Posted in

ТЫҢ ТҰЯҚ

Күш-қуаты сарқылмаған, қауқарлы д.м. * «Жұттан аман қалар ел бар ма? Қазірде тың тұяқ тұрған кімдер?» дескен уақытта, Базаралы: – Ат төбеліндей аз ауылдар аман болар. Ырғызбай, Көтібақ, Жігітек, Бөкенші ішінде жақсы қыстау алып, жерді мол басқан ауылдар әзір қысылған жоқ, — деді. М.Әу. * Заманнан заман озғанда, пәлен ғасыр, неше жүз, әлденеше мың жылдан соң, ата жұртта, шын еркіндікте күн кешіп жатқан жаңа бір әулет, тың тұяғымның түсіне кірем, яғни ешқашан өлмеймін, ұрпақтан ұрпақтың санасына өтіп, қанша мәрте, бәлкім, мәңгіге қайта тірілуге мүмкіндігім бар деген жіптік сәуле ғана көңілге медеу. М.Мағ. ~ Сыртына шығарып айтпаса да Несіпбай сонда: "Құлжатай байғұс босқа еңбек етіп жүр ғой, басқа тың тұяқтау біреуді асырасайшы. Мынау сынып кетіпті, ісік мынау. Орнынан тұрудан қалыпты. Не болар дейсің?" — деп еді. М.Әу.

Posted in

ТЫНЫШ ЖАТА АЛМАДЫ

Әрекетсіз қала алмады, бейтарап бола алмады, бірдеңе істеу керек болды. * Бақтығұл бұл әңгімеден соң тыныштан тыныш жата алмады. М.Әу. * Есеней Стап емханасында да тыныш жата алмады. Ғ.Мүс. * – Шырағым, Көжек,– деп бастады қарт дымқыл тартқан кәрі көзімен Көжекті сынай шолып өтіп.– Аттанады деген хабарыңды естіп тыныш жата алмадым. Т.Ахт. * Ақбөбектің даңқы айналаға тез жайылды. Айға дейін кісі аяғы басылмады. Аяқ жетер жердің адамы келінді көруге асықты. «Мың естігеннен бір көрген артықты» білетін қазақ үйде тыныш жата алмады. Ү.Жәл. ~ — Босқыншылыққа ұшыраған жай бар, — деді Жезкиік. — Ел шетіне жау тигенде, қалайша тыныш жата аламыз? Бәріміз де саған мұңымызды шағуға келгенбіз. Егер ел қамын ойлайтын ұл екенің рас болса, бүгіннен бастап ұйқың қашады, батыр. Ш.Вйт. ~ Ұзақ жылдық әскери еңбегімнің есесіне мен запастағы полковник ретінде қайғысыз-қамсыз жата беруіме болар еді. Бірақ запастағы азамат ретінде тып-тыныш жата беруіме арым төзбеді. Ә.Нұрш.

Posted in

ТЫҢ ТЫҢДАДЫ

Құлағын тосты, ынта салды, ден қойды. * Басындағы үлкен орамал қайта-қайта шұбатылып бетіне түсе береді. Және тың тыңдауға құлағын да кептей берді. М.Әу. ~ Тоңған жоқ па? Қарындары ашқан жоқ па? Үсті-бастары қан сияқты еді, ол жуылды ма екен? Осыны білетін кім? Білу кімге міндет? Етікбай кілеттің о жер-бұ жеріне барып сығалады, тың тыңдады. Мінайдарға жалтақтап қарады, ашқызып көрмекші ме екен? Б.Майл. ~ Айдың әлсіз сәулесі бір кезде босаға саңлауынан біреу өткенін көрсетті. Бәтима тұла бойы шымыр етіп, «сол!» деді. Иә, «сол». Киіз есікті жамыла тұрып, аз ғана тың тыңдады. Құлағы қандай естімпаз! Кемпірдің болмашы пысылын ести сала, қос ашпалы есіктің дереу бір жағын ашып, босаға аттады. Ғ.Мұст.~ — Сол оттың басында күн көтерілгенше отырдым да, түндегі ұрылар меңзеген жаққа қарай жүріп кеттім. Әлі жүріп келемін, әлі жүріп келемін, ел қарасы әлі жоқ. Ауық-ауық тың тыңдаймын. Ешбір дыбыс білінбейді. Ә.Әб. * Шабарман отырған жерінен қамшысының сабына сүйене атып тұрып есікке беттеді. Қос есікті шалқайта ашып қалғанда тың тыңдап тұрған қыздың басына сарт ете түсті. С.Досж. * Анда-санда бозторғайдың дауысына салып шырылдап қоямын да, демімді ішіме тартып тың тыңдаймын. Ж.Сәмит. * Бұлт арасынан жарқырап ай көрінгенде, жүгіріп сайдың ішіне түсті. Ұры адамдай жан–жағыңа жалтақтап, тың тыңдап, әр жерге бір тоқтайды. Т.Әбд. * Нартуған таң әлетііндегі дала тіршілігінің сылдыр-сыбдыры көбейіп кететінін бүгін ғана аңдағандай, демін ішіне тартып алып тың тыңдайды. О.Сәрс.

Posted in

ТЫНЫШ ЖАТҚАН ЖЫЛАННЫҢ ҚҰЙРЫҒЫН БАСТЫ

Өзі тиісіп, пәлеге ұрынды. * Өз жерін қорғау, намысын таптатпау –ерлердің парызы. Тыныш жатқан жыланның құйрығын кім басқанын өзіңіз де аңғарып отырсыз. Ж.Шәк. * -Кәпірлерге обал жоқ. Тыныш жатқан жыланның құйрығын басқан өздері. Ж.Шәк,

Posted in

ТЫП-ТИПЫЛ ҚЫЛДЫ (ЕТТІ, БОЛДЫ)

Түгін қалдырмады; жермен-жексен қылды. * Ақ шашы жалбыраған Матрена апай иконаның алдына тізерлей отырып алып, шоқынып жатыр. — Не жаздық? Айтшы сен, Мария — қудай анасы. Қайыр сұрап кеткеннен басқа неміз қалды!.. Өлімімді қалайсың ба?.. Ұрлады… Тыптипыл қылып кетті! С.Смат. * — Әй, албасты қатын! Ана қойларыңды неге егіске қаптатып қоя бердіңдер-ей, а? Қарашы, әне, қарашы, топалаң келгірлер көкпеңбек егісті таптап, отап, тып-типыл қып барады ғой, әне. Өй, әкеңнің көрін… Д.Әш. * Өзімде қаныма қарайып жүр едім, кек қайтқандай болды.Бәрін қиратып, тып-типыл етіп, сол 500-дей адам-мен Ковпакқа келдік. А.Жақс.

Posted in

ТЫНЫШТЫҒЫҢА ТАС ТҮССІН!

Берекең кетсін, басың бәлеге қалсын д.м. қарғыс. * Жол бойы еңірей, «тыныштығыңа тас түссін, жетпегір!» деп әлгіні қарғай-сілей, Ұмсындық қыздың қоныс тепкен тепсеңіне ұшты. Ш.Құм.

Posted in

ТЫР ЖАЛАҢАШ

Еш киімсіз, лыпасыз. * Бір басып – екі басып келді де бауырына қысқан сап-сары тыр жалаңаш қызылшақа баланы анандай да үдірейіп тұрған Сәбираның қолына ұстата салды. Т.Сәу.

Posted in

ТЫНЫШТЫҚ ПА?

Суыт жүрген адамнан "Амандық па? Жәй жүрсің бе?" д.м. сұрау. ~ Қартың қазір бір бәйтерек мәуелі, Сексен емес, жүзіңнен де дәмелі. Сәлеміңе қайтаратын жауабы: — Тыныштық па? — деп сұрайды әуелі. Суыт жүрген кәріден де, жастан да, — Тыныштық па? — деп сұрайды сасқанда. Күн күркіреп, шатырласа найзағай, — Тыныштық па? — деп қарайды аспанға. М.Мақ.

Posted in

ТЫРАБАЙ АСЫРДЫ

Тоңқлаң асырды, аяғын аспаннан келтірді. * – Тоқта, тоқтаңдар, түге! Тоқта деймін мен саған! – ашулы әмірге бағынбай өте бермек болған біреудің атын қасқа маңдайдан ұрып жіберіп тырабай асырды. Ғ.Біл. * Оның мақтан сүйгіш даңғойлығын дөп баса икемді пайдаланған Ерзада мақтаудан ат міндіріп, жақтаудан түйе жетелете отырып арт- артынан екі кесе көтертіп тырабай асырды да істің шын мәніне көшпек болған Ерекең Аймауытқа шұқшиды. Ж.Шаһ.