Home » Page 229
Posted in

ТАМЫРЫ ТЕРЕҢДЕ

Себебі, сыры әріде. ~ Қазымыр болса, оның тамыры тереңде — өмірге өкпелі. Соңғы бес-алты жылына кеңілі көншімейді. О баста болашақтан күткені көп еді. Мектеп бітірісімен мүйізі қарағайдай москвалық студент атанды. М.Қаб. ~ Бакенбарды мұртына иіле жалғасқан ат жақты, шырайын жоғалтпаған жүзінде Ұлы Британияның дүние жүзіне дүрілдей жайылған даңқына орайлас менмендік пен аса байқала қоймайтын асқақтықтың, ұстамдылық пен тамыры тереңде жатқан салқын ақылдың нышаны аңғарылады. А.См.

Posted in

ТАМЫРЫ СУАЛДЫ

Қартайды, күш-қуаттан айрылды. ~ Біреудің алашасын тоқысты, біреудің жүнін түтісті… шамалары келетін шаруадан тартынған емес. Өстіп ай артынан ай, жыл артынан жыл жылжып, тамыры суалған кәрі емен еңкейіп шөгіп, саясындағы қос шыбық күнге бой созып биіктей берген. Сафура оныншы класс бітіретін жылы әжесі қайтыс болды. Т.Сәу. ~ Жалау майданға кетерде өзінің туып өскен елін, өзінің береке құтындай көретін колхоздың жапырағы қуарып, тамыры суалған бәйтеректей болдың– ау деп кеткен еді. Соңғы жылдарда келген ел хабары колхоз жайы онан гөрі басқаша баяндайды. Ә.Әб. ~ Сенсіз менің өмірімде мағына жоқ, тамыры суалған, жапырағы қуарған теректей мәнсіз. С.Дос.

Posted in

ТАМЫРЫ ЖУАНДАП КЕТТІ

Іс насырға шапты, тереңдеп кетті. * Ботабай не уәж айтады. Іші қыз-қыз қайнайды. Қатынын жақтан тартып-ақ жіберейін десе, пәленің тамыры жуандап кеткен. Н.Дәут.

Posted in

ТАМЫРДЫ ДӘП БАСТЫ

Әлдебірдеңенің себебін, шығу тегін нақ тапты.* – Таза реализм мен ирреализм қым-қиғаш аралас… Себебі не, айтамысың? Елтай оны өзі де білетін, мойындайтын. Мына кісі тамырды дәл басады екен. М.Қаб.

Posted in

ТАМЫР ЖАЙДЫ

Бір жерге, бір ортаға орнығу туралы; кең таралды, кеңінен қанат жайды. ~ Арғы атамыз XIV ғасырда, Даланың қуаты қайтпаған кезде өз еркімен Ордадан келіп, орыс туының астына тұрған екен. Шоқынып, үйленіп, біржола орнығыпты. Ұрпақтары өсіп-өніп, басқа әулеттермен туысып, кенінен тамыр жайған. М.Мағ. ~ Қабыр басына бір кезде шаншыған сайғақ тамыр жайып, мәуе болған. Т.Сәу.

Posted in

ТАМШЫ ҚАНЫ ҚАЛҒАНША

Ақырына дейін, өлгенше. * Қаланың өңкей байлар бастаған хүкіметі қызылдардың дегеніне көнбей, тамшы қаны қалғанша қарсы тұратындығын білдірді. Ж.Айм.

Posted in

ТАМҰҚ ЛЕБІНДЕЙ

Айрықша ұнамсыз, сасық иіс туралы. * Ақбілектің үстіне артып, қақ қасында бетінен түгі шыққан, шашы дудыраған, істік мұрын, жирен орыс жатыр. Оның бейнеусіз аңқиған, жарық ерінді, дүрдек аузынан шыққан демі Ақбілектің бетіне тамұқ лебіндей тиіп, денесін тітіркендірді. Ж.Айм.

Posted in

ТАМАҚТАН ӨТЕР ТАЛШЫҚ

Азын-аулақ нәр берерлік тағам. ~ Тамақтан өтер талшық табу, қарға адым жер жүру мұң болған сол бір сор қайнаған заманда, пыран киіп, пырақ мінген бұлықсыған мырзаның басынан бағы тайған заманда, кимешегінің жағы меруерт- маржанмен шеттіктелген, кер маралдай керілген сұлудың шытырма көйлек етінен, нұр сәулесі бетінен кеткен заманда, сор дария, қан өзен болып аққан заманда не істерін білмей сасқан, етегін басқан халық тентіреп, қаңғып, біреуі жекжат- жұрат қуалап күн кешсе, енді бірі кәдімгі сыңсыған орманға кіріп, қайыңды тесіп, оның сөлін ағызып, не сорып күн көрді. Б.Қыдырб.

Posted in

ТАМАҚҚА ЖАРЫМАДЫ

Аш қалды, ішер асқа зәру болды. * Егін салмайтын малшы ауылдың балалары малдан айырылса, тамаққа жари ма! Оның үстіне бүтінірек киімдері де жоқ. Қ.Шабд.

Posted in

ТАМАҚ ТОҚ, КӨЙЛЕК КӨК

Тұрмысы жақсы, аш-жалаңаш емес деге мағынада. * Тамақ тоқ, көйлек көк болса болды, бітті деп. Шындығында жан жабырқап, көңіл шіркін пәс болса, ештеңе де ілгері баспайды, ісіміз де көгермек емес. БАҚ.