Home » Page 234
Posted in

ТАЛАНЫ ТАСТАЙ

Бағы жанбаған, сорлы. ~ Бәкизат оған неғұрлым ыза болған сайын, неғұрлым өзін Әзім алдында кінәлі сезіп еді. Иә, кінәлі: о бастан-ақ бағы жанбаған таланы тастай әйел кімге опа беруші еді; Әзімге де опа бермеді… Ә.Нұрп. ~ Сорлы Хұсайын… Иә, сорлы. Соры шаш етектен. Мына генерал да құдды Хұсайын секілді таланы тастай бақытсыз біреу. Ә.Нұрп.

Posted in

ТАЛАНҒА ТАСТАДЫ

Талауға қалдырды. ~ «Доғар ол ойды осы арадан! Баспаймын оны! Басылмайды. Мені де таланға тастайсың. Сені өзге түгіл өзіңнің екі туып бір қалғандарың талайды. Мен білмейді дейсің бе оны? Жазба! Ажалыңнан бұрын өлесің»,– деді. Т.Жұрт.

Posted in

ТАЛАН-ТАРАЖҒА ТҮСТІ (САЛДЫ, КЕТТІ)

Түбегейлі тонауға ұшыраы.* Сен кеткесін, бар жиғаның талан-таражға түспей ме, сорлы-ау? О.Сәрс. * Жиған дәулетіңді талан-таражға салып, үлестіру оңай. Мықты екенсің, кәне сақтап көр. М.Сүнд. * Өстіп колхоздың астығын талан-таражға салып, шетінен ұрлай берсін дейсіз ғой. С.Мұр. ~ Ж а п п а с б а й. Болмайды. Үкіметтің мүлкін талантаражға сала алмаймын. Дабай, дабай, барыңыз. Т.Ахт. * Ағыбай. Енді, байқағанда қолдан келер не шара бар еді? Бәрі талан-таражға кеткенін білдік пе? Ж.Сүл.. ~ Сонда Шыңғысхан: «Жоқ, білмедіңдер. Қастасқан жауыңды алдыңа салып айдап, қатын, қызын бауырыңа басып құшып, мал-мүлкін талан-тараж етіп тартып алғаннан дүниеде қызық ештеңе жоқ», -деген екен. І.Ес.

Posted in

ТАЛАҚТАЙ ҚАҒЫНДЫ (ТҮТІКТІ)

Жүзі қарайып, түтігіп кетті. ~ Ақмаңдайдың аты аталғанда күлің етіп қуанып кеткен батырдың дөңгелек жүзі гәпке қаныққасын қабынған талақтай қағынып шыға келді. Ә.Кек. ~ Қара моншақтай көздері ашу қысқанда шатынап ұясынан шығып кете жаздайды. Беті көгеріп талақтай қағынып кетеді. Тілі удай ащы. Сонысымен ауыл-үйге сыйымсыз. Ү.Жәл. ~ Толы халықтың ортасында бәрі у-шу болып, жылап-сықтап басылған. Әкесінің жүзі талақтай қағынып, қарайып кетіпті. Ү.Жәл. ~ Оған болмайтын болыс та көкжалдың өзі еді. Өмірі көрмеген мына қорлыққа талақтай түтігіп, қап-қара кек болды да: — Тарт! Мына бұзықты маған көрсетпе! -деп Марданды теуіп қалды. І.Жан.

Posted in

ТАЛАҚТАЙ (ТАЛАҚША) ЖАБЫСТЫ

1. Қыр соңынан қалмады; жабысып алып, айрылмады. * Бұ жолы Шекер өзі барып, құда, күйеу келетінін айтып, Қара бәйбішеге талақша жабысқан соң мейірімі түсіп еді. Ж.Айм. ~ Сатып алушылардың алдын орап, сайтандай сап етіп, талақтай жабыса кететіні болмаса, Жолбасардың жан баласына тигізген зиянын көрмеппін. Д.Қуат. ~ Қалай деріңіз бар ма, біздің ұл бір қызбен танысып жүріп, түбі өзіне серік болмасын сезген соң, бойын аулақ салған ғой. Бірақ қыз талақтай жабысып айрылмайды. Ақыры ырыққа көнбесін біліп, өш алуға бекінеді. Қ.Жұм. * Осы есім бұған талақтай жабысты. Ш.Қүм. ~ «Бәйгеден кейін Ноғайқұлдың өзі кеп талақтай жабысып еді. Ет қызумен бұлдаған екен ғой». Т.Әл.* Кімді кім қорғап, кімді кім алқалап жүре берер. Тек алдап кеткені ғана қинайды-ау. "Тоспа, келмеймін" десе, талақша жабыспас еді ғой. С.Смат. 2. Денесін денесіне тақап, барынша жақын ұстауға тырысты. * Көшеге шықса қолтығына талақша жабысып алатын, аппақ, томашадай, әдемі келіншегін аманаттап отыр. Д. Досж.

Posted in

ТАЛАҚ ТАСТАДЫ

Әйелін тастады, ажырасты. ~ Шаруамды шайқар жайым жоқ. — Талақ тастаса қайтесің? — Ха-ха! Артына қарасын! — Қарамаса шы? — Мейлі, өз обалы өзіне. Оған күйсе, маған пісті. Ж.Нәж.

Posted in

ТАЛАҚ ЕТТІ (ҚЫЛДЫ)

Көзін құртты; құтылды, бас тартты. * Анау боқ мұрын Шоқандардың астындағы ақ селеуді Күнікейдіңастына берер ме еді; Шекер кедейлікті, қорлықты, қойшыны бір күн, бір сағат ішінде талақ қылмас да еді!.. Ж.Айм. * Әуелде балсырадан басқаны талақ қылып еді, енді «эреванды» менсінбей «экстрамен» ғана сұхбаттасып отыр. Қ. Ысқ. Еркектің мұсылман заңымен әйелін тастауы, зайыбымен ажырасуы. ~ Бір сабақ жібің керек емес. Батырқараңды. Қайда барсаң ерік өзіңде. Төркініңе барамысың, әшнажайыңа барамысың, енді боссың, талақ! Талақ еттім, зән талақ! С.Жүн. * Ислам некелі ерлі-зайыптыларды бір шаңырақ астында тату өмір сүруге бұйырады. Дегенмен олардың отбасылық өмірі жараспай, ажырасуды қаласа, ері әйелін талақ етеді. Ә.Дерб. Тастап кетті; дүниеден, өмірден безді; баз кешті.~ Кейін Татьянаның сөзінде және де мұсылмандықұғымнан "талақ етіп бұл ғаламды" дейтін бір түсінікті келтіреді. Немесе бурынырақ кезде бір айтатынымыздай, орыстың дворян қызына қаспақ қырғызады. Қаймақ еді көңілімде, Бізге қаспақ болды жем, — дегізеді. М.Әу. * Ол түн жамылып жат елге бағыт алғандардың көшіне ілесу. Жаның қиналып, жүрегің жараланса да туған жеріңді талақ ету. О.Көш. * Теріс айналып, шөкті де қалды шал байғұс, Талақ етті де бүгіні менен өткенін… М.Мақ. * Қазірден бастап өзге тірлікті талақ етіп, бүтіндей басқа бағытта өмір сүретіндей сезіндім. Т.Әбд.

Posted in

ТАЛАЙЫНА ЖАЗЫЛҒАН

Тағдырдың маңдайына жазғаны д.м. * Қазақтың талайына жазылған санның бірі -16. Оны бұрын да жазғанбыз. Бұл — бір кілтсөз екен. 1916 жылғы қазақтың көтерілісінен соң, бір жыл ішінде Ресей империясына топалаң келіп, патша тақтан құлады, құлады да қызылдар оның орнын басты. С.Дат. * Екі байға тиесің деді ме әлгі сыған? Ғажап қой, Қап, мен де бал аштыруым керек еді. Мен де білейін, талайыма жазылғанын. Ш.Құм.

Posted in

ТАЛАЙДЫ КӨРГЕН (КӨРДІ)

Өмірде көрген қиындықтары аз емес. ~ Жауып жатса, талай дүниенің елесін көз алдына келтіретін сияқты. Ол әлі жас та болса, талайды көрген бала. С.Мұқ. ~ Қызарған екі көздің, алды салбыраған екі ісік дорбаша. Қысқасы, талайды көрген, от пен суды талай кешкен адамның сыңайы. Б.Соқ. ~ Бәйтенде үн жоқ. Оймауыт қоштасарда оның қолын сілкіп қалып: – Ұнжырғаң түспесін,– деді бұйыра сөйлеп. – Аман болсаң, әлі талайды көресің. Т.Әбд.