Бей-берекет, жан-жаққа қашты, жан сауғалады. ~ Ауыл шетіне Нұрперзент асау торы тайды алқындыра кірді. Жолда ойнап жүрген бір топ бала тым- тырақай қашты. Қ.Ысқ. ~ Біз шу ете түсіп, тым- тырақай қаштық. С.Мұр. ~ Қорықпандар! Мылтық атсаңдар өздері де тырақайлап қашады. Оларда қару жоқ. Б.Тоғ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТЫМ-ТЫРЫС ҮНСІЗДІК (ОРНАДЫ)
Бәрі үнсіз қалды, жым-жырт болды. ~ Сол сәтте сықырлауыққа ентелеген халық ешкім ештеңе демей-ақ, дереу кейін серпілді. Бір сәттік тым-тырыс үнсіздік орнады. Ә.Сал. ~ Тым-тырыс үнсіздік орнады. Сосын әйтеуір бірдеңе айту керек болған соң: — Сіздің үйдің терезелері қараңғы көрінеді ғой, — дедім. К.Гамс. ~ Ол тым-тырыс үнсіздікке сүңгіді, қозғалыс, ақыл-парасат атаулыны мойындамау сапарына көшті. О.Бальз. ~ Шай тасып жүрген қызметші қыздың дем алғаны естілетіндей тым-тырыс үнсіздік. Ф.Дост.
ТЫМ ҚҰРМАСА (ҚҰРЫСА, ҚҰРЫҒАНДА, БОЛМАСА)
Тіпті болмағанда, аз дегенде, ең болмаса. ~ Өзің төреліктен сыпырылып қалған соң, былайға жұртқа қайын сауып кет демексің ғой. Тым құрмаса мына бала екеуміздің көңілімізге де қарау жоқ, ә? Қ.Ысқ. ~ Қараң қалғыр, тым құрмаса суымызды ұрттатсыншы! — деп алғашқы сөзіне қайта ауысып: — Не жетпейді екен екеуіне? Итаршы болып, ел жұртқа мазақ боп ырылдасып жүргені! Өз қамы болса екен-ау, тым құрмаса! М.Әу.* — Туған жер есіңізде қалды ма? Тым болмаса бұлың-бұлың елесі… М.Қаб. * Неге айтпайды ашығын… Неге сүйемін деп жығылмайды Ақанға… Осы уақытқа дейін бір рет, тым болмаса бір рет жылы сөз, ізетті қылық көрсетіп сендірмеді ғой серіні. Р.Мұқ. * Енді тым болмаса соның сол әңгімесін тыңдап, өзінің кім екенін біліп қалайыншы деген дәмемен: – Андағы сөзіңізге қалай сенерімді білмей отырмын, батыр,- дедім әдейі. Ж.Сәм. ~ Балам-ай, енді атыспен құтылмаймыз ғой. Тым құрыса сен аман шықшы! М.Әу. ~ Ел іші тынышталғасын қайта көшерміз! Тым құрыса, өзінді әкеліп тастармыз демейсің бе? Солай деуге керек қой! С.Ел. ~ Қазір менде бір ғана арман бар, ол — бәрін қойып, тезірек сыртқа шығып жөнелу. Бірақ оған жол жоқ. Тым құрса, есік жаққа, шетке де отырмаппын. Б.Соқ. ~ Қайырым жасап қасымыз, досымызға, Қаперсіз жүре беріп қасымызда. Қайран әкем тым құрса жөні түзу Жәй да салып бермепті басымызға. М.Мақ. ~ Әйтеуір, бәрі құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Тым құрығанда телефон да соқпайды. Ә.Ыб. * Құпия орындағы оқтардың, тым құрығанда, екеуі өзімізде болғанда ғой, — деді бірі үнсіздікті бұзып. Оның даусы еш сезімсіз, салғырт естілген. Дж.Лонд. * Әлде мені жетім деп басынғандары ма бұл? Құдайай, осы жалғыздықтан тартқаным-ай… Тым құрығанда ағам болғанда ғой алдымда? Е.Жең.
ТЫМАҒЫН (БӨРКІН, ТАҚИЯСЫН) АЛШЫСЫНАН КИДІ
Өз-өзіне риза болып, масаттанды, кеудесіне нан пісті. ~ Еһ, сендер не, сонда аспаннан аяқтарың салбырап түсіп пе едіңдер. Осы «төре-төре» деп, шөре-шөрелегендеріңді қашан қоясыңдар. Замандарың өткен жоқ па! Тымақтарыңды алшысынан киіп, кекіреңдеулерің жетпеді ме,- деп Мұқанәлі Әлжанға да тиісіп еді, анау да тарпа бас салды.С.Жүн. ~ Дүниеге бәрінен осы мықтыны қошеметтеп өзгеге ақыл айтқыш пысықайлардың қауіптірек екенін көбі білмейтін сияқты. Білсе, оны алшаң бастырып, тымағын алшысынан кидіріп қояр ма еді. Н.Дәут. ~ Ей, қойсаңшы, кыли,- деп Ағыбай қыли қараға бірдеме демек еді, оны анау таназарына да ілмеді. Қайта жауланып, қарланып, қамшысын екі бүктеп, бөркін алшысынан киіп, «мықтымын» дегендей талтайып тұрды. Б.Қыд. ~ Тер сіңген атамзаманғы сырмалы тақиясын алшысынан киіп, масаттанған Су Құсайын әлі де маңғазданып, шабдар атын тармақ қададан шешіп, үзеңгіге аяқ артып жатқан жалаң аяқ балаға әмір етті. С.Жүн.
ТЫМАҒЫН АЛШЫСЫНАН КИДІ
Масатанды, кеудесіне нан пісті. ~ Кеңсесі Әубәкірдің бір үйі. Начальник, пристав, завод бастығы ағылшындар Әубәкірдің аузына қарайды. Олар қараған соң болыстар да қарайды. Әубәкір тымағын алшысынан киіп тұр. Завод үлкен жәрмеңке тәрізді. Қыр қазағы кернеп кеткен, әкелмегені жоқ. Ғ.Мұст.
ТЫМАҚ (ТҰМАҚ) ҚҰРЛЫ КӨРМЕДІ
Менсінбеді, көзіе ілмеді, мән беруге тұрарлық деп санамады. ~ Өзі де адуын еді, қаншық қасқырдай жалт етіп бұрылып, қол иесі — дырау жігіттерді тымақ құрлы көрмей, тырапай асыратын. С.См. ~ Бір сұмдықтың болғанын іші сезіп, еркектердің соңын ала табалдырықты аттай берген Рәзия Дәулеттің Базарбай мен Сабырды тымақ құрлы көрмей ұшырып түсіргенін көзі шалып, жан ұшыра ұмтылды. М.Сүн. ~ Ақтөс келіп, мұны тұмақ құрлы көрмей бүріп алғаны. К.Сег.
ТҰЯҚ КЕШТІ
Малдың аяғынан оты тапталған жер. ~ Осы өкпе тұстағы жалғыз аяқ ат жолдан көш шығарып, көш құлатпақпын. Бүгін содан шығып едім, жолының шаппа өрлігі болмаса, тап онша шаңырақ қағатындай тар емес сияқты. Үсті тұяқ кешті емес, оты да бар. Ә.Кек. ~ Қазақи қызғаныштың тұяқ кешті сорабына түсіп ап бүлкектей жөнелген жүйрік ойын шаужайлап басқа сорапқа бұрды. Т.Сәу.
ТЫЗ ЕТПЕ
Ұшқалақ; тез ашуланып, тез қайтатын; күйіп-піспе адам туралы. * Кейде жақын жерге шабатындарды тыз етпе – ұшқыр десе, алысқа шабатындарды – қыза шабатын аламан-бәйге жүйрігі деп жатады. Ж.Шаштай. * Қандай жағдай болсын бәрін асықпай таразылап, ақылға жеңдіріп шешетін. Ұшып-қону, тыз етпе мінез о кісіде атымен болмайтын. Қара ағаштай қайсар еді. О.Қыйқым. * Бекенич қарсы ұшырасқан әйел затына, көрсе қызар тыз етпелер сияқты ішіп-жеп сұқтанбайды. Қандай перизат болса да селт етпейді. Т.Сәу. * Бҽзілбек әйелінің тіл ұшындағы осындай тыз етпе шамшылдығын тежеп, басып тастады. М.Айым.
ТҰЯҚ ҚИМЫЛДАТПАДЫ
Тырп етпеді. ~ Жапан даладан дарыған жайбарақаттығымызға басып, біз тіс жарып, тұяқ қимылдатпасақ та, басқа ағайындар Шоқан туралы ұдайы ерте толғанады. Әсіресе, ата көршіміз — орыс жұрты мен қырғыздар оны ертерек қолға алады. С.Ақт.
ТЫЗАҚ ҚАҚТЫ
Тыным таппай безектеді. ~ Қарттың көзіне біз мұндай хикаяны түсіну былай тұрсын, тыңдаудың өзіне құлықсыз, салқын, тіпті, татымсыз көрінетін сықылдымыз. Мен серігіме жалтақтаймын. Ол міз бақпайды. Әңгімеші одан бетер тызақ қағады. Ж.Нәж. ~ Күйеуі ышқына айқай салды. Ас үйде еріне ауқат әзірлеп жүрген әйелі «қазір, қазір!» деп, тызақ қақты. Үнінен бұрын төбесі де көрінді.Ә.Ыб.
