Home » Page 221
Posted in

ТАҢДАЙЫНА БАСТЫ

Аузына салды. ~ Үйірсек аттай емпеңдей берсең — ағайынға қадірің болмайды, — деп, Байсұлтан бір тілім қазыны таңдайына басты. Ә.Асқ. ~ Бастық жақсы көрді. Сенді. Басқадан шоқтығым биік жүрді. Бұл жаман ба?! — Ол шоқтықтан не пайда, таңдайыңа басқан дәнемең жоқ! Ж.Алтайб.

Posted in

ТАҢДАЙЫН САУДЫ

Тіл мен жаққа сүйенді. ~ Есіктегі иттей жасынан сұқ көз болып сүйекке телмірген қажының қабаданшылы. Таңдайын сауып, тоқсан түрлі құбылып, тоғыз саққа жүгіріп отыратын жез таңдай, қу құйрық. І.Жанс.

Posted in

ТАҢДАЙЫН ЖІБІТТІ

Азын-аулақ ақ (су) ішіп, шөлін басты; ішіне ел қонды. * Жылдан жылға Жұман үйінің шаруасы тұжырылып, тұқыра берді. Таңдайын жібітіп отыратын «бір бие бұлақтың басы, екі бие елдің асы» деп дәтке қуат қылатын, жалғыз көк бие еді. Ж.Айм. * Айнала сиырдың жапасы, қой-ешкінің құмалағы. Жақын маңның таңдайын жібіткен жалғыз бұлақ осы болса керек. Т.Сәу. * Коктейльге қалай қарайсыз? — дедім. — Таңдайымды жібітуім керек. — Қаласаңыз вагон-ресторанға барайық. Жүріңіз. Дж. Сэл.

Posted in

ТАҢДАЙЫН БАСТЫ

Бала шошығанда таңдайына саусақ басу ырымы. ~ Артынан шапшы. Жеткен мезет таңдайын басып, үйге келгесін ұшықтап жіберіңдер, — деп Сатай Битабарға қарады. Қ.Түм. ~ Әжесі енді дауысын жұмсартып, мейірлене сөйледі. — Жаным-ау, түсіңнен шошығансың ба, таңдайыңды басайыншы. Үрейлі сөздерді айтасың қаршадай болып. Неге терлеп кеткенсің? Ж.Шағ.

Posted in

ТАҢДАЙЫ ТҰШЫНБАДЫ

Дәмге көңілі толмады. ~ Күрең рюмкелер күлімдей ауыз бен шөлмек арасына екі-үш рет барып-қайтты жөпелдете. Кермек, резинка тати ма қалай? Таңдайы тұшына алмады. Әдемі шөлмектің ішіндегісін ішкеннен гөрі сыртына қарап отырған жақсы екен. Т.Сәу.

Posted in

ТАҢДАЙЫ ТИМЕДІ

Көріп-білмеді, дәмін татпады. ~ «Біз қан төгіп, жаумен жағаласып жүргенде, бұл Бекең ауылдағы қыз- қырқынның қалың ортасында қаздай қалқып, үйректей жүзді емес пе» дейді әзіл- шыны аралас. Табаны күйіп, таңдайы тимеген соң біреудің зарын біреу қайдан ұқсын. Ә.Асқ.

Posted in

ТАҢДАЙЫ ТАҢДАЙЫНА ТИМЕЙ ТАҚЫЛДАДЫ

Мезі қылып, тақылдап, ұзақ сөйледі. ~ Соңымнан ерді. Мен мәзбін. «Атымтаев, жарайсың, әй, молодец, Атымтайчик! Қазір ғой Қасен, Семейхандар: «Әйеш пен таңдайы таңдайына тимей тақылдайтын қара қыз осы шығар»,– деп, клубтан шыққан әр бойжеткенді бір қуып, қараңғыда көлеңке аулап жүрген шытар. М.Қаб.

Posted in

ТАҢДАЙЫ ТАҢДАЙЫНА ЖАБЫСТЫ

Әбден шөліркеді. ~ Лезім аралықта сусыздықтан қаталап, таңдайы таңдайына жабысқан жаскәрі, адам-хайуан атаулы әлді-әлсізіне, арық-семізіне қарамай топ-тобымен, дүйім-дүрмегімен сулы өңірді бетке алып лап қойды. Ғ.Біл.

Posted in

ТАҢДАЙЫ ТАНДЫР

Аузы әбден құрғап, қатты шөлдеген адам хақында.. ~ Бұрынғы толық қызыл еріндері көгере жарылып — жарылып кетіпті. Таңдайы тандыр. Ернін қанша жаласа да, тамағы құп-құрғақ. С.См.