Жол көрсетіп, көш бастады. * Қайта даму тарихымыздың тұрлаулы-тұрлаусыз, тағдырлытағдырсыз, дәуренді-тоқырау тұстарында тағы да сараланып, елдіміздің рухани нысанасын анықтауға тұтқа болып табылатыны анық. Т.Жұрт. * Хансұлудың есіне Шеге айтқан әңгіме оралды. Жаңа ауылға Қозбағар басқарма болыпты. Баяғы жаман Қозбағар, сөйтіп, елге тұтқа болған. С.Елу. ~ — Пах — пах! Қара басынды құрбандыққа шалмасаң сенде шығынға шашатын не дәулет бар еді?! Елге сен тұтқа болмайсың, Алтайды сен байытпайсың! Бүгінгі заман әпендіге зар емес, жұртқа жыр, қотиынға қор болғанды қойсайшы!.. Қ.Ысқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТҰМСЫҚҚА ЖЕДІ
Бөсті, алдап кетті. * Маңдайы жіпсіп үкіметке де, пақыр бұқараға да тер төкпесе несіне бұлданады, ей?! – Тұмсыққа жейтіндігін бұрын да сезуші едім. – Ондай әулиелігің болса бетінен ала түспей айға бата қып жүрдің бе? – Бетінен алған емес, тура ғана төбе құйқасын шайнап, төбесіне шай қайнатқан рәуә болар еді. Ғ.Біл.
ТҰРЛАУЛЫ ШАҢЫРАҚ
Бір қалыпты, бақыттан кенде емес, салиқалы өмір кешіп жатқан отбасы. * Сонымен Ақпан атаның отбасы ойрансыз, одыраң-тасыраңы жоқ тыныш, тұрлаулы шаңырақ болып күн кешіп жатты. Ж.Нәж.
ТҰТҚАСЫН ҰСТАДЫ
Әлдебір іске басшылық етіп, әмірін жүргізді, иелік етті. * Бір күні біздің үйге қапсағай денелі бір жосатты дәу қара келді. Бұл осы ауылдағы көп комбайнның бірінің тұтқасын ұстаған Тапаұлы Сәбит деген кісі. С.Шайм. * Ештеменің тұтқасын ұстамаса да, бойын тік ұстап, түзу жүруге тырысатын. О.Сәрс. * Әр адам төңірегіне өзі тұрған төбеден қарап, баға береді. Сүкең өз стихиясының ортасында, өз тірлігінің тұтқасын ұстап жүр. М.Қаб.
ТҰМСЫҚТЫҒА ШОҚЫТПАДЫ, АЗУЛЫҒА АЛДЫРМАДЫ
Ешкімге намысын берген емес. * … аз өмірін сал-серілікпен өткізген, тұмсықтыға шоқытпай, азулыға алдырмай дүниені баз кешкен нар жігіттің осылайша өлімге душар болуы Әкімбектің жүрегін сыздатып, денесін тітіркендірді. Б.Тоғ.
ТҰРМЫС ҚАМЫТЫН КИДІ (МОЙНЫНА ІЛДІ)
Күделікті өмірдің қажетін өтеумен күні өтті. ~ Жалғыз әйелдер ғана емес, қазақтың жап-жас қаракөз қыздары да тұрмыстың ауыр қамытын киіп жүр. С.Досан. ~ Біреуден кейін, біреуден ілгері ілбіген біздің үйдің көшін алға тартып, тірлік тұрмыс қамытын мойнына жалғыз іліп, өлермен өгіздей өрге сүйреп, бар қажыр- қайратын жұмсап, жастық жалынын, күш- жігерін аянбай жеккен апам жүрді алда. Ү.Жәл.
ТҰТТАЙ (ТҰТ) ЖАЛАҢАШ
Үсті-басында түк жоқ; киім атаулыдан ада. * – Қа-қалай?!! – Қосымханның жас жуған түймедей көздері шақырайып шарасынан шығып барады. – Тұттай жалаңаш шешіндірді емес пе, аналар қалтаңнан алмап па, әлде кабинаның бір жеріне жасырып па едің? Т.Сәук. * Содан да шығар, дүние бей-берекет, бардың өзі ұқсамайды. Анау Бимендінің балалары тұттай жалаңаш. Ал қой дегенің отар-отар болып мыңғырып босқа жатыр. К.Қазыб. * — Сол жетімекті асыраймын деп арқа етім арша, борбай етім борша боп жүрмін. Қанша шарқ ұрсам да, шөлкиім жамалатын сұры жоқ. Мына өмірден тұттай жалаңаш өтетін секілдімін… Ж.Шағ. ~ «Енді маған есемді қайтар», — дейді. Атасының басы! Он жыл баққан қойын бұлдағанда, ішкен асын, киген киімін есепке алмайды екен ғой! Тұт жалаңаш жүргенде басына пана тұрғызып берген де Әкімбек емес пе еді? «Бұлар қан сорғыш сүліктер!» деп көкіді-ау! Көрсетермін қалай қан сорғанды! Б.Тоғ.
ТҰНЖЫР ҚАБАҚ
Көңілсіз, жабырқау. ~ Салақ әйел сыққан кірдей, қара бұлттың етегінен жаңбыр сілбіреген күздің тұнжыр қабақ күні еді. Қосымхан емтихан тапсыруға кеткен әулие-әнбиелерге сыйынып. Т.Сәу. ~ Қаланың муниципалитіне қарасты көше сыпырушылар, қоқыс тазалаушылар жалақыға риза болмай, ереуіл үстінде. Муниципалитет өкілдері бүгін таңертең тұнжыр қабақ, шалбар бет, ауру адамдай бір бейшараларды тауып әкеліп еді, ереуіл жасаушылар жолатпай қуып тастапты. М.Қаб.
ТҰРМЫС ҚҰРДЫ
Тіршілік жасап, күнін көрді. ~ Біздің қатарымыз әлі де болса өнердің де, білімнің де қалада екенін білмейді. Қалаға барса тұрмыс құра алмайтындай көреді. Үркеді. М.Сүн. ~ Біз колхозсыз өмір сүрудің тұрмыс құрудың, әсіресе мәдениетті тұрудың мүмкін еместігін әбден ұқтырған сияқтымыз. Бұл үлкен жеңіс. С.Бақ. Үйленді, үй болды. ~ Әскери тәртіпке пісіп алған Мұқаметқали, жәй қызмет үстінде де сол жүріс-тұрысын бұлжытпайтын: — Мен әлі үйленіп тұрмыс құрғаным жоқ. Оны жақсы білесін. Менің шешемнің, ағамның ойларын да білесің. Олар — әкең атастырған қалыңдығын бар, соны ал» деп мазалайды. С.Бег. ~ «Әке балаға сыншы» депті ғой. Маған дегенде ықыласы бөлек еді. Тұрмыс құрғасын әкем маған: «Баламның алды, тұла бойы тұңғышым едің. Саған мына қоңыр іңгеннің ішіндегі ботаны енші қылдым» — деді. Ү.Жәл. ~ Кеңестік тәртіп те, өмірдің ыңғайы да оларды қалыпты арнаға түсіре бастады. Жергілікті орыстың жастарымен үйленіп, тұрмыс құрып, біртіндеп қан араласып кетті. Ә.Асқ.
ТҰТТАЙ БОЛДЫ
Түгі қалмады; жалаңаш қалды. * –– Апа, гуртоправ айтты, табысы мол, ақшасы да көп дейді, мен осы Семейге мал айдатсам қайтеді. Заготскотта соған кісі жетпей жатыр ғой. Киімнен де тұттай болып барамыз,-деді. Қ.Ысқ.* Ол да болса әулие ата Қарынбайдың шапағаты шығар?! Боранқұл үй-ішінің бұрынғы жасау жабдықтан тұттай болғанын есіктен кіре байқаған. Ғ.Біләл.
