, қорытынды, лебіз. * Әлде… тоқтай қал, «қысылған қарсақ құлағымен ін қазар» деген, басыма бір тың ой тырс етіп тама қалды! Ғ.Қаб. * Ол бір кезекте Абайға жалғыз келіп, өзінің тағы бір тың ойларын әдейі оңашада айтқан. М.Әу. * … басқа тілдерге тәржімалауға көнбейтін ғажайып тіркестер, нақыл, мақал, афоризмдер, қалжыңдар, тың ойлар – міне, «Қазақ дәптерінің» мазмұны осы болмақ. Г.Бельг.
ТЫҢ ПІКІР
Жаңа көзқарас; соны тұжырым. * Мұзафар Әлімбаевпен сұхбаттасу – ғанибет. Көбінесе тың пікір айтады. Ойға ой қосады. Тіл мұхитында еркін жүзеді. Мақал-мәтелді, қанатты сөздерді, тұрақты сөз тіркестерін орыс, қазақ тілдеріне аударуда алдына кісі салмайды. Сөз мәйегін ғажап сезеді. Г.Бельг.
ТЫҢ СӨЗ
Жаңа балама, қолданылмаған, соны теңеу. Бұл арада көбінесе шығармашылық тақырыпта, ақын-жазушылардың еңбегіне қатысты айтылады. * Көшіріп отырып күрсінеді, күңіренеді. Бір сөзге екінші сөзді мінгестіріп, оны іле-шала сызып, тың сөз іздеп, сызғылайды келіп, өзін де, басқаны да әуре етеді. Г.Бель. * Абай ойлана сүйсінді. – Мынау бір естілмеген тың сөз екен-ау! – деп, Дәрменге қарап еді. М.Әу. * — Өліара…— деді Елтай. Деді де таң қалды: бұрын аузына түспеген тың сөз. М. Қаб. * Топ ішіне арызшының бірі боп кіріп отырып, өз құлағыммен естіген бір-екі сөзім болды. Соны сізге әдейі айтайын! — деп, тың сөзге ауысты. М.Әу.
ТЫНЫСЫН ІШІНЕ ТАРТҚАНДАЙ
Мүлгіген тыныштық туралы. ~ …әрбір дыбысқа елеңдеп анда-санда пысқырып, шұлғып, құлақтарын тігіп ентелеп келе жатты. Төңірек тынысын ішіне тартқандай үнсіз, тып-тыныш, ешбір дыбыс білінбейді. С.Сей.
