Home » Page 228
Posted in

ТАНАУ КӨТЕРДІ

Әлдеқандай болып, мардымсыды; кеудесіне нан пісті. ~ Құрсын демеңіз, театрдағылардың ішіндегі ең мықтысы сіздің шалыңыз. Басқасы ресторанға шақырсаң танауын көтеріп барса да зорға — зорға барады, ал сіздің шалыңызда еш отказ жоқ. Н.Сер. ~ Жаутаңдаған өзіне жарасады екен, көз шарасы жасқа толып, әдеміленіп сала берді. Іштей аяй бастағандаймын. Кей — кейде танауын көтеріп, бәлсінетіні болмаса, жақсы қыз былайынша. М.Қаб. ~ Әлгі жаман неменің танауын көтеріп, әлдеқандай болып кеткенін көрдің бе? Иттің қиы дәрі болса, дарияға… – деп Қарасай алақанына салып сығымдаған насыбайын ерніне тығып, шырт түкірді . С.Жүн.

Posted in

ТАНАУ ЖАРДЫ

Тым жағымсыз не ерекше иіс туралы. ~ Пішен иісі танау жарады. Күн батысымен көтерілген желемік шыбын-шіркейдің де ту-талақайын шығарған, құдықтың сорайған ұзын мойынын сықыр-сықыр ырғап жүйкені тырнады. Қ.Ысқ. ~ Жүк машинасы кең айналып барып пыс тоқтады, лезде бензин иісі танау жарды. М.Қаб. ~ Бірақ ышқына алмадым, бұтаға шалынып етпетімнен құлап түстім, біреу көк желкемнен түйіп жібергендей болды, жердегі саңғырлап кепкен шөпті барып құштым. Шөптің хош иісі танау жарғандай. Ә.Асқ. ~ Іш-дүниесі қасқырша ұлып қатты ашыққанын осы сәт сезінді Хансұлу. Зағра нан, піскен бидайдың иісі танауын жарып барады-ау. Жарып барады. С.Ел. ~ Трактор құлақ тұндырады, жанар майдың күлімсі иісі танау жарады. М.Қаб.

Posted in

ТАНА КӨЗ

Дөңгеленген әдемі көз. ~ Сонау етекте Еңбек аулының отары жымыңдайды. Жарығымен түн түндігін тілгілеп, машина кетіп барады. ал қара аспанда тана көз жұлдыздар жымыңдайды. О.Бөк. ~ Қаны қашқан сұп-сұр бетін қызға бұрып, көзі жөнді түспей,есеңгірей қарады. Оған Жамалдың назары сонда барып ауды. Жарқыраған тана көздері шарасынан шыға адырайып кетті. Ә.Кек.

Posted in

ТАМЫРЫНАН АЖЫРАДЫ (ҚОЛ ҮЗДІ)

Тарихынан, ата дәстүрі, салт-санасынан, рухани қазынасынан айрылды. * Тамырынан ажыраған ұлттың болашағы бұлыңғыр. А.Нұрс. * Мемлекет болашағының кілті – қазіргі жаңа технологияларды меңгерген, сонымен бірге түп-тамырынан ажырамаған, салты мен дәстүрін, тарихын білетін нағыз сапалы азаматтарда. жанова. * … Ана тілдерінен айырылды. Тамырынан да қол үзіп қалды. Саралап отырсаң,. Ресей отар елдерінің барлығына осындай саясат жүргізгенін түйсінесің. БАҚ.

Posted in

ТАМЫРЫНА ТЫРМЫСТЫ

Жанын салды. ~ Жылағысы келді. «Қалайша, дүниедегі ең зәулім, ең мықты ағаштың бір- ақ түнде ғайып болғанына қайран қалды. Тамырына тырмысып неге тұра бермеді? О.Бөк.

Posted in

ТАМЫРЫНА (ТҮП ТАМЫРЫНА) БАЛТА ШАПТЫ

Шығу тегін жойды. * Қазақ халқының ұлттық рухының тамырына балта шабу үшін коммунистер ең алдымен осы қозғалыстың бастау көзінде тұрған Алаш көсемдерін, олардың ізбасар шәкірттерін бір қырып тастады да артынан большевизмді жақтаған, кеңес өкіметін мадақтаған коммунист зиялылардың өзін де сыпырып әкетіп, көзін жойды. Р.Нұрғ. ~ Ал мынау… Каталаун қырғыны екен. Кім жеңгені белгісіз. Ақыр түбі екі жақ та оңбаған. Қанға батқан. Түп тамырына балта шабылған. Арада бес жыл өтпей Рим құлады. М.Мағ. ~ Баяғыда аталарымыз «Жерді көк өгіз екі мүйізімен көтеріп тұрады екен. Мүйізін шайқағанда зілзала болады екен» деуші еді ғой. Сол айтқандай, қазақты о бастан төбесіне көтеріп сақтап тұрған төрт қастерлі ұғым бар. Ол — ар- ұят, иман, обал, сауап. Біз соның тамырына балта шауып жатырмыз… Е.Рау.

Posted in

ТАМЫРЫН ТАП БАСТЫ

Түпкі қойын дәо тапты. ~ Күзетшінің басы былқылдап, көзі бозарып қоя бергесін-ақ Қайып бәрін тілмашсыз түсінді. Тамырын тап басыпты. Қара тамағынан басқа қайғысы жоқ қарауылдың осал тұсы ақша екен. Ү.Жәл. ~ Өзін танудан бұрын өзгенің тамырын тап баса білетін ақын — нағыз ақын! И.Сап. ~ Сүйген жүректер өзара сыр ұғысқыш. Бұлар да бірбірінің жүрек сырын қалтқысыз сезіп, қапысыз түсінген. Ғашық жүректің тарсылдай соққан тентек тамырын тап басқан. Ауруының емін, ғұмырлық теңін тапқан ғашықтар бір-біріне аласұра ұмтылатын сәтті сағына күтетін.Ү.Жәл.

Posted in

ТАМЫРЫН БАСТЫ (ҰСТАП БАЙҚАДЫ)

Көңіл-күйін, пиғыл-ниетін байқап көрді; сынады. ~ Осындай реті келіп тұрғанда, керекті қонақтың тамырын басып қойғанды дұрыс көрді. О.Сәрс ~ Келгендердің тамырын басып көріп ек, өзіңді болашағы бар бала деп жатып кеп мақтады М.Қаб. ~ Ел сорлы бақтың құсы емес пе, біреудің басына байыздап отыра ма? Болымсыз жем шашсаң талайы-ақ теріп кетейін деп отыр. Әр жерден тамырын ұстап байқап жүрміз. М.Әу. ~ Ойымда да, көзімнің алдында да Нағима. Әлгінде шай үстінде ептеп қалжың — қақпай айтып, тамырын басып көргендей болғанмын. Б.Соқп.

Posted in

ТАМЫРЫМЕН ҚҰРТТЫ

Түгін қалдырмай жойып жіберді. ~ Кенесары көтерілісін түп тамырымен құрту жөнінде қазір арнаулы соғыс жоспары жасалып жатыр,— деді Горчаков,— көп ұзамай қарулы күш те шығарылады. І.Ес. ~ Болашақ жауларының ана құрсағында жасырынып қалуынан да сақтанған, жантүршігерлік жазаға ұшыраған халықтың орнына қайта тұқым себер, ұрық төгер барша мүмкіндікті түп тамырымен құртып жіберуге тырысқан. Ғ.Біл.

Posted in

ТАМЫРЫ ШЫМ ЕТТІ

Денесі дір еткендей болды. * Сол отырыстың үстіне төрт-бес жігіт – Баймандар келді. Оларға серпіліп орын берісті. Неге екені белгісіз, найзағай ұшқыны зулап өткендей, Күнікейдің тамыр біткені шым ете түсті. Ж.Айм.