Home » Page 214
Posted in

ТАРПА БАС САЛДЫ

Оқыстан тиді, дүрсе қоя берді; күтпеген жерден шабуыл жасады, жағаға жармасты. ~ Қызылдар сол ауылда бекініп жатқанда, Мұқаш ақтарды алдап, үстіне алып келсе, қызылдар тарпа бас салады. Ж.Айм. ~ «Қазақ деген халық қатты тиіскен сайын долырып отыратын жыртқыш сияқты екен-ау. Орайы келсе тарпа бас салудан тайынбайтын түрі бар. Ж.Шәк. ~ Әйелінің көзін ала беріп жаныма жетіп келеді. Бірде киінетін жерде оңаша отыр едім.Үстіме үн-түнсіз кіріп келді де, мені бірден тарпа бас салды. Ү.Жәл. ~ Тал түсте келіп, тарпа бас салып, малымды айдай жөнелердей не жаманшылық көріп едің? Іздеусіз малы бар дедің бе? К.Сег. .

Posted in

ТАРЛЫҚ ҚЫЛДЫ (ЖАСАДЫ,ЕТТІ)

Еркіндік бермей, қыспаққа алды; сыймады. ~ Хат, арыз жазғыш болсаң Алматыға аттандырамыз. Бұл жер саған тарлық қылып жүрген шығар?! – деді ол кекеткендей. Б.Тоғ. ~ Қошқардай бес ұл — тұңғышым жиырмада, кенжем он екіде — кімнің маңдайына тарлық қылғандай, бесеуім — бес терек, ертең-ақ бір тайпа ел болып кетеді. Ә.Тар. ~ Жаға құмырсқаның илеуіндей. Көңілге симаса көк теңіз де адамға тарлық жасайды екен. Қ.Ысқ. ~ Е, е, – деді қарт, мені сырттай көріп ақыреттік жолдас болғалы жер таңдағандар болды-ау, осы немелер менен кейін кетпей бұрын кетсе, мына төбеде тарлық ете ме қалай? Ж.Шәк.

Posted in

ТАРЛЫҚ КӨРМЕДІ

Еркін өсті, ештеңеге мұқтаж болмады. ~ Осы жас өрімдерге қарап қатты қуанады. Қандай әдемі өсіп келе жатыр. Сынды да сымбатты. «Витаминнен тарлық көрмегендер ғой бұлар» деп қалжыңдайды. К.Қаз. ~ Байғұс демей, не дейін? Ғұмыры тарлық, жоқтық көрмеген шешем әкем кеткен соң күрт түсті кетті. Қарыс жер — мұң, қағылмаған шеге — қайғы дегеннің бәрі келді. К.Қаз.

Posted in

ТАРЛАН ТАРТТЫ

Жасы үлкейді, егде жасқа келді. ~ Тарбағатайдай тарлан тартқан кәрі керінің адам аяғы жетпес, мал тұяғы тимес бір пұшпағы. Терең шатқалдың жазда жел соқпас, қыста қар алмас күңгей қолтығында жетімсіреп жалғыз үй тұр. А.Алт. ~ Жұмыртқа да жоқ екен. Тауық алуға да болмады; тарлан тартқан, тарамыс кәрі қораздарды қуырып, асып талшық қылды. Л.Толс.

Posted in

ТАРИХ САХНАСЫ

Белгілі бір тарихи өзгерістер орын алған (өтіп жатқан) жер, кезең. * Қазақ халқы дарындыларға қашан да бай келеді. ХІХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасыр көгінде тарих сахнасына шыққан жазушыларға қараңыз, қандай ірі, қандай сом жаратылысты жандар?! Қ.Ерг.~ Әр халықтың ояну дәуірі тарих сахнасына әр тұста, әр жағдайда келетіні мәлім. Мәселен, Италияның Ояну дәуірі бізден бес жүз жыл бұрын XV ғасырдан басталады. З.Қаб. ~ Осының нәтижесінде бір кезде бетіне жан қаратпайтын көшпенділер бірте- бірте әлсіреп, тарих сахнасынан ығыса бастады. «Дүние- кезек» дейтін бе еді қазақтар? Қ.Жұм. ~ Соғыс кезінде іргетасы шайқалып, 1917- жылғы ақпан төңкерісінен кейін ақыры құлаған патша өкіметі тарих сахнасынан кеткесін қазақ ұлты үшін өз тізгінін өзі ұстайтын әлуетті ел болу үміті оянады. Н.Қуан.

Posted in

ТАРҒЫЛ ДАУЫС

Жағымсыз, қыстыға шыққан ащы дауыс. * Осы кезде тас қазарма жақтан дауыс салып жылаған әйелдің тарғыл даусы естілді. Б.Алд. * Осынау бір жамырай шыққан жарықшақ үндер мен жарыса айтылған тарғыл дауысты жарамсақ уәделер Тауман мен Қазынаның кұлағына кіріп-шыққан жоқ. С.Дос. * – Әй, қайда жүрсің? – деді арғы жақтағы тарғыл дауыс. Ерен Жұмағұлов аудандық аңшылар қоғамының төрағасы еді. Ә.Асқ. ~ Төңірек қайыра тыныштала қалды. Орман ішінде жай сөйлесеңіз де, тарғыл дауысыңыз жаңғырып Д.Аман.

Posted in

ТАРҒАЛАҢ ТАҒДЫР

Сан қилы, құбылмалы, қиындығы мол өмір жолы. * Өр Алтайда туып, сол даланың тәкаппар тауларына қарап бой түзеп өскен Құрманбекті тарғалаң тағдыр мен тас өткелді күндер қажыта алған жоқ. Әсет пен Біржанның арда күреңіне жабысқан шабытты жас өлең өлкесіне қарай дүркірей шапқан арғымақтар шоғырына қосылып, тұлпар мінез танытты. Ж.Шәк. * … автор қазақ тарихы мен руханятына қайырыла қарап мөлдір махаббат, етене туысқандық, сұрапыл соғыс, амалсыз айрылысу, ауыр қайғы, қатаң қарсылық, өлмес өлең, тарғалаң тағдыр, шұбырған көші-қон бәрі-бәрін кезек кестелеу негізінде тамырын тереңге жіберіп, жапырағын кеңге жәйғән қазақ мәдениетін әр қырынан әдіптеиді. А Сағ. ~ Сары алтын сарай – кеуде, Арман – басың, Ит – тірліктің сүйрейтін болды арбасын. Сенің келер тарғалаң тағдырыңды, Айтып тұрды бұлаққа тамған жасың… М.Шай.

Posted in

ТАРАУЫҚ ОҚЫДЫ

Намазға ден қойды д.м.(Тарауық — Ораза айында кешкі ауыз ашардан кейін оқылатын намаз.) * Қатын-қалаш Айтолқынның сөзін аузын ашып тыңдаса, Қант аузын жұмып тыңдайды. Бір сенбестен-ақ кеткен-ау! Он үйдің кемпір-шалы түгелінен ораза ұстап, Әлішті имам қылып тарауық оқиды. Б.Майл. ~ — Е, көрмей… Тіпті бір- екі күн қасында жүрдім. Тарауық оқылған күні ол кісі де мешітке келді. Әсеттің өзі әнші ғана емес, медресе бітірген оқымысты адам екен ғой. Қ.Жұм.

Posted in

ТАРАМЫСЫНА ІЛІНГЕН

Әбден болдырып, арыған. ~ Өлімші боп, зорға жетті. Өзі арығанда екі құлағынан күн көрінеді. Аты болса, о да тері тарамысына ілініп, жүз рет болдырып, зорға жеткен. М.Әу. ~ Ал енді, осы Пияш пен Жібек о бастан, осылай тұяғы тарамысына ілінген сорлы деп ойламаңыздар. О, ақыр байдың баласы аштан өлген деген бар. Ш.Мұр. ~ Басы айналса да, тұяғы тарамысына ілініп титықтаса да, аттар қу құлқынды ұмытпайды. Ш.Мұр.

Posted in

ТАРАЛҒЫСЫН ТАРТТЫ

Алыс жолға, ұрысқа көлігін дайындады. ~ Орыс пен Жапан соғысы 1904-інші жылы болды. Сол кезде-ақ тарихшылар бұл соғыс Жапанның елдігін көрсеткені, таралғысын тартқаны деп топшылап еді. Ж.Айм.