Тап-таза, бойды тітіркендірердей сап-салқын. ~ Ал, жігітім, саған айтар ағалық ақылым — ақын болсаң нағыз ақын болсаң ызаланып, тереңнен қайнап шыққан тас бұлақтың суындай булыға, бүлкілдеп, намыстанып тағы ойна! С.Бақб. ~ Мен ешқашан жан мен тәннің дәл осындай әдемі үйлесімін көрген емеспін. Оның өлең-жырларын әдебиетшілер тасбұлақтың суындай мөлдір, таңғы самалдай жұмсақ деп бағалайтын, тура осыны оның сыртқы пішініне де қаратып айтуға болар еді. Дж.Лон.
ТАС БОСАҒА, ТАР ЕСІК
Бөтен үйдегі ауыр тұрмыс, қиындық. * Ал Күренің тұрғын халқы ұйғырлар мен өзге ұлттар сейпіл сыртында, өзінше жеке қалашық болып өмір сүреді. Енді осындай шекарасы берік, қатал Күреге істі болып келген қазақтар түсі өгей, тас босаға, тар есіктің қармауында қалады. Ж.Ахм.
ТАС БОРАН
Суырып соққан аязды жел. ~ Адамдарды тас боран Қаңбақ етіп үйірген. Жонға көміп тастаған Түйелерді жүгімен… Елдің күші біріккен Құмды жарып, қақ тілген. С.Мәу. ~ Ақырында ібіліс шаршайды, қалжырайды, дымы құриды, қимылдаудан қалады. Тас боран оның маңына үйіле береді, үйіле береді. Ақыры ібіліс сол тастардың астында қалады. М.Им.
ТАС БІТЕУ
Түк естімейтін, сезбейтін адам туралы. ~ Аға-еке-ау, мынауыңыз тас бітеудің өзі екен ғой! – деді бұл жыларман боп. – Түк білмейді. Ең аяғы Менделеев таблицасынан хабары жоқ! Т.Сәу.
ТАС БЕКІТТІ (БЕКІНДІ)
Жау алмастай қылып қорғады, мықтап жапты. ~ … сырлы еденді салмағымен сықырлата солқ-солқ басып есікке сенен бұрын жетті де, ішінен тас бекітіп, кілтті қалтасына салып алды. Ә.Нұрп. ~ … Шыңдубәннің бұйрығымен әскер орналастырып тастапты. Шың-Шыша шекарасы тас бекітілген еді. Т.Рыск. ~ Жел мініп Ақ сарайға жетсе, тас бекітілген қырық құрыш- берен есіктің алдында қырық күзетші. Т.Сәук. ~ Мұндай көзсіз дүлейлікті күтпеген жау мықтап абыржыса керек. Тас бекінген окоптың ернеуіне ажалдың тырнағы іліккенін көргенде, бойларын үрей билеп, бей-берекет қаша жөнелген. Т.Сәук.
ТАС БЕКЕМ
Берік, мызғымас. ~ Аруана бауырын жаздырмайтын тайғақ тағдырының бір тас бекем тұсауы сол. Сол бұғауды үзе алмай, арманға қарай, ағысқа қарсы жүзе алмай, аңсары азапқа айналғалы міне, бүгін алты күн. С.Дос. ~ Адамның алғашындағы тас бекем ойынан тез қайтуы да оңай емес қой, соны түсінген дәрігер Айнаны «уәдеңді бер» деп асықтырмады. К.Әлп.
ТАС БАУЫР
Мейрімсіз; ешкімді жақын тартпайтын жат көңіл. ~ О, жасаған, басы жұмыр пендеге пейілі түсіп көрмеген осы мына тас бауыр дүниеден қайта-қайта іздеп тауып ала беретін жер бетіндегі бір ыстық ұясы. Кәрі көңіл маңдайы аумай тауып әкеліп тұр. Ә.Нұрп. ~ Мен кім? Мен бір малай, қойшы. Айғаным кім?.. Ол ма? Ол — Сағындықтың қызы, байдың еркесі. Ол мені неге аяйды? Ол неге әке- шешесі сияқты тас бауыр емес? М.Дәул.
ТАС АЯҚТАЙ ҚАҒЫСТЫРДЫ
Араға жік салып, шағыстырып, бір-бірін таластырып қойды. ~ Осы ұсыныстың барлығы да қағазға жазылып қаулы болып жатыр. Сыртта тұрғандар өзара күңкіл етеді: —Тым ауыр болып кетті. — Елді тас аяқтай қағыстырады ғой! І.Жанс.
ТАС АЯҚТАЙ ҚАҒЫСТЫ
Керісті, дауласты, сөз таластырды. ~ Егер хан кездейсоқ үстінен түспегенде, топта торай бермейтін саңлақтың бұл бір білегінен күші, сүдінінен түсі, аузынан тісі кеткен шағында қазақтың қай үйінің қазанын шегелеп, қай үйінің жылы-жұмсағын жәукемдеп жүргенін білмей, хан төңірегіндегілер тас аяқтай қағысатын еді… Б.Қыд.
ТАС АТТЫ (ЛАҚТЫРДЫ)
Қастық қылды. * 1986 жылғы он алтыншы желтоқсаннан кейін Димекеңнің бұрынғы орнына қайта оралмасы айдан анық еді. Соны білген жүзі қаралар тағы да Димекеңе тас ата бастады. Сол топтың ішінде тағы да Аббасов жүр. С.Дос. * О, кісі бұлардың жерлесі екен. Арғы аталары бір. Сосын Мәскеу емес, енді өзіміздің мәскеушіл қазақбайларымыз ана кісінің кадры дегендерге қарай тас лақтырады ғой. Н.Дәут.
