Posted in

ШЫРАДАЙ АШЫЛДЫ

* Тынысым кеңіп, көз алдым шырадай ашылып, сергіп кеткендей мін. «Ой- хой, самал- ай! Соға түс! .. Соға түсші! ..» деймін көкірегімді кере қарсы тосып… Ә.Нұрп. * Ұйқысы әлдеқашан шырадай ашылып кетті. Ә.Нұрп. * Маңынан әр жерден жалт-жұлт еткен қызыл, жасыл сағымдар бірде көрінсе бірде жоғалып кеткенін көргенде тіпті үрейленіп ұйқысы шырадай ашылды. Б.Жұм. * Онсызда шөкенің кірпігі қатып, діңкесі құрып отырған еді, отырған жеріне қисая кетті. Ұйқысы шырадай ашылды. Б.Жұм.

Posted in

ШЫР (ШЫРҚ) КӨБЕЛЕК АЙНАЛДЫ

Бір жүрген жерін қайта-қайта басып, айнала берді; көз алды дөңгелененіп жүре берді. * Ендігі қауіп — тура бағыттан айнып кетпеу. Баяғыда, ауыл мен қостағы жылқы арасында бір адасқаным бар. Көп емес, азғана ғана. Сонда шыр көбелек айналып жүре беріппін. М.Мағ. * Ермолай нұсқаған жеке тоқал орындыққа қақшиып отыра қалды. Гармонды құлаштап созып, безілдете жөнелді. Шал мен кемпір шыр көбелек айналып, жер еденді тепкілеп, билеп жүр. С.Омар. * Қас қағым сәтте қара жер шыр көбелек айналып зымырай жөнелді де, көк аспан көк тегенедей болып үстіне төңкеріліп құлады. С.Смат. * Саптамасына су толып аятын алып түсіп барады. Жер — дүние шырқ көбелек айналып, құрдымына әкетердей әлек. С.Смат.

Posted in

ШЫРАДАЙ ЖАНДЫ

Көзі ашылып сала берді. * Сенің көзіңе шел түсе бастаған екен. Ащы насыбай атсаң шырадай жанады, – деп Рәш тығыны шашақты қауақ шақшасын ұсынды. Т.Әлімқ. * Серкеш жездемді көргеннен-ақ бойым көтеріліп, көзім шырадай жанды. С.Омар. * Қанжығадағы жанторсықты көргенде Бескемпірдің көзі шырадай жанды. Қ.Ысқ. * Осы ой басына қалай келді, көзі солай шырадай жанды. С.Нұғ. * … түндікті айқара ашып тастап, көк сылаң түтінді бұрын шығарған келіншек бозбаланың көзіне іліккен бұлдіршін бойжеткендей екі беті албырап, екі көзі шырадай жанып, гүл-гүл жайнап құлпырып шыға келер-ді. Ә.Кек. * Бұл жолы тіпті бұрынғысынан да қаттырақ жұмылып, ал ала жалғыз сау көзі шырадай жанып осы отырған кісілердің бетіне жағалай қарап шықты. Ә.Нұрп.

Posted in

ШЫР АЙНАЛДЫ

Айналшықтап, кетпей қойды. * Өкпе тұстағы шоқырғайды шыр айналып сауысқан безектеді: "сақтан, үй артында кісі бар", — дегендей. Қ.Ысқ. * Қызметші кемпір бір сиқыр дұға оқып отырғандай, ханым оның сүлікше қадалып алған екі көзінен жанарын аударып әкетуге жігері жетпей арбалды да қалды: тіпті бөлменің іші бір түрлі шыр айналып бара жатқандай көрінді. Ә.К // ШЫРҚ АЙНАЛДЫ

Posted in

ШЫРАДАЙ ТЫНЫП ТҰР (ЖАТЫР)

* Осы бір сәттің қызығын тамашалаған жігіт онша асықпайды. Теңіз үсті шырадай тынып тұр. Ә.Нұрп. * Сонау көз үшында ашық күн астында шырадай тынып жалтырап жатқан көк теңіз бұл дүрбіден қарағанда жылжып кеп ат тұмсығының алдына тіреліп тра қалғандай болды. Ә.Нұрп. * Жел жоқ. Шөп басы қозғалмай шырадай тынып тұр. Ә.Нұрп.

Posted in

ШЫР АЙНАЛДЫРДЫ

~ Енді, міне, тас қамалдың ар жағына барып тас бекініп жатыр. Құдай шыр айналдырып әкеліп, ағайынды төртеудің ақыры біреуін түрмеге тығып тынды. Ә.Ыб.

Posted in

ШЫРАЙ ЖОҚ

Белгісі жоқ; ізі жоқ. * Аяғында көттік пен өкшеден шырай жоқ, сылпылдаған башмақ, үстінде березе жағалы ұзын сары шапан, басымда ақ орамал — Бекболат судан шыққан тышқанша солбырайып, сенекпен ептеп аяңдап, алақтап дәрігерлердің қасынан өтті. Ж.Айм.

Posted in

ШЫР БАЙЛАДЫ (БАЙЛАНДЫ)

Ет алды, қомданды, салмақ қосты. ~ Енді біреулер: «Аулынан ауырып келді», – деді. «Биыл ғана шыр байлап еді, байғұс! Қызыл құлын жанына батып кеткен ғой», – деушілер де болды. Т.Әл. ~ Жұбын жазбай шұрқырасып, тату тебіскен қызыл құлын тірі болса, сыбаға сіңер еді-ау! Текті төл серіксіз қалай шыр байласын?! Т.Әл. ~ Обалы нешік, ол өзіне берілген отар қойды үйіріп әкетті. Жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Өзіне де мал бітіп, шыр байланды. БАҚ.

Posted in

ШЫРАЙ ТАЙДЫ

~ Үрейі ұшып, алма бетінен шырай тайып, жүзі қуқылдана қалған оны бөлмеге итеріп кіргізген адам тілсіз немедей үн қатпастан салдырлатып жүріп есікті құлыптады да жайына кетті. Е.Мұх.

Posted in

ШЫР БІТПЕДІ

Оңалмады; арық күйінде қалды. ~ Қисығың малын қашан санаған екен? – Қосылудан бір апта бұрын санадым депті. – Е, онда Құйысқансыздан мал өндіре алмайды. Түстеп танымаған соң бұл күнгі жұрт сөзіңді құлағына ілмейді. – Шыр бітпеді байғұсқа. Д.Дос. ~ Университетте биологиядан сабақ береді. Келбеті сол баяғы шыр бітпеген қалпы: қушық жауырын, шибұт, бет-аузы шүңкиген, шөкімдей бір уыс. Ө.Ахм.