Еш киімсіз, лыпасыз. * Бір басып – екі басып келді де бауырына қысқан сап-сары тыр жалаңаш қызылшақа баланы анандай да үдірейіп тұрған Сәбираның қолына ұстата салды. Т.Сәу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТЫНЫШТЫҚ ПА?
Суыт жүрген адамнан "Амандық па? Жәй жүрсің бе?" д.м. сұрау. ~ Қартың қазір бір бәйтерек мәуелі, Сексен емес, жүзіңнен де дәмелі. Сәлеміңе қайтаратын жауабы: — Тыныштық па? — деп сұрайды әуелі. Суыт жүрген кәріден де, жастан да, — Тыныштық па? — деп сұрайды сасқанда. Күн күркіреп, шатырласа найзағай, — Тыныштық па? — деп қарайды аспанға. М.Мақ.
ТЫРАБАЙ АСЫРДЫ
Тоңқлаң асырды, аяғын аспаннан келтірді. * – Тоқта, тоқтаңдар, түге! Тоқта деймін мен саған! – ашулы әмірге бағынбай өте бермек болған біреудің атын қасқа маңдайдан ұрып жіберіп тырабай асырды. Ғ.Біл. * Оның мақтан сүйгіш даңғойлығын дөп баса икемді пайдаланған Ерзада мақтаудан ат міндіріп, жақтаудан түйе жетелете отырып арт- артынан екі кесе көтертіп тырабай асырды да істің шын мәніне көшпек болған Ерекең Аймауытқа шұқшиды. Ж.Шаһ.
ТЫМАҚ ҰРУ
Біреуге бас ұрғанда аяғына тымағын тастайтын ғұрып. ~ Ал, «тымақ ұру» дәстүрі даужанжал кезінде кінәлілер арызданушылардың алдына барып, тымағын тастап, кешірім сұрау барысында қолданылған.. Г.Дүйсеб. ~ «Тымақ ұру» немесе «Тымақ тастап кешірім сұрау» бітімге шақырудың ең үлкен көрінісі немесе айыпкер жағының беделді адамдары мен жасы үлкен, жөн білетін ақсақалдарының құныкердің ауылындағылардың алдына барып «Құдай кешсекеш! Білместік, оқыс кездейсоқтық іс болды, кешір!»деп өтінген кезде ең үлкен ақсақалы баскиімін ортаға тастап сөзге, мәмілеге шақырады. БАҚ. Қазақтың ұлттық ойыны. Биік бақанға тымақ іліп қойып, көзі тұмшаланған жігіт соны қамшымен ұрып түсіруі керек. ~ Тымақ ұру – қазақтың ұлттық ойыны, оған ат үстінде отыра алатын кез келген жігіт қатыса алады. Ойын жазық кең алаңда ойналады. Ойын шартына сәйкес, жерге биіктігі салт аттының қолының деңгейінен аспайтын құрық қадалады. Оның басына тымақ, не малақайды іліп қояды. Салт атты ойыншыға таяқтың басында ілулі тұрған тымақты (не малақайды) көрсетеді де, орамалмен көзін көрмейтіндей етіп мықтап байлайды. Сонан соң оны атқа мінгізіп, қолына қамшы ұстатады да, бірер айналдырып: «Тымақты ұрып көр!», — деген сөздермен басын тымақ ілінген таяққа қаратып қоя береді. Көзі байланған салт атты қолындағы қамшысымен тымақты ұрып жерге тырысады. Тымақты үш әрекеттен кейін ұрып түсіре алмағандар жүргізушінің рұқсатымен айып ретінде ән, тақпақ орындап, ойынға қайта қатыса алады. Тымақты бірінші болып ұрып түсірген ойыншы жеңімпаз атанады. "З.Қабдолов қоры".
ТЫМАҚТЫ АЛШЫСЫНАН САЛДЫ
Әлдеқандай болып, масаттанды. ~ Жұмандікі әбігер. Ақ шымылдық оң жақта құрылған. Жұмекең тымақты алшысынан салып, қасқиып, келген кісілерге: “Жоғары шығыңыз! Былай! Апа, кісіге жол бер”,— деп қоразданып отыр. Ж.Айм.
ТЫНА ҚАЛДЫ
Дымын шығармай үнсіз тұрып қалды. * Соған қарай аттай бергенде, сыртта тасырлап кеп қалған көп аттың дүсірін есітті. Келіп қапты. Үзеңгі-тұрман шылдырлап, алды түсіп жатыр. Есікті қайта жамылып, саңылау қалдырып Айша тына қалды. М.Әу. Қоғадай салбырасып хан, қарасы, Намазға ұйығандай отыр тыңдап. Қаққанда деген күйді «Терісқақпай» Жымжырт боп тына қалды жел де соқпай. І.Жанс. * Дәл осы кезде жаман клубтың жаман есігін теуіп ашып Қызбалтайдың кіріп келгені. — Өй, өңшең тексіз! — деп шыққан әйелдің ащы үні. — Елдігін, кісілігін жоғалтқан өң құл-құтан! Еңкілдеп-өңкілдеп отырған жұрт лезде тына қалды. Н.Дәут. * Сәбира қарсыласқан жоқ, жатын бөлмедегі көлдей кереуеттің шетіне күмп етіп жантая кетті. Шықаң мен Ұлбану тым-тырыс. Демдерін ішіне тартып тына қалды. Т.Сәу. * Бір кезде ішке түйгендей бүрсиіп, аяқ-қолын бауырына алып жиырылып, қалш-қалш домаланды да қалды. Аңғарғаны, күн сөніп барады екен. Дүние таскерең, сілтідей тына қалды да, соңынша жұлқынып жан — пәре айқай шықты. С.Елуб. *
ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ
Әлдебір іске шектеу қойылды. ~ … бұл әмір бойынша, дұшпан одақтың флоты Кадиксты тастап кеткенше, Виго қолтығындағы керуен кемелердің жүктерін түсіруге тыйым салынады. Ж.Верн. ~ Әйел табиғаты жұмбаққа толы. Тыйым салынған тамырдың дәмін татып, әбден құмарынан шыққанша тоятынан тартынбайды. С.Олж. ~ 19 қыркүйек күні сегіз болыс елдің би-болыстары мен игі жақсылары бас қосқан төтенше съезде ояз бастығы: "Сендерде, қазақтарда дін жоқ, бұдан былай шариғат жолымен іс атқаруға тыйым салынады" деген секілді сөздер айтгы. С.Ақт.
ТЫНДЫМ ЕТТІ (ҚЫЛДЫ)
Көзін құрты. * Ебін тауып елдесіп, Бөрте-үжінді қайырып алған соң, ескі кекті еске алған Темужин ақыры Жамуханың «белін опырып», мүлдем тындым етті. Т.Жұрт. * Батшағар қанша елді зарлатты, — деді тұмар аюдың ырсиып жатқан үшкір тістері мен сойдиған имек тұяқтарына қарап, — Сонда қалай тындым етіп жібердің, Шөке? Б.Жұм. * Ең алдымен Шыңғыс қағанның ең ет жақындары мен қағанатты құрысқан сенімді серіктерін табандылықпен тындым етті. Т.Жұрт. * Көйлек-көншегін өртеп, қос мүйізді екі тастың секісіне лақтырып шығарып тындым қылдым. Ғ.Біл.
ТЫҚПА САҚАЛ
Бетін басқан тығыз сақал. * Қулардың неліктен "Саулы інген" шығарып жүргенін ит біле ме? Бұл өзі Мұсабайдың қатыны еді. Аузы даладай боп қартайып қалса да, Бозінген жаулығына кір жуытпайтын, мақтаншақ, өзі кеппелеу кісі болатын. Тықпа сақал, бір мойын, жаман Мұсабай Бозінген бірдеңе айтса — "ыңға" дей алмайтын. О түгілі, саулы Бозінгеннің бір ауылға би болудан да дәмесі болатын, өзге қатындарға талай мойын салып, айғырлық қылам десе де, Бірмағанның тымырсық қызыл қатыны әлденеше жерде аптығын басып, ауызын аштырмай жүретін. Әйел шіркін ұрысқанда қайдағы-жайдағыны қазатын әдеті емес пе.. Ж.Айм. ~ — Уай, еттерің жаңа қайнап жатыр ғой? — деді тықпа қара сақал. Халкен: — Кеш асылып еді, — деді. Тықпа сақал Гүлияға қалжыңдай сөйлеп: — Бәйбіше, бір уыстай түз берші қарызға! — деді. Гүлия орнынан тұрғанша, Бұзаубақ: — Бер… бер… — деді. Гүлия қара қосқа кіріп, бір уыс тұз әкеп берді. Тықпа сақал: — Рахмет, ұл табыңыз, қосағыңызбен қоса ағарыңыз!.. — деп, тұзды алып кетті.. С.Сей.
ТЫНШУ БЕРМЕДІ
Мазалай беріп, тынышын алды. ~ Әншейін адамның кейбір кездері ойға оралып, тыншу бермейді, — деп, екіұштылау сөйлеп, шын айтар сөзін ішке бүкті. А.Жақ. ~ Қамықпаңыз, Махмұт аға, Бағиланың сізге деген ықыласы оң. Тыншу бермей сізді қинап жүрген сезім оның басында да бар. Түбі қайырлы болсын деңіз. О.Бөк. ~ Тайжан қабақ астымен анасының әр қимылын бағатын бір әдет шығарып алғанын өзі де аңғармап еді. Тек өрмекші торына түсіп, бебеу қаққан шыбындай шыжбалақтаған елбек ой бұған іштей тыншу бермейді. П.Дүй. ~ Міне, осы бір тастаяқтай қақтығысып тыншу бермейтін түпсіз ой Махмұт жүрегіне ақпанды азынатып жүрген. О.Бөк.
