Қатты қинады. ~ Алдында арыстан күрілдеп тұрса көрер емес. Құрыш, берік адам құдайының алдында мүлде босаған, егіле жылап отыр. Жайшылықта тақымына қыл бұрау салсаң сол жастан бір тамшы тамбас еді. Ғ.Мұс. ~ 1928 жылға келгенде жүрілген байларды тәркілеу талайдың тақымына қыл бұрау салып, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген бір таяқпен бүкіл елді шықпыртты. Ж.Шәк. ~ Тауарих не дейді? Қанға шылап, ақымына қыл бұрау салып, шашырағанды сығып ұста демей ме. Хандық жолына аз құрбандық шалынып па еді. С.См.~ Ертеңіне күйеуінің неге кенет тыныштала қалғанынан сезіктеніп, Ханшайым қасына барған. Көргеннен шошып кеткен. Біреу тақымына қыл бұраумен бұрап жатқандай, тістеніп алып, беті көгілдір тартып, сіресіп қалыпты. І.Ес.
ТАҚЫМЫНА АТ ТИДІ
Атқа мінді. * Атқа жүргені де бір түрлі: тақымына ат тисе болды, әкесінің жаназасына кісі жинап жүргендей, тура шабады. Ғұмыры ат суытпайды. Ж.Нәжім.
ТАҚЫМЫНА (ТАҚЫМҒА) ТОЛМАДЫ
Көңілден шықпады, місе тұтпады, қорашсынды. ~ Арқанбай бригәт Тортай шалды осылай бір ықтырып алғалы бері Көк Әңгі элеваторға бидай таситын балалардың тақымында кетті. Қ.Жұм. ~ — Ахметқан аспай сөйле, таспай сөйле! Даугеріңнің көмейі бүлкілдеген шешен болмағанын қомсындың ба, ел бастаған көсем болмағанын қомсындың ба? Әлде діні басқа, тілі басқа жат жұрт болғаны тақымыңа толмай отыр ма? — деген Қамбар да Ахметқанның сөзін іліп әкетіп. К.Сег. . ~ Өлермен ағайынның дауына ғана емес, өнегелі бір елдің жауына тосар жүзіміз бар еді, дәп бүгін бір ақылын табарсың, табылмаса — болысыңның тақымға толмағаны, игі- жақсыңның оңбағаны! ..Қ.Ысқ.
ТАҚЫМЫН ТОЗДЫРДЫ
Талай көлікті астына мінді д.м. ~ — Бұны «Иманөткелдің» Аманкелдісі айдап апарады. Инженер емес пе, талай мәшиненің тақымын тоздырған. Ұлеке, жүріңіз, кеттік, жолдан қалмайық. Қ.Түм.
ТАҚЫМЫН ҚЫСТЫ
Тақымымен тебініп, атқа шүу-шүуледі. ~ Қара барқын түнде баран мінген жалғыз салт атты көлігін пысық аяңдатып, ауыл шетіне жақындай бере «Жеттім бе, жетпедім бе?» дегендей алдыға қарай еміне ұмсынып, онсыз да жүрісінен көңілін қалдырып көрмеген пырағына тақымын қыса түсті. К.Сег. ~ Чернов тақымын қыса түсті. Тек разъезден ұзап шыққасын ғана ат басын тартты. Ә.Нұрп. ~ Жауынбай қиыстай тартып бүлкілдете жөнелгенде, торушы адам құйғыта шауып, бүйірден қосылды. Жауынбай да Күреңтөбелге тақым қысты. Кәнігі күрең атылған жебедей бір — ақ ырғыды. С.См. Жанкүйер болды. ~ Аңғарғаныңыздай, арқасы қозып тұратын біздің Сары бүгін "Өнер барысында" "Көкжал"мен "Қыран" үшін тақым қысты. БАҚ ("ӘЖ") ~ — Алыста жүрсең де асылдың сынығы — арысымызсың. «Жалғыз баласы атқа шапса, шешесі үйінде отырып тақымын қысады» демекші, сыртыңнан атақ- абыройыңды естіп, тілеулес боп отырмыз. Сені нағашы жұртында қақпай көріп, бірдеңеден тарығып жүр демеймін. Қ.Жұм. Қорқып, жым болды. ~ Кезі келгенде қандай бәлеге болса да шыдайтыныңды бір көрсетсең, бар жауыңжымдай болып тақымын қысады. Әйтпесе емен де, семен де басынып, оңай қоржын қылып алады. М.Әу.
ТАҚЫМЫН ЖАЗДЫ
Атқа еркін отырып, шаба жөнелді. ~ Сәті түскенде, сирек те болса олардың бойын қыздыру үшін ерттеп мініп, ұлан–ғайыр албардың ішінде тақымын жазады. А.См. ~ Сонан соң, тақымын жазып алғысы келгендей, олай-бұлай шапқылап қыр көрсетті. А.Сей. ~ Кейін қарай сырғи түсіп бір жамбастап тақымын жазды. Жайдақ мінген биенің пышақтың қырындай арқасынан жайсыз орын жоқ шығар. С.См.
ТАҚЫМЫН БҰРАДЫ
Қинап, тергеді. ~ Күмән қылатын кісіңіз бар ма? – Болғанмен, тақымын бұрауға қауқарым жоқ… Жалғыз мен емес, барлық елге аян. Қ.Тол.
ТАҚЫМЫН АШТЫРМАДЫ
Жүргізбей қойды, тізгін бермеді, басып озды. ~ «Ойбай, Байшуақтың біз менсінбей жүрген жаман сары байталы Тастайдың атақты Қарасының тақымын аштырмай, бұғалықтап ұстапты». К.Сег.
ТАҚЫМЫ ТОЛМАДЫ
Көңілі толмады; риза болмады. * Біраздан бері осы үйге келгіштеп жүр, не ойы барын айтпайды, әзіргісі құр әзіл… (Күрсініп.) Кім білсін, кедейдің қатыны деп тақымы толмай жүрмесе… Б.Майл. * Құмарым қанбай қойды бір, тақымым толмай, Құмарбек шапқан ертоқым жұртта қалғасын. Д.Кәп. ~ Кешегі жан баласына тақымы толмайтын Дәуітбайларың қазір қалай жүр? – Қара жігіт тағы да төңірегіне қарады. – Бетегеден биік, жусаннан аласа болған жоқ па? Қай ауылнайдың әлі келіп еді соларға? Т.Әбд. ~ Бұл әр рудың басты адамдарына қолайлы. Сондықтан олар енді біріктіруден гөрі бытыратуға құмар. Әрине, әр рудан шыққан алуан-алуан қол бастар батыр, топ жарар шешен бар, бірақ бар рудың тақымы толар, ақылы мен ерлігіне бас ұрар бірде-бір көсемі жоқ. Қала берді, әр жүздің бас иер батыры да жоқ. І.Ес.
ТАҚЫМЫ ТОЗДЫ
Ат үстінде ұзақ отырып шаршады. ~ Жарықтық, көсіліп жатқан баяғы Кеңөріс, етек- жеңі далиған баяғы мол аңғар. Қиғаштай шапсаң, сонау қара жалды ұзын жотаға жеткенше атың ақ көбікке малшынар еді. Ылдилай тартсаң, Бұлғындысайдың бойындағы боз талдарға тірелгенше тақымың тозар. Д.Әш.
