Home » Page 233
Posted in

ТАЛҚЫҒА ТҮСТІ

Көптің таңдауына, сынына қалды. ~ Оның үстіне Ақбілек енді көп арыстың талқысына түспейді, асыл қазынасын бір-ақ кісіге қияды. Ж.Айм.

Posted in

ТАЛҚЫҒА САЛДЫ

Көпшілік ортаға алып сын айтты, пікір білдірді. ~ Уаң қазақтардың өз жезделерін талқыға салғанын Жұмекеңнің жүдеулеу жүзіне, қызараңқы көз жиектеріне қарап– ақ бағамдап, бүгінгі бағыт– бағдарды, біраз аң қаққан соң түс ауа ауылға бет бұратын ойы барын ортаға салған. К.Сег. ~ Мұқан Иманжанов пен мына Мен екеуіміз бір– бірімізге қарама– қарсы екі ұдай баяндама жасап, оған күллі қаламгерлер қосылып, әр алуан, әртарап пікірлер айтып, апталап-айлап таласып жататынбыз. З.Қаб.

Posted in

ТАЛҚАНЫ ТАУСЫЛДЫ

Өмір жасы түгесілді д.м. * — Жасың ұзақ болсын, мені ұмытпасаң, — деп сыбырлады. — Атаңның аты ерттеулі тұр. Тағдыр тартылып, талқан таусылған шығар. Мен сенің марқұм әкеңмен түйдей жастымын ғой. Ш.Мұрт. * «Япыр-ай, өзін-өзі соншама оңашалап, Батырдың талқаны таусылуға таяды ма, немене?» – деген де сөз сыбыр- сыбыр естіліп қала бергелі де біраз уақыт. Н.Дәу. * – Жә, ақсақал, – деді Әбжал көзі алайып. – Жақауратпаңыз өйтіп. Досмағанбеттің талқаны таусылған екен деп, талқаны таусыларда ойнастары тырнадай тізіліп келген екен деп, намазымнан жаңылар жайым жоқ. Н.Дәу.

Posted in

ТАЛҚАН ҚЫЛДЫ

Быт-шытын шығарды. * Намыс қып соғысқанда әскер сайлап, Оқ жауды екі жақтан нажағайлап. Кер жеңіп, талқан қылып үй қазынасын, Криздің өзін ұстап алды байлап. Шәкәрім

Posted in

ТАЛҒАУ ТАПТЫ

Қорек болар бірдеңеге қолы жетті. * Тандыры кепкен өзектер мен тақыр жыралардан қу құлқынға талғау табу үшін зор шыдам керек. Ш.Айт.

Posted in

ТАЛҒАЖАУ ҚЫЛДЫ (ЕТТІ)

Аштан өлместің қамын жасады. * – Бұл «әйтеуір өлмей отырмыз ғой, бір жапырақ нанды талғажау қылып, өлмей отырмыз. Бір жапырақ етке анда-санда аузымыз тиіп…» дейді. Ж.Баб. * Құйғыташапқан құйын күндерді,Талғажау етіп жүр санам. Д.Кәп. * — Ал, қар- рағым, маған қарама. Мен әлгінде ғана шай ішіп, іле түннен қалған сорпасуды да талғажау еткем,— деді ол шалқая еңсесін жиып. М.Сүн. ~ Тузик базардан жаңа әкелген еттің жыпжылы свежыйы болмаса, суып қалғанын иіскемейтін де. Біз тары көжені талғажау етіп жатқанда… Д.Әш.

Posted in

ТАЛАПАЙҒА ТҮСТІ

Басы бәлеге қалды,. ~ Астарындағы көлік талапайға түсіп, әр қазақтың алдында кетті. Ә.Кек. ~ Болат таққа отырып, жұрт ханталапайға аттанып жатқанда: «Жақсы хан таққа мінсе, өзі талапайға түсер, жаман хан таққа отырса, елі талапайға түсер. Осы немеңді бала кезінен білетін едім… Иә, жасық шығар. Иә, пасық шығар. Қайсысы болғанда да, айдарларыңнан жел есе қоймас», – деп анықтап айтқан да жалғыз сен едің. Ә.Кек. ~ — Е, тәйір- ай, елге келген енші ме десем, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететін берекесіз бірдеңе десейші. — Ағайын келесінен аттап, тал түсте талапайға түскен дүниеде не қасиет болушы еді? Қ.Жұм.

Posted in

ТАЛАПАЙҒА САЛДЫ (ТҮСІРДІ)

Тонады, талан-таражға салды, талады. ~ Күйеу бала — Жоламан күйеу дәстүрінің сан түрлі қитұрқы құбыжығынан, ысқаяқ қатындардың ырым — жырымдап талтүсте талапайға салған кәдесінен әупірімдеп зорға құтылып, аппақ үзік — туырлықты он екі қанат үйдің табалдырығынан аттаған- ды. С.См. ~ — Бұ, жүдә, адам дегенді қойсайшы, ә. Жақсы ем пыртнай туфляға таласқандай почташының әкелген тегін хатын да талапайға салады. Ойпыр- ай кимелеп кеп жүдә, жол берсе болар ма?!. М.Сүн. ~ Көтеріліс алғаш бүрк ете қалғанда, халдай біткен бас сауғалап, Шәуешек пен Дөрбілжіндегі бекініске барып тығылды да, желігіп алған қазақтар олардың иесіз қалған мал- мүлкін пышақ үстінен талапайға салып әкетіп жатты. Қ.Жұм. ~ — Дұрыс айтасың, жан-жағыңның анталаған жау екені рас. Еркек кіндіктің бәрін жоңғарға қарсы салады екеңсің, сонда қалған жағыңа қатыныңды қалқан қылмақпысың? Сол жоңғармен қан төгісіп жатқанда былайғы дұшпандарың жан-жақтан жапыра кіріп, арттағы еліңді талапайға салса, қайтпексің? Ә.Кек. ~ Тағы да бір қызыл көз жау шығып, тағы да бір талапайға түсіргенше, қайтадан ызғындай қалаға айналып, қайтадан жұрттың көзін қызықтыра бастайды. Ә.Кек.

Posted in

ТАЛАНЫНА БІТТІ

Маңдайына жазылған тағдырды көрді. ~ Еңбек үшін жаралған екі қолы мен бойындағы күшінен басқа бұл өмірде сенері де, сүйенері де жоқ. Тауыққа шашқан тарыдай, таланына біткен там–түм несібесін теріп жеп, осы дүниеде о да тірлік кешіп жүр. Ә.Нұрп.