Posted in

ТҰЯҚ ТИМЕГЕН (ЖЕР)

Мал жайылмаған, оты мол жер. ~ Едәуір ұзап барып артыма қарасам, шаңдатып өткенім болмаса, тұяқ тимеген, бос қалған жер көп. Колхозда табыс аз. С.Бақ. ~ Бөкен бай әкесіне асты әрі тұяқ тимеген соны, әрі ат шаптыруға лайық жазық, әрі тұщы су шығатын топырағы асыл жерде өткізбекші. Ә.Кек. ~ Аспан қызыл – күреңітіп, күн көзі кіреуке тартты. Құм етегінің тұяқ тимеген изені мол екен. С.Ел.

Posted in

ТҰЩЫ, (ТӘТТІ) ЕТІНЕ АЩЫ ТАЯҚ ТИДІ

Нақақ күйді; жазықсыздан жазықсыз соққыға жығылды. ~ Ендеше ұрыңдар, соғыңдар, қинаңдар! Тұщы етіне ащы таяқ тисе долданып, ашынып сөйлейтұғын, бойында бір бөлек айтатұғыны бар шығар! — деп, дүрсілдеттірді дейді. Жанына таяқ батып бара жатқан соң: – Тақсыр, дат!- дейді. "ҚЕ". ~ Тәтті етіне ащы таяқ тие берген соң келінжан да ашынған болуы керек. Көрші ауданда тұратын төркініне хабар айтып, Теріскендідегі басқарма ағасын шақырып, бірақ-ақ түнде түп көтере көшіп кетіпті. Б.Бол.

Posted in

ТҰЯҒЫ ЖЕРГЕ ТИМЕДІ

Жүйрік аттың шабысы; құстай ұшты. ~ Осы мәрте қолына қалам алып, егжей-тегжейлеп, әр жолын, сөзін қуалап бас алмады. «Қобыланды батыр» жырындағы тұяғы жерге тимеген Тайбурыл тұлпар қатты әсер етті. Оңай жатталады екен, әр әрпі, әр үтіріне дейін көмейіне қорғасындай құюлы, жазулы. М.Қаб. * Кібіртіктеп бастаған директордың тұяғы қыза келе жерге тимеді. Директор болғанына, міне, биыл табаны күректей он бес жыл. М.Қаб. ~ Ақ боз арғымақ Ақбұлыңға қарай заулап келеді. Осы өңір әңгіме қылғандай бар екен, жануардың танауы парылдап шапқанда, тұяғы жерге тимейді. Жүйрік атқа жер алыс па. Досмағанбет түн ортасы ауа Ақбұлыңға да келіп жетті. Н.Дәут.

Posted in

ТЫҒЫЗ-ТАЯҢ УАҚЫТ

Қарбалас кез. ~ Аңқаубай да аңдымай жүре ме? Дүниесінің бәрі қараң қалатын болса да, үйден аттап шықпай отыруға бар. Бірақ байдың үйінің «тығыз-таяң» жұмысы болып қалып, Аңқаубай соған шақырылады; өз жұмысын істеуге ерініп отырған кісі, байдың үйі шақырғанда аяғын ұшынан басып жөнеледі. Амал қанша, бармаса, күлін аспанға шығарады ғой. Б.Майл. * Генерал қоштасып штабқа жүріп кетті. Мұратқа Ержан осы кеште Кәкібай әнін тыңдамақ ойы бар екенін айтты. – Уақыт тығыз-таяң. Бірақ солдат көңілін қайтарғым келмеді,— деді. Т.Ахт. * Талғардан көпірсіз жерден ешкім өтпейтін болса да, Бақтығұлға тегінде арғы бетке тығыз-таяңдау уақытта өтіп жүретін бір оңайлау жерді біліп қою керек еді. М.Әу.

Posted in

ТҰЯҒЫМЕН ЖЕР ТАРПЫДЫ

Делебесі қозып, ауыздығымен алысты; шыдамсызданды. * Осылай басындырып қоямыз ба. Біз де ел, жұрт емеспіз бе. Жиналамыз. Қарумен барып, тінтеміз" деп, тұяқтарымен жер тарпиды. С.Жүн. ~ Айғыр құлан тұяғымен жер тарпып, танауы делдие, иегіне өскен түгі сойдиып, көзі қанға толып, адыраңдай басын кекжитті. А.Кем. ~ Сол сәтте Таумаңды таныған Күрең тұлпар кісінеп жіберді. Бастан айырылған дененің гүрс етіп құлағаны болат тұяғымен жер тарпып тұрған тұлпардың шұрқырасуымен қабаттасып Тауман ойлаған қатер бұлтын сейілтті. С.Досан.

Posted in

ТЫҒЫНЫ АҒЫТЫЛДЫ

Босады, кедергі жойылды. ~ Мен келгенге дейін, — деп шағынатын Купер, — бәрі де тыптыныш болатын. Мен қалай келісімен, бәрінің де тығыны ағытылып жүре берді. К.Паус. ~ Кең дүниенің ысқырып, апшысына қуырды. Содан кейін тығыны ағытылған айқай дауылдайын сырнай дала төсін сырғып, азынап, аңырап ақты. С.Ел.

Posted in

ТҰЯҒЫН БАСТЫ (ЖАЛҒАДЫ)

Біреудің өмірін (ісін) жалғастырды. * Апырмай, тұяғыңды басады, атыңды жалпақ жұртқа жаяды деп үмыттенген ұрпағың енді он жыл, он бес жыл өткенде де өзіне ұқсап күйбеңдеп тары ексе, түйе сауса – несі қызық?! Д.Досж. ~ Байбөрі қанша бай болып, дәулеті шалқып жатса да, жүрек түкпірінде орны толмай, орындалмай жүрген бір арманы болатын. Ол — тұяғын жалғап, орнын басар, түтінін түтетіп, шаңырағына ие болар бір перзентінің жоқтығы еді. А.Сей.

Posted in

ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛДІ

Қысылтаяң жағдайға, аяқ бастырмайтын кедергіге тап болды; әлдебір мәселенің оң шешуін таппай қиналды. * Ендеше, дәл қазір жаңа жорыққа шығардай кім табыла қояды. Кім? Ол мынау тығырыққа кеп тіреліп қалды. Ә.Кек. * Жай отырып ойласа, айтары ағыл-тегіл. Енді соны жазбақ боп, қолына қалам алуы-ақ мұң, тығырыққа тіреледі де қалады: неден бастамақ, немен аяқтамақ? Ш.Айт. * Тығырыққа тағдырым тірелгенде, Күреңітіп ой кешем күрең белде. Р.Ниязб. * Әбубәкір төмен қарап отырып қалды. Баласының бір нәрсеге бет алса, бұрылмайтынын білетін ол шарасыздықтан тығырыққа тіреліп отыр. Б.Тоғ. * «С оншама несіне таусылып отырсың, өзің ондай ұл таба алмаған соң аузыңа келгенін оттай береді екенсің» деп шаптыға түсетін ауыл арасындағы қатындардың тығырыққа тірелер тұсы келіпақ қалғандай. С.Жүніс. * . Қауқаш койшы жаны иненің ұшында тұрғандай абдырап, аузына сөз түспей, өзіне қадалған сан алуан көздерден қашып құтылатын тесік таба алмай тығырыққа тірелді. С.Елу.

Posted in

ТҰЯҒЫН ТАС ҚАҚПАДЫ

Кедергі көрмеді. ~ Басқа қазақ жазушыларының талайы «Мәдениет төңкерісі» кезінде, оның алды-артында Тарым лагеріне айдалып, жазаланып жатқанда, Жұмабай еш кедергі көрмей, тұяғын тас қақпай келе жатқан белсенді қаламгер. Қ.Жұм.