Home » Page 238
Posted in

ТАҚЫР ЖЕРГЕ ҚАРАП ОТЫР

Жоқтыққа ұшырап, күнін әзер кқріп отыр. ~ Анау әке атастырған қыз қандай екен? Әй, ол кәдуілгі салпы етек ауыл қызы ғой. Біздің тақыр жерге қарап отырған әкейді тең көріп, кім кәмелетке келген саңлақ қызын келіндікке ұйғарды дейсің. С.Бег.

Posted in

ТАҚЫМЫҢДА ҚАРТАЙСЫН

Көлігіңнің қызығы ұзағынан болсын д.м. тілек. ~ Бейне бір саржұлдыз өзін келіп тарпа бас салатындай. Күн шыға көзі ілініп кетті. Бір заманда барып сырттағы даңғырлаған дауыстан оянып кетті. Асығыс сыртқа қарай беттеді. Аулада Жаныстың құрбы- құрдастары толып жүр. — Атың ат екен! — Жүрісті болсын! — Міністі болсын! — Тақымыңда қартайсын! — Басын өзің мүжі… Қ.Мүб.

Posted in

ТАҚЫМЫНЫҢ ТЕРІ КЕППЕДІ

Дамыл көрмеді. * Түлкі бұлаң тарихтың нешеме бұрылысында ел азаттығы үшін талай тарланның тақымының тері кеппеді. Е.Тоғж. * Азаттық қазақтың ежелгі арманы еді. Түлкі бұлаң тарихтың нешеме бұрылысында ел азаттығы үшін талай тарланның тақымындағы тер кеппеді. Ат үстінде өткен ғасырлар көп болды. А. Ибр.

Posted in

ТАҚЫМЫНЫҢ ҚҰРЫСЫН ЖАЗДЫ

Атпен шауып, желігін басты. ~ Оның тапсырмасын екі етпей Соппек жиырма шақырым шамасында шауып тақымының құрысын бір жазып еді. Тойханаға жақындағанда Ноғайқұл алдынан шығып, терең сайға құлатып, жартастың қуысына тықты. Т.Әл. ~ Зейнел- Нәбидің сөзі тұпа- тура шын боп шықты. Жанжақтан келген ауыл ағалары: — Өлең қашпас. Астымызда атымыз барда тақымымыздың құрысын жазайық. Тезірек көкпарыңды шығар! — десті. Т.Әл.

Posted in

ТАҚЫМЫНДА ОЙНАДЫ (ОЙНАҚТАДЫ)

Шабандоздың астында ойнақтаған тұлпар ат туралы. ~ Ат, Асқардың әуселесін байқағысы келгендей, тізгінді созып, ауыздықты тістеп алып, басымен сүзіп ала жөнеледі. Баланың тақымында ойнап, екі жағына кезек-кезек ұйтқиды. Ә.Әл. ~ Түс пе әлде өлі мен тірінің арасында сандырақтап жатып санасында көшкен елес пе – әлгіндегі сурет көңіл айнасынан өшпей көлбеңдеп тұрып алды: тақымында ойнақтаған ақбоз арғымақ, жалынды үні аспан астын жаңғыртып қиқулаған Олжас ақын, көсілген кең дала… – бәрі-бәрі көз алдынан кетер емес. Т.Сәу. ~ Бел омыртқасы үзіліп, бұралаңдап құлап түссе, бұдан да гөрі бұғанасы берік біреуге аударып теңдей салуы мүмкін. Онда бақ та, тақ та басқаның тақымында ойнақтап кеткен арғымақтай өзіне қайта оралар ма? С.См. ~ Обалы қане, аянған жоқ. Талайын тақымында ойнатты. Бұғалыққа көнбегенін буындырып өлтірді. Ж.Шәк.

Posted in

ТАҚЫМЫНДА КЕТТІ

Атын біреу иеленіп кетті. ~ Арқанбай бригәт Тортай шалды осылай бір ықтырып алғалы бері Көк Әңгі элеваторға бидай таситын балалардың тақымында кетті. Ш.Мұр. ~ Сарысу бойын шаңдатқан Керей, Уақ, Тарақты жылқысын азулары алты қарыс Арғын, Қыпшақ, Қоңырат, Найманның тақымында кетті. Ә.Кек. ~ Қас жүйрік қыпшақ ұлдың тақымында кеткенде түрікпендер жер сабалап қалды. Ер қанаты аты өлсе, адамнан кем көрмей, көр қазып жерлейтін; ең асыл тұқымының жалын тірі жанға сипатпай, ерен құпия сақтайтын; қисапсыз қазынаға айырбастамас, антқа берік текежәуміт, ата мал айғырын өлсе сатпайтын; астындағы атын жанынан, қойнындағы қатынынан артық көретін; айтулы батырлары ұрыста өлген атының басын ардақтап биік тауға қоятын, тұлпардан айрылуды өлімнен кем көрмейтін қайсар қазақ, түбі ер түрік оғыз- қыпшақ нәсілі жылқы десе еліріп, шалық шалғаннан бетер есі кетеді. А.Кем.

Posted in

ТАҚЫМЫНАН СОЙЫЛ ТҮСПЕДІ

Қарақшылықпен айналысатын баукеспе ұры. ~ Ол төрт аяқты тағыдан басқа тірі мақұлық жорытпас елсіз түздерде, әсіресе, тақымынан сойылы түспейтін, сойылының қаны кеппейтін жортуылшылармен жиі ұшырасатын. Ә.Кек.

Posted in

ТАҚЫМЫНА ТИМЕДІ

Бұйырмады, меншіктей алмады. ~ Дүниеде өзінің малы өзіне бұйырмағаны жанға қатты батады екен. Көк әңгі, арам да болса, Тортайдың өз малы ғой. Сол есек мына егін орағы басталғалы бері иесінің тақымына тимейтін болды. Ш.Мұр.

Posted in

ТАҚЫМЫНА ТАР КЕЛДІ

Көңілі толмады, олқысынды. ~ – Тастай мені тақымына тар келді демес! Тар келеді демесе, қалыңын қалағанынша алсын! Қолынан қақпан. «Мал береді, ол аз болса, жан береді» де. К.Сег.

Posted in

ТАҚЫМЫНА СЫЙМАДЫ

Бұйырмады. * … бедеу торыны ендігі көште Күнікей тағы мініп шыққанда, өз сыбағасына өзі құлдық ұратын құла ауыздар көлденеңнен көз салып: — Шекердің қызы мына өнерімен әкетті-ау! Әйтпесе кедейдің тақымына сыятын жануар емес еді,— десті. Ж.Айм.