Тұла бойын жауып, қымтанды. ~ Арқаның ақтүтегінен жыртыс еншілеген ауыл тас бүркеніп жатыр еді. Шатырдың бүйіріндегі қылқиған қожалақ мұржаның танауынан өрген түтін құрық … Н.Қаб. ~ Қиянгүл тағы да теріс қарап, тас бүркеніп жатып алды. Қыбырай тісін шықырлатып, іштен тынды. Шықшытын ауырсынып, аунап түсті. М.Байғ. ~ Мұзға жығылған адам көрмеп пе едің — деп апасы кейіген соң, тас бүркеніп жатқан ағасына ұмтылып барып, кері қайтты. Ө.Әбд. — Мүмкін болғанда қандай, Нағима Әмірқызы. Ол тіпті емізуге әкелген баласына қарамастан, теріс қарап, тарс бүркеніп жатып алды. Ешкіммен сөйлеспейді де… К.Әлп.
ТАС-ТАЛҚАНЫН ШЫҒАРДЫ
Қырып салды. * Әр қала-қалада, майдандағысы майданда бет-бетімен патшаға, қазақ-орысқа қол көтеріп, тас-талқанын шығарып, қырып жіберіпті. І.Жанс. * Елтайдың пайымынша, еңбек адамдары бір беткей. Жұмысқа кіріссе, тас-талқанын шығарады. М.Қаб. * Жолжөнекей Жаң Пиюән қосынын жайпап өтіп, дер кезінде жетіп үлгерген жасанды «ақтар» соңынан аттандырылған ұшақтардың көмегімен Үрімжінің іші-сыртындағы Ма Жұң бекіністерінің тас-талқанын шығарды. Ғ.Біл. * Құла бесті ақырдың тас-талқанын шығарып аспанға тік шаншитын болар деп еді, қайырылып иесінің иығынан бір иіскеді де, мүлгіген қалпы мелшиді де қалды. Қ.Ысқ. ~ Аттты казактар Григорьевка станциясының тасталқанын шығарыпты. Ә.Нұрп
ТАС-ТАЛҚАНЫ ШЫҚТЫ
Быт-шыт болды; ойраны шықты. ~ Ондайда осының алдында ғана көкірегінде гүлдеп келе жатқан қуаныштың тас талқаны шығады. Ә.Нұрп. ~ Ол кезде бұл он сегізге жаңа толған. Мұны аңшылыққа баулыған да әкесі еді. Қайран әкенің тас-талқаны шыққан сүйегін бұл үш күннен соң тауып алдыОл кезде бұл он сегізге жаңа толған. Мұны аңшылыққа баулыған да әкесі еді. Қайран әкенің тас-талқаны шыққан сүйегін бұл үш күннен соң тауып алды. А.Алт.
ТАС-ТАЛАУЫ СЫРТЫНДА
Сезімін жасыра алмайтын адам туралы. ~ Баяғыда осы Көбей тас талауы сыртында, аңқылдақ жігіт сияқты еді. Ә.Асқ.
ТАРЫСЫ ПІСКЕННІҢ ТАУЫҒЫ (БОЛДЫ)
Жағдайы жақсыны айналшықтап, пайда көргісі келетін қудың тірлігі туралы. * Түтін аңдып жүретін, өлеңінде бес тиындық құн қалмаған салдаман әншілер де, тарысы піскеннің тауығы бола кететін «Бөстекі» даяшылар да келді. Ж.Айм. * Сүйтсе, соның бәрі бастағы бақ пен қалтадағы ақ шардың құдіреті екен: осы қазақ айта беретін әлгі үйіне күліп кіріп, күңіреніп шығатын көп көлгір, көп сиқыр, көп-көп мәймөңке жәдігөйлер кімнің тарысы піссе, соның дәнін шоқитын торғай екен ғой… Ә.Нұрп. * Не ойланатыны бар, кімнің тарысы піссе, соның тауығы болатындар аз ба? Т.Сәу. ~ Тарысы піскеннің тауығы болып, Тайраңдаған даңғой местің сауығы болып, Қалтаң толып… Баянсыз таққа қонып, Ар-ұжданды жаңқадай жонып, Көкек болып әр бұтаққа қонып, Қалай адам боп Жер басып жүруге болады. Екі иініңнен дем алып, тасып толып? Бұлай топ көбейтіп жүргенше Жоқ болған абзал ғой Жуадай солып. Т.Абд-а.
ТАРЫДАЙ ШАШЫРАДЫ
Бей-берекет бытырап кетті. ~ Тіп-тік шашының арасынан тарыдай шашырап жатқан моншақ терді қамшысынын сабымен сілкіп тастап, жүрелей отырып ап сампылдап әңгіме соққан Мырзатай көз алдына елестеп кетті. Ә,Кек.* Ұлтымыз жан санының он миллионнан асқандығы туралы айдай әлемге мақтанышпен жар салып жүргенімізбен, сол қазақтың үштен бірі дүниенің түкпір-түкпірінде тарыдай шашырап, шілдей тозып жүргені құпия емес. Д.Мәс. * Ал Асылбекті Бастық сәл затты сылтауратып жұмыстан қысқартып жіберді. Оның аз уақытта аяғынан тік тұрғызған ұлт аспаптар оркестрін бір қаусаған шалға басқартып қойды. Ақыры сол сайдың тасындай оркестр мүшелері жұғымсыз шалға көндікпей, тарыдай шашылып тарап кетті. Ү.Жәл.
ТАРЫДАЙ ШАШЫЛДЫ
Бытырап кетті. ~ Әйтпесе, бабасы Бердіқожа әулетін Құнанбай- қажы осыдан елу жеті жыл бұрын сонау алыс оңтүстіктегі Қаратаудан шығыстағы Шыңғыстауға арнайы көшіріп әкеліп, Арқат алқабына қоныстандырғалы қалың Тобықты арасына тарыдай шашылып сіңіп кеткен Әуезхан мен Самархан ұрпақтарының қайсысы қай жерде ғұмыр кешіп, тіршілік етіп жүргенін де анық білмейтін. З.Қаб. * Не істерміз? Анау Болат хан атына сай емес. Ол шамырқанып тұрғанша түгел елің тарыдай шашылып, ыдырап бітер ме, өксігім алқымыма кептеліп отыр. С.Смат. * Талай қанмен араласып, тарыдай шашылған сол әулеттің сарқыты міне, ғасырдан ғасыр озғанда ата-бабасының тозған топырағын басып тұр. Т.Сәук. ~ Өзіңнің жарық дүниеден үмітің үзіліп, алыстан, жақыннан күдер үзіп, жер сипалап қалсаң ғой!.. артыңнан ерген ұрпағың жерге қарап, ұлың — қыр аспай жасып мәңгіріп, миы ашып, қызың — етегіне ие бола алмай көше кезіп кетсін-ай! Абыройың айрандай төгіліп, тарыдай шашылсын-ай! Д.Дос. ~ Тоз-тозы шығып, сай-сайда тарыдай шашылған елді азаматтар айғайшы бола жүріп қайта жиыстырды. Б.Жұм.
ТАРЫДАЙ ТӨГІЛДІ
Шашылып қалды. * Ақ жаулықтың етегіне тарыдай төгілген қара жорға, боз жорғалар бірінбірі жаныштап, қойдай маңырап, қозыдай шуласып, аяғында жер ошақ біткенді бытырлатып: «Өй, күйеуің құрысын» деп, жоқ болды. Ж.Айм.
ТАРЫДАЙ ТАУСЫЛДЫ
Тез бітіп қалды, түгесілді. ~ Амандассаң қол бермейді, егер қолын берсе, жаңағы сынап зып беріп жерге түседі де, тарыдай таусылып танытпай кетеді. О.Әуб.
ТАРЫДАЙ ТАСЫП, БИДАЙДАЙ БӨРТТІ
Өсіп-өніп, кеңінен жайылды. ~ Онын төртеуі Дұғажіса, Есен, Бәрі, Мұхамбет дүниеден тұқым көрмей өтіпті де, қалған тоғызы — Бату, Шәйбан, Тәуел, Таңғұт, Бұғала, Сұңқар, Жымпай, Тоқа-Темір, Үдыр әулеттері тарыдай тасып, бидайдай бөртіпті. Ә.Кек.
