Әбден ысылған, жинақы. ~ Өткелшінің сұқты көзі өзіне бөлекше қадалғанынан қаймықты ма, әлде жасы үлкен әріптесінің бейтаныс жанға жылы шырай танытып қалбалақтағанда өзінің үнсіз, елемей қойғанын әбестік көрді ме — сары жігіт те созалаңдай көтеріліп, ерін емеурінін білдірді. Өзі ұзын бойлы, таралғыдай тартылған жігіт екен. М.Сүн.
ТАРАЛҒЫҒА ТАЛАСТЫ
Жөнсіз салғыласу, таласу туралы. ~ Еліктегіштік қасиет ерімізден әлі де түспей, таралғыға таласып, құйысқанға қыстырылып келеді. Ө.Орал.
ТАРАЗЫСЫ ТЕҢ
Шамасы, дәрежесі бірдей. ~ Дегендей, тосу келді енді. Партия беріп басшылық Кедейлер жеке меңгерді. Байға жасап шабуыл, Таразысы тең келді. Ә.Тәж. ~ Таразысы тең келді талғамымның, Е, Қудай бақытты ет деп жалынамын. Қырандай қанат жайып ұмтыламын, Бақ іздеп биік шыңның асқарынан. Ә.Пош.
ТАРАЗЫДАН ЖЕДІ
Сатып алушыны алдап, тауардың салмағын дұрыс көрсетпей, пайда тапты. ~ Таразыдан жеп, халықтың еңбегін алдаған саудагер тасбақаның денесіне, күң жұмсап, құлды дүрелеп, еңбек ақысын бермей, өзі еңбекке қолдың ұшын да тигізбеген, жатыпішерлердің жанын Алла тағала аямайды. АҚ "Арпалыспен…" ~ Көне Мысырдың "Марқұмдар кітабында" мынандай жазулар бар екен: « Мен ағын суды бөгемедім. – Мен ешкімді өлтірген жоқпын. – Мен таразыдан жеген жоқпын. – Мен әлсіздерді жәбірлемедім. –Мен ешкімнің көз жасына қалмадым». Осы өлшеммен келгенде, қазір бізде қалай? Ш.Мұр.
ТАРАЗЫҒА ТАРТЫЛДЫ
Сыналды, талқыға салынды, бағаланды. ~ Алаштың адамының бәрі мәлім, Кім қалды таразыға тартылмаған? А.Байт. ~ Шеше, рас, ғұмыр деген қызық екен. Айбарымнан сескенгендер аю көреді. Таразыға тартқысы келгендер балуан санай-ды. Ж.Шәк.
ТАРАЗЫҒА ТАРТТЫ (САЛДЫ)
Ой елегінен өткізіп, салыстырды; іштей бағалады. ~ Әйел осы екеудің қайсысы? Біріншіге жатқыза алмайды. Екіншісі, нағыз ессіз белсенді болуы керек. Таразысына тарта келгенде екеуі де емес тәрізді. Ж.Нәж. ~ Әуелгіде бұл да құйысқаны қопаңдап барып, ақылға жеңдірген. Таразыға тартып зерделеп көрсе, қанша жерден сәйгүлік-тұлпар дегенмен, туған жердің бір түйір топырағына татымайтын іші – боқ, сырты – түк жаман тай екен. Т.Сәук. ~ Ең жаманы – адам санасына күдік пен өшпенділік дендеп енді. Не істесек те еркімізде, есеп алып, таразыға салып істеген күнәні өлшеп–пішетін құдірет жоқ деген сенім иектеді. Д.Дос.
ТАР ӨТКЕЛ (ӨТКЕЛЕК)
Қиын-қыстау шақ; басқа түскен сын. ~ Темір торлы терезе, құлыптаулы есік бар. Сол есіктің орта тұсындағы тар тесік тұтқын адамның сырт дүниемен қатынасына тар өткел болады. М.Әу. ~ Бүркеншік перде астында ұстаған бетін ашып тастады. Ел ішінің екі жақ айтыстарында жағадан алған қолдар жазылмай, тар өткел аузына тай-таласа кеп жүрді. Ә.Нұрп. * Жаратқан иесі жолын қанша қиынға салып, талай тар өткелектен өткізсе де ғұмыр сапарының соңын туған топырағына жеткізіп түйіпті. Бала-шағаның алдында аманат жанын тапсырса арманы жоқ. Адал жүріп, ақ тілеумен өмір сүрді. Ү.Жәл.
ТАР МІНЕЗ
Өзімшіллік, ниеті тарлық. * Мәриямнің «гимназияны» аузынан тастамайтынын, өз жұмысын ғана ойлайтын, өз қызығын ғана қызық көретін, өзімшілдік, тар мінезін Қызылбике ұнатпайды. Ж.Айм.
ТАР ҚЫСПАҚ
Басқа түскен ауырлық; ауыр сынақ. * Жасырынып күн көрген, тар қыспақтан шығуына мықты себеп болған еңбекшілер төңкерісінің бас көтерген 27 октәбір (жаңаша 7 нойәбір) күнін Қасымбек пен Нағима ұлы күн санады. Ж.Айм.
ТАР ҚОЛТЫҚ
Ұрымтал тұс. * «Тауда болар тарғыл тас, Тарықса, шығар көзден жас. Тар қолтықтан оқ тисе, Шығады сүйеп қарындас. "Қобыланды б."
